Home » Білім және тұлға » Әріп танытып, санауды үйреткен

Әріп танытып, санауды үйреткен

Батыс қазақстандық педагог, бастауыш сынып оқытушысы Гүлмайра Төлеуова өзінің ширек ғасырдан астам ұстаздық қызметінде биік белестерден көрініп үлгерді.

Ұстаз – ұлы есім. Оның алдынан дәріс алып, бас имеген ұрпақ жоқ. Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беретін бала жанының бағбаны – мұғалімнің ары таза, адал, ой-өрісі кең, жан-жақты білімді, өз мамандығына сай, оны сүйетін, өз оқушыларына беделді, ұжым арасына сыйлы болуы шарт. Ұстаз – үлкен жүк арқалаушы, елдің болашағына жол нұсқаушы.

Қазіргі қоғам бізден ақыл-ойы дамыған, шығармашыл, қабілетті, іскер, зиялы азаматтарды тәрбиелеуді талап етсе, осы талап үдесінен шығып жүрген мамандардың қатарына осы ұлы есімнің иесі – облысымыздағы Қазталов ауданы, Көктерек ауылындағы І санатты бастауыш сынып мұғалімі, педагог-зерттеуші, ІІ деңгейлі сертификатталушы, мектеп тренері  Гүлмайра Өтепқызы. Ол 25 жылдан астам білім саласында қызмет еткен уақыт ішінде талай  шәкіртке  терең білім, тағылымды тәрбие беруде тиянақты, жемісті еңбегімен жоғары биіктерден көрініп келеді.

Ұстаз алғашқы күннен-ақ әріп танытып, санауды үйретіп, алдына келген бүлдіршіндерге өзінің бар білгенін меңгертеді. Білім көзі – бастауышта. Осы қағиданы берік ұстанған кейіпкеріміз оқу бөлмесін оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай жабдықтап, жұмысын жандандыра жүргізеді. Биязы мінезімен, терең білімімен оқушыларын тез үйіріп алатын тәжірибелі ұстаздың әр сабағы мәнді, заман талабына сай өтеді. Партада отырған кішкене жүректерді тебірентіп, қиялымен қырандай қияға ұшырып, тәлім берген ұстаздың еңбегін шәкірттері де ақтады. Мәселен,  Асыл Қалиоллина – «Кенгуру» халықаралық олимпиадасынан ІІ орынды, ХІІ облыстық зияткерлік «Зерде — 2019» марафон-турнирінде  – Адина мен Ағила Қабаевалар, Өркен  Серікқалиұлы ІІ орынды, Аружан Нәдір – ІІІ орынды, аудандық пән олимпиадасында «Дүниетану» пәні бойынша – Адина Қабаева ІІІ орынды иеленді. 2018 жылғы мектеп түлектері Аяжан Аманғалиева, Әсем Суншалиева, Гүлнұр Батырбекова «Алтын белгі» иегерлері атанса, ұстаздың 13 шәкірті жоғары оқу орнының мемлекеттік грантын жеңіп алды.

Шәкірттері осындай жеңістерді бағындырған ұлағатты ұстаздың еңбегі елеусіз қалмады. Аудан, облыс көлемінде іс-тәжірибесі таратылып, аудандық білім беру бөлімінің, аудан әкімінің, сондай-ақ халықаралық деңгейде шәкірт тәрбиелегені үшін алғыс хаттармен марапатталды.

«Мұғалім өн бойына, өз ісіне педагогикалық сапа мен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті жинақтаса ғана ол – нағыз ұстаз» деп Л.Толстой айтқандай, осы тамаша қасиеттерді бойына жинақтаған ұстаздың еңбегі қандай құрметке де лайық.

 

Үміткер ЖҰМАКЕЛДІҰЛЫ,

БҚО, Қазталов ауданы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.