Әр отбасы жеке мемлекет. Ол мемлекеттің іргетасын қалаушы, басқарушы – отағасы, әке. Отбасының рухани, материалдық жағынан құлдырамай, мықты болуы әкеге байланысты. Алайда, әке болу бар да, әке бола білу тағы бар. Өкініштісі бала тәрбиесіне келгенде көп жағдайда отанасына ысыра салатын әкелер жетерлік. Әкелеріміз бізге кезінде қандай ақыл, өнеге айтты, сол тәрибені біз өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізуіміз керек деп есептеймін. Әке тек қана ақылымен, сөзімен ғана емес, баласына жүріс тұрысымен, мінез- құлқымен тәрбие беруге тырысу керек.
Осы орайда 9 ақпан күні мектебімізде «Әкеге қарап, ұл өсер» атты отбасылық өнер сайысы жоғары деңгейде өткізілді. Бұл сайыстың басты мақсаты: «Біртұтас тәрбие бағдарламасының» аясында жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу. Қазіргі уақытта үлкен мәселеге айналған әке мен бала арасындағы отбасы құндылығын арттыру.
Сайыс бес кезеңнен тұрды. І кезең — «Әдебі жақсының — сәлемі жақсы» таныстыру; ІІ кезең — «Өнерліге өріс кең» ұлттық бағытта өнер көрсету; ІІІ кезең — «Ата мұра-асыл қазынаң» қамшы өру; ІV кезең — «Ойлы болсаң озып көр» сұрақ-жауап; V кезең — «Ата көрген оқ жонар» ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымын жасап келу. Әділқазылар алқасы құрамында Жетісу аудандық білім бөлімінің әдіскері — Наймангельдиева Гүлшарат Қойшыбайқызы, «Қанат» өнер-білім орталығының директоры, дәстүрлі әнші — Әмірханов Қанат Қуанышұлы, «Алматы дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының маманы – Венера Ғалымқызы, Жетісу ауданы №9 Оқушылар үйінің әдіскері — Алдакеев Дүйсенбай Солтанович, мектебіміздің тарих пәні мұғалімі — Исаев Нұрлыбек Қожабайұлы өз бағаларын берді.
Сайысқа қатысушыларға жеребе тартылып, берілген реттік нөмір бойынша өнер көрсетті. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, БАС Жүлдені 9 «Ә» сыныбынан, әкесі — Асылбаев Алмас, баласы — Көшімхан Ералы иеленді. Бірінші орын — 9 «В» сыныбынан атасы — Смағұлов Фархат, баласы — Малек Нұркелді. Екінші орын — 11 «Б» сыныбынан әкесі — Абдраманов Нұрқұлан, баласы — Асан Бекаман; 8 «Д» сыныбынан әкесі — Алматов Қанат, баласы — Зкрия Нурали. Үшінші орын — 8 «Б» сыныбы әкесі — Нұртаев Алпамыс, баласы — Жакеев Алижан; 8 «Г» сыныбы әкесі — Жұбанышов Әбдімәлік, баласы — Жұбатқан Абай; 11 «Б» сыныбы әкесі — Жаркен Берік, баласы — Берікұлы Семсер. Жұмысбастылықтан арылып әкенің баласына аз ғана уақыт бөліп, мейірімге бөлеуі. Баланың әкесіне деген сүйіспеншілігін арттырып, отбасы татулығын сақтау. Бұл өнер сайысының жоғары дәрежеде өтуі әке мен бала арасындағы сүйіспеншілік пен отбасы құндылығын арттырары анық.
Алматы қаласы Жетісу ауданы,
№177 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,
Шаздан Орынбасар Бахытжанұлы