Home » Жаңалықтар » ЗАМАНҒА САЙ ТӘРБИЕШІ – КӘСІБИ МАМАН

ЗАМАНҒА САЙ ТӘРБИЕШІ – КӘСІБИ МАМАН

   Түрксіб аудандық білім бөлімі мектепке дейінгі білім мекемесіндегі тәрбиеші-педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруды уақыт талабына сай жаңғыртуда. Білім бөлімі жанынан мобильді топ жасақталып, ауданға қарасты 23 балабақшада арнайы семинардың ұйымдастырылуын, тәрбиешілердің тәжірибе алмасуын басшылыққа алуда.

Жуырда осындай мақсатты көздеген Түрксіб аудандық семинары №118 бөбекжай-балабақшасында ұйымдастырылды. Есіктен енгеннен жанға жайлылық сезілген еді, бекер болмаған екен. Балабақша меңгерушісі Райхан Қапашқызы бастаған ұжым іс-шараға келгендерге қонақжайлылық көрсетіп, ілтпатпен қарсы алды. 6 топқа бөлінген 155 баламен  мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие берудің стандарты бойынша жұмыс жасап келе жатқан  он тәрбиешінің кәсібиліктері әр ісінен байқалып тұрды. Қонақтар жайғасып, іс-шара басталған соң балабақша әдіскері әрі психологы Гүлнар Сағидоллақызы семинардың мәнін-мақсатын түсіндіріп өтті. Балабақша меңгерушісі Райхан Алмабаева кіріспе сөзін айтып:
         — Балабақша баланың жан-жақты қабілетті ұрпақ болып өсуінің алғышарты болса, тәрбиешінің ізденімпаздығы, жаңашылдығы, креативті ойлары, әдістемесіндегі ерекшеліктері – баланың жүрегіне жол табудың бірден бір тәсілі. Білікті маман, білімді педагог болу үшін үздіксіз ізденіп, заман талабына сай жаңарып отыру керек. Іс-әрекетінде жаңа әдістерді қолдана отырып түрлендіре білу нәтижеге жеткізеді. Яғни педагог қаншалықты білімді, шығармашыл болса оның жұмысындағы жетістіктер  де соғұрлым мол болмақ. Бұл аудандық семинардың өтуі де сол есептен, — деді сөзін жалғап.

Қосымша білім беру педагогінің кәсіби құзыреттілігін арттыру мақсатымен  өткен семинарда  логопед, дене шынықтыру нұсқаушысы және музыка жетекшісінің шеберлік сабақтары өтті. Алдымен дене шынықтыру нұсқаушысы Олжас Рахмет оқыту барысындағы іс-тәжірибесін көрсетті. Дұрыс тыныс алу жаттығуынан бастап доппен, қолшатырмен, сандармен ойнатты. Ойната жүріп балалардың ойлау қабілетін дамытуға да назар салды.  Ал логопед Жазира Алдабергенованың сабағы «Сс» әрпін дұрыс айтуға бағытталды. Сабаққа балалардың сүйікті мульткейіпкері Маша қатысып, жаңа әріпті меңгертуге қызығушылықтарын арттырды. «С» әрпін айтқан кезде тілдің, жақтың қозғалысын көрнекілік арқылы көрсете отырып, С дыбысы бар суреттерге талдау жасады.  Педагог-зерттеуші балалардың артикуляциялық  жаттығулар арқылы дыбыстарды анық айтуға, көзбен көргенін есте сақтап қалуға, қабілеттерін дамытуға мейлінше ден қойды.

Ал дәстүрден тыс музыкалық аспаптар арқылы сабағын өткізген музыка жетекшісі Гүлжан Мәлікқызының шеберлігі сүйсінтті. Аспапта ойнау арқылы балалардың эстетикалық қабылдау, есте сақтау сезімдерін дамытуды маөсат еткен сабақта бүлдіршіндер күнделікті қолданыстағы заттармен әуен ойнады.  Қасықтан, киім ілгіштен, түймеден, пластикалық бөтелке мен ыдыстардан, целлофан пакеттен, асықтан аспап жасап ойнаған балдырғандардың музыкалық зейіні, ырғақты үйлесімі таң-тамаша қалдырды. Семинарға қатысқандар педагогтің шеберлігін, кретивті ойы мен шығармашылығын баса айтып, қажетті тұсын түртіп алып жатты.
      -Бүгінде балабақшада тәрбиешілердің ұстанымы өзгеше, олар балаларға басшы сияқты емес білім беру қызметінің тең қатысушысы ретінде бола алуы керек. Мұндай тәсіл баланың интеллектуалды қабілеттілігін айтарлықтай дамытады. Балалардың мінезін қалыптастыруға, логикалық ойлауы мен дүниетанымын дамытуға мүмкіндік береді. Яғни бала үшін жайлы орта – ол дамушы орта болмақ. Сондықтан, осындай семинарлар арқылы тәжірибе алмасып, білмегенін біліп қайтуға мүмкіндік туғызып жатырмыз, — дейді мобильді топтың жетекшісі Шолпан Өтепбергенқызы.

Иә, уақыт бізден бала тәрбиесіндегі құндылықтарға  жаңа қырынан

қарауды талап етіп отыр. Баланың бас ұстазы — ата-ана десек те, балабақша мен мектептегі басты тұлға – педагог екендігі даусыз. Тіпті қазіргі ақпараттық жүйе алға шығып, заманауи технолониялар қарыштап дамыса да балабақшадағы тәрбиешінің рөлін еш нәрсемен ауыстыруға болмайтынын халықаралық тәжірибелер алға тартуда. Белгілі педагог Я.Корчак «Баланы қалай сүю керек?» деген еңбегінде:  «Нағыз тәрбиеші бұғау салмайды, еркіндік береді. Басымдық көрсетпейді, мақтап-мадақтайды, бұйырмайды – үйретеді, талап етпейді — сұрайды» деген екен.  Еліміздің болашағы саналатын әр баланың балалық шағын бақытқа толтыруға тырысқан іс-шараны осыдан артық түйіндей алмаспын.

Меруерт Мәулетқызы     
БІЛІМ АЙНАСЫ
Алматы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.