Наурыз мерекесі – елімізді мекендеген бүкіл халықтың, ұлт пен ұлыстың сағынып күтетін ортақ мерекесі. Бүгінде бұл мереке жаңа мазмұнмен, жарасымды сән-салтанатымен түрленіп өткізілуде.
2024 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Наурыз мерекесі жаңа форматта өтетін болды. Яғни, 14-23 наурыз аралығы «Наурызнама» деп аталып, бұл кезеңде 10 күн бойы түрлі іс-шаралар аталып өтеді.
«Наурызнама» онкүндігінде елдің барлық аймақтарында ұлттық киімді, өнерді насихаттау мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар мәдениетті, спортты, өнерді және ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған бағдарламалар өткізіледі. Осы мақсатта ағымдағы жылдың 20 наурызында Наурызбай ауданы №176 мектеп-гимназияда ұлттық спортты, өнерді (күй тарту, би билеу) және ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды.
Негізгі іс-шараның бірі – ұлттық спорт күніне орай 100 ден астам оқушының қатысуымен өткізілген спорттық ойындар жарысы. Мектеп спорт залында жасөспірімдер арасында асық ату, тоғызқұмалақ, бестас (шекемтас), қол күрес, ләңгі тебу, арқан тарту, ханталапай, тымақ ұру, қазан асық ойындарынан жарыс өткізілді. Мақсаты – ұлттық спортты дамыту, оқушылар арасында насихаттау, ойын арқылы балалардың қимыл іс-әрекетін дамыту. Арнайы шақырылған қонақтардың ішінде боксшы, халықаралық спорт шебері, Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Сағиұлы Ыбрайымов келіп, оқушылармен бірге асық ату ойынын ойнады.
«Наурызнама» аясында ұлттық құндылығымызды насихаттауда ұрпақ тәрбиесіне қатысты маңызды іс-шара – «Қыз ұлттың айнасы» атты қыздар арасындағы байқау. Аталған байқаудың мақсаты – қазақ қызының бойындағы ұлттық дәстүрімізге сай әдептілік, көріктілік, ептілік, инабаттылық, кішіпейілділік, сұлулық т.б. жан-жақты ұлттық қасиеттерін таныта білу, қазақ халқының ұлттық өнерін, салт-дәстүрін дәріптеуге үйрету. Байқау қыз тәрбиесінің маңыздылығын әрдайым еске салып, ұлт тәрбиесінде иманды да ұлағатты, ізетті де инабатты қыз тәрбиелеудің аса маңызды екенін еске салып тұрғандай.
«Наурызнама» аясында мектебімізден құрылған «Жігер» домбырашылар ансамблі (көркемдік жетекшісі Сатыбаев Серік) «Күмбірле, домбыра» атты күй челленджін Алматы қаласы білім беру ұйымдарына жолдаса, 1-5 сынып оқушылары «Қара жорға» (көркемдік жетекшісі Маханбетова Жеңіскүл) биін биледі.
«Наурызнамаға» арнайы шақырылған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің фил.ғ.к., өнер зерттеушісі Сағатбек Медеубекұлы мерекемен құттықтап, мектеп кітапханасына бірнеше кітаптарды сыйға тартты.
Қорыта келе, биылғы Наурыз мерекесі жаңа форматта ұлттық жаңа жыл мерекесі ретінде өте жоғары деңгейде жоспарланған. Наурызнама аясында өткізілген іс-шаралар ұлттық, рухани құндылығымыз бен өнерді және спортты дамытуға, насихаттауға арналды.
САДИРКУЛОВА Гулима Салкинбековна
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
АХМЕТОВА Назира Елубайқызы
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Алматы қаласы, №176 мектеп-гимназия