Home » Балабақша » Балабақшада психологиялық ахуал қандай?

Балабақшада психологиялық ахуал қандай?

6 наурыз күні Наурызбай ауданындағы №194 бөбекжай-балабақшасында «Балабақшада психологиялық-педагогикалық жағымды қарым-қатынас орнату жолдары» атты аудандық семинар өтті. Оған аталған ауданның білім бөлімінің басшысы Салтанат Құсайынова мен Алматы қаласы әдістемелік орталығының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің жетекшісі Раушан Тумаева, бас маман Маншук Зеитова қатысты.
Семинарда Салтанат Құсайынова қазіргі таңда тәрбиешілердің психологиялық жағдайы балаларға төзімсіз екенін айтты.
-Балабақшада жағымды қарым-қатынас орнату — біздің, балабақшаның табалдырығын аттағаннан басталуы керек. Жалпы, тәрбиешілер психологиялық жағынан жан-жақты дайын, кез келген стреске төзімді, біреудің жағдайын түсіне алатын және өзінің басынан өтіп жатқан жағдайды жұмысымен араластырмайтын адам болуы керек деп ойлаймын. Қазір тәрбиешілердің психологиялық жағдайы балаларға төзімсіз. Әр кім өзінің міндетін жақсы түсінсе, өзінің миссиясын білетін болса, жұмысында олқылық жібермейді,- деді Салтанат Құсайынова.
Семинар барысында №194 бөбекжай-балабақшасының психологы Айгүл Бекқожаева қатысушыларға түрілі ойын ойнатты. Сондай-ақ, балаларға өздерінің отбасының суретін салдыру арқылы олардың психологиялық ахуалы көрсетілді, балабақшалардығы әр түрлі орын алып жатқан келеңсіздіктерді болдырмау жолдары туралы пікір алмасып, оны шешу жолдары қарастырылды.
— Бүгінгі семинардан балабақшадағы психологиялық ахуалды жетілдіру керек екені байқалып тұр. Әрбір психолог тек баламен ғана емес, ата-анамен де жұмыс істейді. Сондықтан, психолог балабақшадағы ахуалды жақсартып, дұрыс жолға қоятын маман болып табылады. Негізі семинарда көрсетілген ойын тәсілдері жақсы таңдалған. Бірақ баланың іс-әрекетіне қандай кері байланыс беру қажеттігі, ситуациядан қалай шығады, психолог ретінде қандай кеңес беру керектігі толығырақ қамтылғаны дұрыс болар еді. Ал былай барлығы жақсы ұйымдастырылған,-дейді Алматы қаласы әдістемелік орталығының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің жетекшісі Раушан Тумаева.
№45 бөбекжай-балабақшасының әдіскері Сәуле Сагиева семинар көңілінен шыққанын, тәжірибе жинау үшін мұндай жиындар қажеттігін айтты.

«Bilim ainasy»,
Есен Елекен,
Алматы қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.