Алматы қаласы білім басқармасының қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы мектепке дейінгі ұйым педагогтеріне арналған «Мектепке дейінгі білім берудегі заманауи технологиялар: Өзекті мәселелер мен тиімді нәтижелер» тақырыбында өңірлік семинар ұйымдастырды. Бұл жиын Әуезов ауданындағы №190 бөбекжай-балабақшасында өтті.
Құзыреттілік орталықтардың озық іс-тәжірибелерін тарату мақсатында өткен іс-шараға Оқу-ағарту министрлігінің балаларды ерте дамыту институтының мамандары, өңірлік білім басқармаларының жауапты мамандары, облыстық, қалалық әдістемелік орталықтар кабинеттердің әдіскерлері, мектепке дейінгі ұйым басшылары, әдіскерлер, тәрбиешілері мен педагогтер қатысты.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сапасын арттыруға бағытталған инновациялық технологиялар, тиімді әдіс-тәсілдер, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыстың заманауи тәсілдері мен заттық дамытушы орта құру мәселелері бойынша Алматы қаласы, Алматы, Жетісу, Жамбыл облыстарының педагогтері үздік тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар барысында Жетісу облысы Талдықорған қаласы №45 бөбекжай-балабақшасының әдіскері
Атманова Эльмира Ыкыласовна мектепке дейінгі ұйымның отбасымен өзара ынтымақтастығын орнатуда
“Әкелер мектебін” құру туралы жобасын таныстырылды. Бала тәрбиесіндегі “әкенің рөлі” ерекше екенін түсіндіру мақсатында балабақшада дөңгелек үстел, “әке жолы- ізгі жол” челленджі өткізілген. Жобаның негізі мақсаттарының бірі — балабақша, бала, ата-ана одағының нығаюы және бірлесіп биік белестерді бағындыру.
Алматы қаласы №156 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Жунусова Карлыга Асанкуловна
“Детективті зертхана” — жобасын таныстырды. Бұл жоба тоғыз айлық мерзімді қамтиды және мақсаты баланың табиғатпен бірге өсуі, қоршаған ортаны жақсы көруіне ықпал ету.
—Жоба баланың ізденімпаз болуына, жан-жақты дамуына өз ықпалын тигізеді, — дейді Карлыга Асанкуловна.
№190 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Мошекенова Айман Руслановна
Балабақшада сапалы қызмет көрсетудің басымдылығы туралы сөз қозғады. “ҚББЖТҒӘО” мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің әдіскері, семинар модераторы Базарбаева Альмира Маратовна: «Бүгінгі №190 балабақшада өтіп жатқан семинар «Балабақшадағы әдістемелік қызмет және заманауи көзқарас» бағыты бойынша жүргізілді. Семинар жұмысы педагогтерге мектепке дейінгі білім беру саласындағы озық тәжірибелерін талқылауға және бөлісуге мүмкіндік берді. Бұл жұмыстардың барлығы педагогтер сіздер үшін жасалып жатыр. Балабақша – тәрбие мен білімнің алғашқы баспалдағы. Сондықтан, заттық-кеңістіктік дамытушы ортаны ұйымдастыру маңызды. Егемен еліміздің талабына сай мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру, қазіргі заманға сай білімді де тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу білімді, жан-жақты тәрбиешілердің еншісінде. Жаңа заман баласы-ертеңгі еліміздің болашағы — дейді.
Жалпы, семинарға Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жетісу, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласынан барлығы 110 педагог қатысты.
«Bilim ainasy»,
Ақерке Амангелдіқызы,
Алматы қаласынан