Home » Жаңалықтар » «Мектеп өмірге үйретеді»

«Мектеп өмірге үйретеді»

Жуырда Алматы қаласы Медеу аудандық №19 жалпы білім беретін мектебінде қалалық ғылыми-әдістемелік орталықтың  қолдауымен “Алматы мектебі» және «Біртұтас тәрбие» бағдарламаларын іске асыру шеңберінде «Мектеп өмірге үйретеді» атты қалалық семинар ұйымдастырылды.

—Білім беру сапасын жақсартуға ықпал ететін қолайлы әлеуметтік-педагогикалық жағдайлар жасау, білім алушылардың бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру үшін орта құру, баланы мектептен кейінгі өмірге дайындау, шыңдау — бүгінгі семинардың негізгі мақсаты,-деді семинарда сөз бастаған мектеп директоры Айымгүл Имангалиева.

Семинардың теориялық бөлімінде Индонезия мемлекеттік Джокьякарт университетінің және Абай атындағы ҚазҰПУ докторанты, №19 жалпы білім беретін мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Гүлдана Бегимбетова «Алматы мектебі» жобасы аясында білім беру ортасын “SACERS” шкаласы арқылы бағалау мен өлшеуді түсіндірді.  Сондай-ақ, семинарда  №19 жалпы білім беретін мектебінің оқу-тәрбие процесіне Финляндия, Эстония мектептерінің жобаларын енгізу туралы панельдік пікірталас өткізілді.

Семинар барысында қазақ тілі, математика, орыс тілі, алгебра, қазақстан тарихы, шет тілі пәндерінен ашық сабақтар өтті. «Музей күні» жобасы аясында орталық мемлекеттік мұражаймен бірлесіп, жұмыстар жасалған. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша да «дәстүрлер мен өнер» сәндік-қолданбалы өнер көрмесі дайындалған. Сәндік-қолданбалы өнер көрмесінде қыздар өздері дизайнын сызып, тіккен көйлектерін таныстырса, жігіттер қолөнерлерін көрсетті.

Семинар соңында “Балдаурен” оқушылар хоры аналарға арнап ән шырқады.

Қала мектептерінен келген мұғалімдер дән риза екендерін айтты.
Олар №19 жалпы білім беретін мектебінің гимназия болуға сұранып-ақ тұрғанын атап өтті. Сонымен қатар, мектеп басшысына, мектеп ұжымына және мектеп оқушыларынан құралған мектеп парламентіне өз ризашылықтарын білдірді.
—Айымгуль Даурбековна мен ол кісінің армиясының талай белестерді бағындырарына сенеміз,-деді шара соңында қала мектептерінің меңгерушілері.

«Bilim ainasy»,
Ақерке Амангелдіқызы,
Алматы қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.