Бүгін, 5 наурыз күні Алматы қаласы Түркісіб ауданындағы №187 бөбекжай-балабақшасында «Мектепке дейінгі білім берудегі заманауи технологиялар: Өзекті мәселелер мен тиімді нәтижелер» тақырыбында республикалық семинар өткізілді. Оған балаларды ерте дамыту институты директорының орынбасары Мария Ерманова қатысып, балабақшадағы мәселелерді сөз етті.
Мария Ерманова педагогтар тарапынан жіберіліп жатқан қателіктерді айтып, білім сапасын одан әрі жақсарту қажеттігін жеткізді.
-Өздеріңіз білесіздер, қазір мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуда өзекті мәселелер бар. Педагогтардың жіберіп жатқан, «әттеген-ай!» дегізетін қателіктері жоқ емес. Бұл — бір. Екіншіден, балалардың қауіпсіздігіне байланысты көптеген жайт та болып жатыр. Сондықтан біз балалардың қауіпсіздігін сақтау бойынша бағдарлама мен әдістемелік нұсқаулық әзірлеп жатырмыз. Жақын күндері дайын болады. Жалпы, білім сапасын арттыру мақсатында 2022 жылы құзыретті орталықтар ашылған болатын. Енді осы жылы бірінші рет республикалық деңгейде осындай семинар өткізіліп отыр. Осы жиында әрбір өңірдің атқарып отырған жұмыстарымен танысатын боласыздар, -деді Мария Ерманова.
Алматы қаласы әдістемелік орталығының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің жетекшісі Раушан Тумаева бұл семинар құзыретті орталықтардың озық іс-тәжірибесін тарату мақсатында ұйымдастырылып отырғанын айтады.
— Балалардың әлеуетін арттыруға байланысты үлгілі оқу бағдарламасындағы өзгерістерді педагогтар қалай меңгеріп жатыр? Мектепке дейінгі ұйымдарда қандай жаңашылдық бар? Бүгінгі семинарда осылар көрсетілетін болады,- деді Раушан Тумаева.
Семинарда әр өңірден келген балабақша педагогтары жұмыс барысында қолданып жүрген әдіс-тәсілдерін көрсетті.
— Бұл семинарда мен балалармен қандай ойын өткізуге болатыны жайылы шеберлік сағатын өткіздім. Онда балалардың ойлау қабілетін, қиялын дамытуға және креативті ойлауға бағытталған ойын әрекетін көрсеттім. Өзім де әріптестерімнен көргенімді жұмысымда қолданатын боламын, -дейді Тараз қаласы №28 бөбекжай-балабақшасының әдіскері Мөлдір Шералиева.
№187 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Фарида Омарбекова өткен жылы Сингапур еліне барып келгендерін, ол жақтағы тәжірибені ұлттық құндылыққа негіздеп пайдаланамыз деп отыр.
— Баланы дамыту үшін қандай ресурс пайдалану керектігін шет ел тәжірибесінен көріп келдік. Енді осыны біз ұлттық құндылыққа биімдеп, кәдемізге жаратамыз. 2-6 жас — балалардың даму кезеңі. Дәл осы кезеңде балаларды жан-жақты дамыта білуіміз керек. Біз әр балаға — бала ретінде емес, тұлға ретінде қарауымыз қажет,- деді Фарида Омарбекова.
«Bilim ainasy»,
Есен Елекен,
Алматы қаласы