Жуырда Алматы қаласы Медеу аудандық №156 бөбекжай- балабақшасында қонақта болдық. Карлыга Асанкуловна бастаған ұжымымен жақыннан таныстық.
Мектепке дейінгі білім беру саласының басты міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбие беру үрдісіне заманауи әдістерін енгізу. Әрине, бұл үшін мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде балалардың жеке басының қалыптасуы мен дамуына педагогтардың заманауи инновациялық технологияларды қолдана білу сауаттылығына да байланысты.
Ал №156 балабақша ұжымы бұл міндетті жақсы атқарып отыр десек қателеспейміз. Себебі балалар тәрбиешілерімен бірге робототехника, қолөнер, қыш құмыралар, гипстан әртүрлі заттар жасау және бояу әдістерін үйренеді.
Балабақша ұжымы робототехникамен үш жылдың көлемінде айналысып келе жатыр. Балабақша меңгерушісі осы саланың халықаралық деңгейдегі тренері және балабақшаның бес тәрбиешісі де осы саланы оқып, сертификат алған. Қазіргі таңда балабақшада балалармен робототехника саласы бойынша толыққанды жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Нәтиже де жоқ емес.
2023 жылы Қарағанды қаласында өткен “ROBOT MOUSE” мектепке дейінгі робототехника және бағдарламау бойынша V ашық қалалық турнирінде балабақша тәрбиеленушілері Оразғали Хамза Ұларұлы мен Совет Айлин Талғатқызы екінші орын иеленсе, халықаралық жарыстан сегізінші орын алған. Бұл — балалардың, жетекшінің, ұжымның бірлігі, еңбегінің жемісі.
Робототехниканың жас шеберлері Хамза мен Айлин: “Балабақшаға, апайларымызға, Карлыга Асанкуловнаға рахмет! Робототехника — қызықты, бізге өте қатты ұнайды” — деді.
-Менің кенже ұлым Хамза осы балабақшада болған. Қазір бірінші сыныпта оқиды. Осы балабақшада жаңа басшылық келгеннен бастап робототехника пәні енгізілді. Бұл бастама өте жақсы болды. Робототехника балаларға қажет деп ойлаймын. Себебі балалар заман талабына сай дамып, жетілу керек. Бұндай пән әрбір балабақшада болса екен деген пікірдемін. Біздің балаларға өте қажет нәрсе. Бүлдіршіндеріміз жетіле берсін. Басшылыққа рахмет айтқым келеді” , — деп Хамзаның әкесі Ұлар Мұқажанов өз ойымен бөлісті.
Балабақша қабырғасында үштік одақ жұмысының жақсы екенінің бір көрінісі ата-аналардың іс-шараларға қатысуынан және балалармен бірге роботтар құрастырып, құмыра жасағандарынан-ақ байқауға болады.
«Bilim Ainasy»,
Алматы қаласынан,
Ақерке Амангелдіқызы