Жақында Алматы қаласы №97 бөбекжай-балабақшасында “Табиғаттың бір кереметі” тақырыбында семинар өтті.
Семинарда балабақша ұжымы мектеп жасына дейінгі балалардың экологиялық білімі қоршаған әлемді сүюге, түсінуге, оған ұқыпты қарауға тәрбиелеу — семинардың басты мақсаты екенін айтты.
Тәрбиешілер балалармен бірге табиғи және қалдық материалдардың түрлерін пайдаланып, қажетті заттар дайындап, олардан көрме ұйымдастырған.
Семинар барысында балалар әртүрлі образда өнер көрсетті. Образдардың барлығы дерлік табиғатпен тығыз байланысты болды. Сондай-ақ балабақша іші де тақырыпқа сай безендірілген.
Табиғат – тіршіліктің тал бесігі. Осы табиғаттың мейіріне бөленіп, адамзат ғұмыр кешеді. Табиғат адамға пана болумен ғана емес, ғажайып көркемдігімен де тамсандырады.
Далаға кішкентай қоқысты тастай отырып, біз табиғатқа орасан зиян келтіреміз. Біз табиғатпен тығыз байланыста өмір сүреміз. Сондықтан табиғатқа зиян келтірмей, оны көркейтуге үлес қосуымыз керек.
«Бір тал кессең, он тал ек» деп дана халқымыз айтқандай, табиғатты көркейту, оған зиян келтірмеу – адамзат алдында тұрған ұлы міндет! Сол ұлы міндет балабақша қабырғасында қалыптасуы қажет.
«Bilim ainasy»,
Алматы қаласынан,
Ақерке Амангелдіқызы