Home » Жаңалықтар » Мұғалімдер асық атудан жарысты

Мұғалімдер асық атудан жарысты

Кеше, 21 ақпан күні Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы №176 мектеп-гимназиясында дене шынықтыру мұғалімдері арасында асық атудан қалалық жарыс өтті. Оған 80-ге жуық адам қатысты.
-Жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру үшін осындай ұлттық ойындар ұйымдастырылып тұруы қажет. Ұстаздардың арасында өтіп жатқан бұл жарыс өте көңіл қоншытатын дүние. Ұстаздар арасында да осы асық ату ойынын дәріптеу қажет. Біз оқушылардан: «Ұлттық киім киіңіз, ұлттық ойын ойнаңыз» деп сұраймыз ғой, балалардан сұрамас бұрын, біз алдымен, өзіміз үлгі болуымыз керек. Осы жерде отырған барлық дене шынықтыру мұғалімдеріне үлкен алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта асық атудан жарысты республика деңгейінде ұйымдастырсаңыздар тіпті жақсы болады деп ойлаймын. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар жеңістің төрінен көрінсін,- деді жарыстың ашылу рәсімінде Наурызбай ауданы білім бөлімінің басшысы Салтанат Құсайынова.
№176 мектеп-гимназиясының директоры Нұржамал Дүйсенбекова асық ату ойыны Наурызбай ауданында үрдіске айналғанын айтады.
-Жақында осы аудандағы №15 мектеп-интернатында аудан аралық жарыс өткен болатын. Сол жарыста кубокты біздің мектеп жеңіп алды. Енді біз соны ары қарай қала деңгейінде ұйымдастырып жатырмыз, -деген Нұржамал Дүйсенбекова кубокты №188 мектеп-гимназиясының мұғалімдеріне табыстады.
Асық ату жарысы басталмас бұрын қатысушылар №176 мектеп-гимназиясы оқушыларының өнерін тамашалады. Ән айтылды, би биленді. Сондай-ақ қатысушылар асықтан жасалған дүниелер қойылған көрмені көрді.
16 команда қатысқан жарыс күні бойына жалғасқан. Асық ату федерациясының бас төрешісі Асан Канапьянов турнир жоғары деңгейде өткенін айтты.
-Жарыс өте жақсы өтті. Барлық команда тыңғылықты дайындалып келгендерін көрсетті. Барлығының сақалары алшысынан түсіп, тартысты ойын болды. Жалпы, біз бұл жарысты өзіміз тәрбиелеп отырған оқушыларға ұлттық құндылығымызды жоғалтпас үшін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды,- деді № 176 мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәні мұғалімі Рауан Тоқтарбай.
Жарыс нәтижесінде бірінші орынды Жетісу ауданы №87 жалпы білім беретін мектебі алса, екінші орын Әуезов ауданы құрама командасы иеленген. Ал үшінші орынға Наурызбай ауданы №157 жалпы білім беретін мектебі жайғасқан.

«BILIM AINASY»,
Есен Елекен,
Алматы қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.