Home » Жаңалықтар » Қазақ поэзиясының ақтаңгері, ақын Мұқағали Мақатаевтың қызымен кездесу 

Қазақ поэзиясының ақтаңгері, ақын Мұқағали Мақатаевтың қызымен кездесу 

Жақында Мұқағали Мақатаевтың еске алу күніне орай, Алматы қаласы, №119 мектеп-лицейінде   «Әр өлеңі бір әлем» атты   әдеби-сазды кеші өтті. Кешті мектептің  қоғамдық- гуманитарлық кафедра мұғалімдерінің күшімен, жетекшісі Гүлжан Шүкірова ұйымдастырды.
Ақынның  туған қызы Шолпан Мақатаева мерекелік кештің құрметті қонағы болды. Поэзия кешінің шымылдығын мектеп директоры Батырбекова Жаныл Сатаевна ханыммен ақынның жолын қуып жүрген Дархан Құдайбергенов мырза ашты.
Шарада 8-сынып оқушылары  Әбдібай Ақжан мен Нұрпейісқызы Кәусар   ақын өлеңіне жазылған «Ана сен бақыттысын», «Сарыжайлау»  әндерін орындады.
Кеште балдай тәтті балалық шағында батпандай ауыр мұң арқалаған жетім өмірін сипаттайтын ақынның «Жетімдер үні» және «Бақыт деген…» атты  шығармалары қойылым ретінде ұсынылды.
Сонымен қатар, бақытты жырлаған Мұқағалидың  өмірі мен өнеріне арналған  арнайы түсірілген «Үш бақытым бейнематериалы»  сахнадан көрсетілді.
Әрбір өлең сүйер қауымның жүрегінен ерекше орын алған ақын туындыларын  мектеп оқушылары оқып, келген қонақтарды өз өнерлерімен тамсандырды.
Кездесуде Шолпан Мақатаева  көрермендермен салиқалы сұхбат құрып, оқушылардың қойған сұрақтарына жауап беріп,  əсерлі естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, ақынның қызы әкесі Мұқағалидың жыр жинағын мектеп кітапханасына сыйға тартты. Кеш соңында  мектеп директоры Батырбекова Жаныл Сатаевна келген қонақтарға алғыс айтты.
«BILIM AINASY»,
Гүлдана Исаева,
Алматы қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.