Алматы қаласы №40 жалпы білім беретін мектепте Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өтті.Биыл Ауған жерінен Кеңес әскерінің шығарылғанына табаны күректей 35 жыл. Бейбіт күннің байрағы желбіреген саяси салмағы мол күнде еліміздің түкпір-түкпірінде айтулы іс-шаралар өтуде. Соның бірі Алматы қаласы, Бостандық ауданы №40 жалпы білім беретін мектепте қару асынып, мұң арқалаған ауған ардагерлерімен өткен кездесу еді. Кездесудің тақырыбы «Елдік елдің жемісі» деп аталды. Оған себеп бүгінгі тәңір берген тәтті сый Тәуелсіздігіміз осы сынды отан қорғаушылардың ерен еңбегінің нәтижесінен екенін тағы бір еске салу.
Оқушылармен кездесуге келіп, майдандағы азапты күндерді күрсіне еске алған Саханов Бақытжан Жұмаханұлы, Алибаев Назар Бөлегенұлы және Рахманов Берикхан Баймұхамбетұлы есімді ел ағалары еді. 18 жасынан майданға айдалған азаматтардың айуынша, «жау тылындағы баладай» қорғансыз болдық, — дейді. Десе де үш күннен кейін тозаққа да үйренесің дегендей, соғысқа да еті өлген. Маңайындағы әскерилер қапияда қаза тауып, аяқ-қолынан, қос жанарынан айырылып, әп сәтте мүгедекке айналып жатты. Майдандағы досым деп арқа қағысып жүрген жақындары да табытқа тиелді. Әрине, бұндай азапты көру кімге де болсын оңай емес еді. Әйткенмен ардагерлеріміз еліміздің ертеңі үшін Отанымызға есен-сау оралды.
Бұндай қиян-кескі өмірдің болатынын естіген оқушыларда қызығушылық әм таңданыс пен қорқыныш қоса туып, ардагерлерге сұрақтар легін жаудырды. Кездесу барысында мектеп директоры Бейсембаева Бибигүл Адыгуловнаға сөз берілді.
Одан кейін 4 «Ә» сынып оқушысы Серік Әли Қымбат Әбілдақызының «Өр елім» атты өлеңін оқыса, 8 «А» сынып оқушысы Әділханов Асқар «Қазақ деген» әнін шарықтата шырқады. 4 «Б» сынып оқушылары бірлесіп, «Қазақстаным Отаным» атты ХОР-ды төгілтіп орындады. Мектеп бишілері «Қазақ» биін мың бұрала биледі. Әрине, бұның бәрі ардагерлерге деген өлшеусіз құрметтің нәтижесінен еді.
Түптеп келгенде ауған соғысы ардагерінің өмірі – жеке бір адамның жер бетіндегі тіршілігі емес, Отан тарихымен, халық өмірімен бірігіп кеткен өшпес, өнегелі өмір. Сондықтан тірісінде бағалау, шәкірттерге, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беру – білім ордасының аяулы міндеті. Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды!
Нұрай САПАРХАН,
Алматы қаласы, Бостандық ауданы
№40 жалпы білім беретін мектептің
«қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі