Home » Білім және тұлға » Білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі

Білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі

Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында
сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы
Е.Дәуеновпен сұхбат

           Бүгінгі таңда білім саласын еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін сынайтын болып жүр. Бір тыңдағанға бәрінің де уәжі дұрыс сияқты. Сын айтушы мен пікір айтушы шындықтың өз жақтарында екенін сендіруге тырысады. Шынтуайтын айтқанда, кім де кім шындық жағында болса, мен соны тыңдауға дайынмын. Оқу-Ағарту министрлігінде сапаны қамтамасыз ететін арнайы комитет бар. Сол комитеттің төрағасы Дәуенов Ернұр Нұрланұлымен аз-кем сөйлестім. Сіздердің назарларыңызға ұсына отырайын. Керек жерін аларсыздар деп ойлаймын.

— Құрметті Ернұр Нұрланұлы, сұхбаттасуға алтын уақытыңызды бөлгеніңіз үшін алдын-ала алғысымды білдіремін. Сапаны бақылау мекемесінде бүгінгі таңда білім сапасын бағалау бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында: «Адам капиталының сапасын арттыру керек екендігін, білім сапасын, әсіресе, орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажет» деп атап өтті.

Білім сапасын қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі — бағалау жүйесі. Білім саласында оқушыларды бағалау, мұғалімдерді бағалау және мектептерді бағалауға арналған әртүрлі құралдар бар. Олар ішкі және сыртқы бағалау құралдары болып бөлінеді.

Бұған дейін барлық бағалау және мониторингтік құралдар жүйеленбей, жеке дара жүргізілетін. Сол себепті Министрлік халықаралық тәжірибеге сүйеніп, барлық бағалау және мониторингтік рәсімдерді бір жүйеге келтіру (мақсаттарының, міндеттері мен дәйектілігінің толық түсінігін қалыптастыру) мақсатында Орта білім беруді бағалаудың ұлттық шеңберін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде.

Құжат төрт негізгі элементті біріктіреді: білім алушыларды бағалау, мұғалімдерді бағалау, білім беру ұйымдарын және жалпы білім беру жүйесін бағалау.

— Жаңа айтып қалдыңыз, білім алушыларды, яғни оқушыны, бүгін білім беру жүйесін мектептерде бағалау үдерісі қалай жүргізілуде?

2016 жылдан бастап елімізде критериалды бағалау енгізілді. Ол 2 компоненттен тұрады: мұғалімнің күнделікті қоятын формативті бағасы және тоқсан, жыл аяқталғаннан кейін, сондай-ақ оқу бағдарламасының бөлімдері бойынша жүргізілетін суммативті баға.

Сауалнама нәтижелерін қарайтын болсақ, көптеген мұғалімдердің пікірінше, критериалды бағалауды енгізу — бағалау үдерісін едәуір жақсартып, оны объективті және ашық ете түсті.

Педагогтердің (80%) бағалау оларға білім алушылардың оқуға деген оң көзқарасын едәуір қалыптастыруға, олардың білім жетістіктерін объективті бағалауға және оқу бағдарламасын меңгерудегі үлгерімін бақылауға көмектеседі деп есептейді.

Бұл ретте бағалаудың критериалды жүйесі мұғалімнен жеке шығармашылықтың неғұрлым кешенді көрінісін, бағалауды ұйымдастыру және жүргізу кезінде креативті тәсілді қолдануды талап етеді. Бағалау сапасын қамтамасыз ету үшін мұғалімдер формативті және жиынтық бағалау тапсырмаларын, бағалау өлшемшарттарын, дескрипторларды құрастыру, әр оқушының жеке қабілеттерін ескере отырып, кері байланыс беру сияқты дағдыларды игеруі керек.

— Қазіргі көпшілік айтып жүрген мектепішілік бақылау жұмысын трансформациялау деген нені білдіреді?

Әрбір мектеп оқу жылының басталуына дейін мектепішілік бақылау жоспарын әзерлеуі тиіс. Бұл сұрақ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 6 сәуірдегі № 130 бұйрығымен реттеледі. Алайда, қазіргі таңда Мектепішілік бақылау жоспарларының сапасы төмен, формалды түрде жүргізіледі. Кейбір мектептерде мүлде жоқ.

Осы мәселені шешу үшін және мектептерге әдістемелік көмек көрсету мақсатында Мектепішілік бақылауды жүргізу бойынша дайын үлгілері бар егжей-тегжейлі нұсқаулық құрастырылды. Еліміздің барлық мектептері биыл осы нұсқаулық негізінде үлкен жұмыс атқарды.

— «1000 мектеппен жұмыс» жобасы туралы нақтырақ тоқталып кете аласыз ба? Бұл қандай жоба?

2022-23 жылы Білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі қорытындысы бойынша әдістемелік көмекті қажет ететін 1000 мектеп таңдалып алынды. Әр мектеппен нақты жұмыс жүргізу үшін, бағалау құралдарының практикалық қолданылуын қадағалау және әр мектеп деңгейінде нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін 200 жауапты ментор бекітілді.

200 тәлімгерді ББЖМ және PISA, TIMSS, PIRLS, ICILS сияқты халықаралық зерттеулер нәтижелерін практикалық қолдануға оқыту, Мектепішілік бақылау жоспарын жүргізу, тиімді іске асыру бойынша семинарлар, тренингтер ұйымдастырылады. Бұл жұмысты біз жыл бойы жүргізетін боламыз.

— Бастауыш сыныптар мен орта буын жанталасып жүреді. Білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі немесе «МОДО» зерттеуіне тоқтала кетсеңіз.

Білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі (ББЖМ)  – білім алушылардың мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкестігін бағалаудың тәуелсіз ұлттық құралы болып табылады.

Тестілеу білім беру ұйымдарының 4 және 9 сыныптар арасында білім алушылардың функционалдық сауаттылығы мен құзыреттілік деңгейін анықтауға, яғни өмірлік жағдайларда білім мен дағдыларды қолдануға бағытталған.

2023 жылы 1 471 мектеп білім алушының білім жетістіктерінің мониторингіне (ББЖМ) қатысты. Өткен жылмен салыстырғанда ББЖМ нәтижелері бойынша                        4 сыныпта орташа балл көрсеткіші 4 балға, 9 сыныпта 10 балға төмендеген.

Диаграммалар мен графиктері бар тапсырмалар қиын болды. Ағылшын тіліндегі мәтіндер мен тапсырмаларды орындау кезінде мәтін құрылымы туралы түсініктің болмауы және сөздік қорының жеткіліксіздігі анықталды. Мектеп оқушылары нақты фактілерді, мәліметтерді немесе сұрақтарға жауаптарды тікелей мәтіннен жақсы таба алатындығын көрсетеді. Мәтінді сканерлеу және қарау, нақты түрде берілген және оңай локализацияланатын қажетті ақпаратты тез және тиімді табу үшін дағдылары жақсы қолданылады. Сонымен қатар, олар терең түсіну мен талдауды қажет ететін күрделі тапсырмаларды орындау барысында қиналады.

Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті биыл ББЖМ-ны Нидерландыдағы Халықаралық сараптама және сертификаттау зерттеу орталығында (RCEC) аккредитациялаудан өткізу бойынша жұмыс жүргізуде. Халықаралық аккредитация тестілеу форматының халықаралық стандарттарға сәйкестігін білдіреді.

Бұл мониторингтің оқушылар үшін де, білім беру ұйымы үшін де құқықтық салдары жоқ екеніне назарларыңызды аударғым келеді. ББЖМ нәтижелерін жазалаудың құралы деп түсінбеуіміз керек. Керісінше, әрбір білім беру ұйымының ББЖМ нәтижелері бойынша кешенді талдау және әдістемелік көмек түрінде кері байланыс алуға мүмкіндігі бар.

Бұл ретте әрбір мектеп, шынайы талдаулар жүргізіп, білім саласын арттыру бағытында кеткен қателіктермен жүйелі жұмыс жасауы қажет.

— Егін ексек өнімін тосамыз, ән үйретсек өнерін тосамыз. Қазақстандық оқушылар халықаралық салыстырмалы зерттеулерде қандай нәтижелер көрсетуде?

Білім сапасын тәуелсіз бағалау мақсатында Қазақстан PISA, TIMSS, PIRLS, ICILS сияқты халықаралық зерттеулерге тұрақты түрде қатысып келеді. Аталған зерттеулерді ОЭСР және IEA сияқты беделді халықаралық ұйымдар жүргізеді. Олар, оқу, математика, жаратылыстану және цифрлық дағдылар бойынша оқыту сапасын тәуелсіз бағалайды.

Мұндай зерттеулер Қазақстанның халықаралық салыстыруда, қандай деңгейде екенін түсінуге, даму бағытымызды әзірлеуге мүмкіндік береді.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) PISA-2022 халықаралық зерттеуінің нәтижелерін жариялады. Онда 81 мемлекеттен қатысқан 15 жастағы білім алушылардың математикалық, оқу және жаратылыстану сауаттылығының деңгейі бағаланды.

Қазақстандық оқушылар жаратылыстану пәні бойынша өз көрсеткіштерін 26 ұпайға көтерді. Сол арқылы қатысушы мемлекеттер арасында ең жоғары өсімге қол жеткізді және математика мен оқу көрсеткіштерін ЭЫДҰ-ның сегіз елімен бірдей деңгейде сақтап қалды. Бұл Қазақстанның математика және жаратылыстану бойынша ТОП-50 елдің ішіне кіруіне мүмкіндік берді.

Қазақстан 81 елдің ішінде математикадан 46-шы (2018 ж. 54-орын), оқудан 61-ші орын (2018 ж. 69-шы), жаратылыстану пәні бойынша 49-шы орынды (2018 ж. 69-шы) иеленді.

Сонымен қатар PISA-2022 нәтижелері бойынша еліміздегі қала мен ауылдық жерлердегі оқушылар арасындағы білім сапасының алшақтығы азайғаны байқалады.

Бұдан басқа, қазақстандық оқушылар функционалдық сауаттылығын дамытуда өткен жылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (Organization for Economic Cooperation and Development) өткізетін 1000 мектеп «Мектептерге арналған PISA» зерттеуіне қатысты.

Бүгінде зерттеу әлемнің 14 елінде жүргізілуде, оның ішінде Австралия, Ұлыбритания, АҚШ, Ресей, Испания, Қытай елдері бар. Зерттеу тек білім мен дағдыларды ғана бағалауға емес, сонымен қатар елдегі және әлемдегі басқа қатысушы мектептермен салыстырғанда оқушылардың оқу үлгеріміне әсер ететін факторларды анықтауға бағытталған.

3 жылдық циклды құрайтын негізгі PISA-дан Мектептерге арналған PISA-ның айырмашылығы ол жыл сайын өткізіледі және әрбір жекелеген мектеп деңгейінде нәтижелерді талдауға, жақсартуға болатын нақты бағыттарды анықтайтын жеке есептерді алуға мүмкіндік береді. Жан-жақты толықтарылған есептерді мектеп әкімшілігі білім сапасын арттырудың стратегиялары мен бағдарламаларын әзірлеу үшін пайдалана алады.

2022 жылғы Мектептерге арналған PISA қорытындысы бойынша еліміздің 1000 білім беру ұйымы 428 жеке және 172 топтық есеп алды.

2023 жылғы зерттеудің нәтижелері бойынша есеп 2024 жылы ұсынылады.

— Жүйелі жауаптарыңызға рахмет!


БІЛІМ АЙНАСЫ
Астана қаласынан
Қуантай Амантайұлы

One comment

  1. Пұсырманова Жұмагүл Жолдыбайқызы

    Саламатсыздар ма?
    Білім саласындағы, қазіргі білім беру әдісі мүлдем ұнамайды.БЖБ,ТЖБ деп өтірік көзді жұмып бере салады сұрақтарды.
    Бұрынғы дәстүрлі оқу негізі дұрыс.
    Барлық айтыс,жырау,батырларды оқып солар сияқты батыр болуға ,сұлулыққа,ақын жазушыларды біліп өстік.Қазіргі балаларды аяймын.Дым білім жоқ,тайыз,өз баламнан көріп отырмын.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.