Елімізде 2022 жылы мектепке дейінгі білім беруді қаржыландырудың ваучерлік тетігі жаппай енгізіледі. Мұндай тапсырманы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин берді.
«Білім және ғылым министрлігі 2021 жылғы желтоқсанға дейін мектепке дейінгі білім беруді қаржыландырудың ваучерлік механизмін енгізу бойынша пилоттық жобаны аяқтасын және 2022 жылдан бастап оны жаппай енгізуді қамтамасыз етсін. Бұл ретте балабақшалардың жұмысы ата-аналардың қанағаттану деңгейін, балалардың даму көрсеткіштерін, тамақтану сапасын, қоғамның бағасын ескере отырып бағалануы керек», — деп атап көрсетті Үкімет басшысы.
Осыған байланысты Асқар Мамин Білім және ғылым министрлігіне 2021 жылғы 1 сәуірге дейін балабақшалар жұмысы сапасының әлемдік тәжірибеде қабылданған көрсеткіштерін бекітуді және енгізуді тапсырды. Жүктелген міндет аясында әкімдіктер 2021 жылы жеке балабақшалар желісін дамыту арқылы 32 мың орынға дейін ашу бойынша жұмыс жүргізуі тиіс.