Home » Жаңалықтар » Облыстық білім сайысы өз мәресіне жетті

Облыстық білім сайысы өз мәресіне жетті

Оралдағы №37 жалпы орта білім беретін мектебінде 5-6 қаңтар аралығында ұйымдастырылған республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңі өз мәресіне жетті.

Жыл сайын мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылатын пәндік олимпиадасының білімді де зерек оқушыларды анықтап, олардың интеллектуалды қабілеттерін жан-жақты дамытуға, ой-саналарын өркениеттің жаңа да тиімді жолдарына бейімдеуге ықпал етеді. Биылғы оқу жылында да бастапқы үш кезең бойынша бақтарын сынап, жалпы білім беретін пәндер бойынша мектепішілік, аудандық және қалалық, облыстық олимпиадада топ жарған оқушылар енді республикалық кезеңде облыс намысын қорғайтын болады.
Дарынды шәкірттердің білім додасына жалпы орта білім беретін және мамандандырылған мектептерден барлығы 433 оқушы қатысты. 14 пән бойынша өзара сайысқа түскен қатысушылардың білімдерін өңірдегі жоғары оқу орындарының ғалымдары мен оқытушыларынан, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының филиалы – БҚО бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының өкілдерінен құралған қазылар алқасы саралады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау кешінде сөз алған Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Егізбаев дарынды шәкірттердің болашағына зор үміт артылатынын жеткізді.
– Біздің облыс мектептерінде 108 мыңнан астам бала білім алуда. Соның ішіндегі үздіктер бүгінгі пәндер олимпиадасында бас қосты. Біз олар үшін қуаныштымыз. Мектепте берілетін білім мен тәрбиенің арқасында осы балаларымыз егемен еліміздің ертеңіне өз үлестерін қосады деп сенеміз. Ал ол үшін жақсы оқу керек. Осы олимпиадада сіздер сол білімдеріңізді дәлелдедіңіздер, – деді Серік Рахметоллаұлы.
Қазылар алқасының төрағасы, ғалым Өтебай Құспанов жалпы облыстық олимпиаданың барысына тоқталып: – Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі еліміз бойынша өз мәресіне жетті. Бізде де облысымыздағы білімді де білікті шәкірттер осында жиналды. Өткен жылы олимпиаданың аудандық кезеңіне 3471 оқушы қатысса, биыл – 4078 қатысушы. Ал облыстық кезеңде былтыр – 403, биыл 433 бала білімдерін сынға салды. Бұл оқушылардың пәндер байқауына қызығушылықтарының артып келе жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ Орал қаласынан – 82, он екі ауданнан – 207, төрт облыстық мектептен – 144 оқушы қатысты. Ең көп оқушы Орал қаласынан, «Білім-Инновация» лицейінен, дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 мамандандырылған қазақ мектеп-интернаты кешенінен, Жаңақала, Сырым, Теректі, Бөрлі аудандарынан қатысты, – деді. Сөзінің соңында республикалық білім сайысында облыстың жүгін көтеретін шәкірттерге жеңіс тіледі.
Пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша І, ІІ және ІІІ орын алған оқушылар облыстық білім басқармасының дипломдарымен, арнайы және бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Жалпы 163 оқушы жеңімпаз және жүлдегер атанды. Тағы бір айта кетерлігі, батысқазақстандық 11-сыныпта оқитын 12 оқушыға Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ техникалық университетінен математика, физика, информатика және химия пәндері бойынша 100 (1-орын), 50 (2-орын), 30 (3-орын) пайыздық грант сертификаттары тапсырылды. Ал математика, физика, информатика, химия, биология, шет тілі пәндерінен 1-орын алған алты қатысушы (11-сынып оқушылары) Астана халықаралық университетінің 100 пайыздық грант сертификаттарын иеленді.
Облыстық олимпиадада жеңімпаз атанған 61 оқушыны алда республикалық білім сайысы күтуде. Республикалық жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының IV қорытынды кезеңі биылғы наурыз айында Қарағанды (жаратылыстану-математикалық бағыт) және Талдықорған (қоғамдық-гуманитарлық бағыт) қалаларында өтеді деп жоспарлануда. Батысқазақстандық оқушыларға сәттілік тілейміз.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«BILIM AINASY»,
БҚО    

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.