Home » Жаңалықтар » ЖАСТАРҒА ТӘРБИЕ БЕРУДЕ – АЛАШ АРЫСТАРЫ ҮЛГІ

ЖАСТАРҒА ТӘРБИЕ БЕРУДЕ – АЛАШ АРЫСТАРЫ ҮЛГІ

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Қайрат Өмірбайұлы Сақ Нұр-Сұлтан қаласы әкімшілігі жанындағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі ұйымдастыруымен Елорда мектептері директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына «Ұлт санасын жаңартудағы отандық БАҚ-тың рөлі (Алаш баспасөзі мен көсемсөзі материалдары негізінде)» тақырыбында дәріс оқыды.
Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіретінін ұғындырған профессор ұлттық кодты құрайтын ұлттық тарихымыз, ұлттық мәденитіміз, салт-дәстүріміз және әдет-ғұрпымыз бен баға жетпес тәуелсіздігіміз хақында кеңірек әңгімеледі.
Сондай-ақ, қоғамның бүгінгі таңдағы күрмеуі күрделі мәселелерін жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде қазақ жерінде орын алған оқиғалармен салыстыра түсіндірді. Тың әрі соны ақпарға толы екі сағатқа созылған мазмұнды дәріс уақыты сынаптай сырғып өте шықты.
Дәріс барысында оқушылардың білім сапасына жауапты мамандар университет профессорынан жас ұрпақты тәрбиелеуде құнды ақпаратпен қаруланып, қажетті тұстарын өздеріне жазып отырды.
Дәрістен соң жиынға қатысушы бірқатар ұстаздар профессорға тағылымды әңгімесі үшін зор ризашы-лықтарын білдіріп, Қайрат Өмірбайұлынан алдағы уақытта да дәріс оқуын өтінді.
Мәселен, елордадағы №77 мектеп-гимназиясы-нан келген Жанат Құсайынова дәрісте келтірілген дәйектердің өзектілігін тілге тиек ете отырып: «Әлгінде сөз болған тіл мәселесі көптен бері жадымда жаңғырып жүр еді. Көкейімдегі көп сауалға бүгін тұшымды жауап алдым. Дәріс барысында қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту жолдарын, тіл тазалығының маңыздылығын талқыладық.
Жас ұрпаққа Алаш азаматтары үлгі ретінде түсіндірілді. Бүгінгі тәуелсіздіктің ақ таңына Алаш арыстарының айрықша еңбегінің арқасында жеткенімізге бүгін тағы да әбден көзіміз жетті. Осы тәуелсіздігімізді қастерлеу – басты парызымыз.
Қайрат Өмірбайұлының дәрісінен жас ұрпақты тәрбиелеуде Алаш қайраткерлерінің ерен еңбегін үлгі тұтып, балаларды тәрбиелеуде осы бағытта жұмыс жасау қажеттігін түсіндім. Осындай мазмұнды дәрістер жалғасын тапса құба-құп!» деген пікірімен бөлісті.

Нұржан Көшкенов,
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ
І курс РһD докторанты

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.