Home » Жаңалықтар » Қазіргі алғыр бала — кейінгі білгір дана

Қазіргі алғыр бала — кейінгі білгір дана

«Білім айнасы» республикалық газетінің тілшілері журналистік сапармен «81 Astana English School мамандандырылған гимназиясына» бас сұқты. Мақсат — білім ордасының бүгінгі тынысымен танысып қана қоймай, «Білім айнасы» республикалық газетінің «Жеті сауал» жобасы аясында оқу орны жайлы сұрақтарға жауап алу.  Бұл мақсатқа жету жолында тілшілерге мектептің кіші қызметкерлерінен бастап, директордың оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары  өз септігін тигізді. Ұстаздар қауымының сыпайылықты ерекше ұстанатыны сәлемдесулері мен көмектесуге дайын тұратын ниеттерінен анық байқалды. Оқушылары да дәстүрлі тәрбиені заманауилықпен ұштастыра отырып, бой түзеп келеді екен. Өздері өнерге де бір табан жақын. Бұл сөзімізге домбырасын құшағына қысып, жүгіре басқан балалар мен жетіген шертудің шеберіне айналған қыздар; бізде актерлік шеберлік пен журналистика үйірмесі бар деп қуана айтқан болашақ әртістер мен тілшілер; робототехника үйірмесіне де барамыз деп жарыса жауап берген болашақ ғалымдар дәлел бола алады. Ағылшын тіліне басымдық беретін білім ордасында қазірде Кения, Үндістан, Америка елдерінен келген ұстаздар сабақ өткізеді. «Тілдерді білу — табысқа жету кілті» деген ұстанымдағы шәкірттер үшін ағылшын тілін нағыз қолданушылардан үйрену үлкен тәжірибе болары анық. Алға ұмтылудан шаршамайтын бұл оқу орнының тек биіктерден көрінері сөзсіз.

Жұпар САНСЫЗБАЕВА,
«BILIM AINASY» газеті,
Нұр-Сұлтан қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.