Жақсының жақсылығын айт…
«Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, білікті ұстаз – әр ортада бағалы. Білікті ұстаз әрі талантты болса, онда білім ордасының бағы жанғаны. Сондай жан-жақты ұстаздарға бай оқу орындарының бірі – Нұр-Сұлтан қаласындағы Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицейі. 2003 жылы негізі қаланған орта мектепке 2005 жылы 29 желтоқсан күні Әлкей Хақанұлының аты берілген. Білім ошағы тәрбие мен білімге аса мән береді және бұл ұғымдардың егіз екенін әлі күнге дейін дәлелдеп келеді. Сол себепті әрдайым ғұлама ғалым Әл-Фарабидың «Бар күшімізді білім мен ғылымға салып тәрбиені елеусіз қалдыратын болсақ, ұтарымыздан ұтыларымыздың көп болады» деген нақылын берік ұстанады. Бүгінде мектеп-лицейде116 ұстаз еңбек етуде. Өз игі істерімен көзге түсіп жүрген ұстаздар баршылық. Олар: музей меңгерушісі Сәуле Байдрахманова мен Дина Тлеубекова, Сәуле Букишева, Рысты Бекенова, Мұқаш Бодраков, Гүлбаршын Басар, Бибигүл Омарова, Жұмагүл Әбдрасұл, Құралай Ордабай, Раиса Құжанбаева, Гүлжазира Садуакасова, оқу ісінің меңгерушілері Жұмагүл Есіл, Жұмагүл Тлеулесова, Сауле Дюсенова сынды тәжірибелі ұстаздар еркін ойлы, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуде. Тәрбиені беру кезінде кез-келген құрал пайдалы. Ал, тәрбие еңбекке баулу арқылы берілсе нәтиже де үлкен болары анық. Олай дейтініміз, еңбекке баулу, көркем өнерге қызықтыру баланың шығармашылық қабілетін ғана ашып қоймай, жауапкершілікке, шыдамдылыққа тәрбиелейді. Осы бағытта талмай жасаған тамшыдай еңбегі арқылы таудай таланттарды ашып жүрген ұстаздардың бірі – Бодраков Мұқаш Досайұлы. 33 жылдық еңбек өтілі бар маманның бұл білім ошағында ұстаздық қызмет етіп жүргеніне биыл алтыншы жыл. Сызу және бейнелеу өнері, оның ішінде кескіндеме (живопись) бағытын меңгергенімен, Мұқаш Досайұлы оқушыларын еңбекке баулуда жан-жақтылық танытып отыр. Жаңашылдыққа құмартып, үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстаз шәкірттерін алдымен сурет өнеріне, кейін сызуға, ең соңында макет жасауға дейін баулитын көрінеді. Еңбекке құлқы жоқ, шығармашылық жұмыстарға қызығушылығы төмен оқушылармен де ерекше қарым-қатынас орнатуға тырысатын мұғалім: «Алдыңа келген оқушыны әңгімелесу арқылы немесе ұнататын бағытын тауып өзіңе қарай баурау керек, тарту керек», — дейді. Бұл сөздерінен өз ісіне, шәкіртіне деген махаббаты шексіз ұстазды анық көреміз. Мұқаш Досайұлы жыл сайын мектеп ішінде өнерлі оқушыларының жұмыстарынан көрме өткізуді дағдыға айналдырған. Бұл үрдіс бір балаға болсын шабыт сыйлайтыны анық. Оқушыларына артыңда өзіңнің ізің, қолтаңбаң қалсын деп жиі айтып отыратын ұстаздың шәкірттері де осы ұстанымды қолдайды. Оған дәлел, шәкірттерінің бірі — Нұритдинова Меруерт 2018 жылғы қалалық «Шаттық-2018» байқауында «Бейнелеу өнері» жанры бойынша «Алтын медаль» иеленсе, Төлеубаева Гүлназ 2019 жылы «Болашақ қала» ғылыми жобасында 3 орын алған, басқа шәкірттері де «ЭКСПО-2017» жобасы аясындағы қалалық «Сәулет өнері болашақта» атты байқаудың жүлдегерлері. «Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жақсылыққа жамандық – ез адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның есі» деген ұстанымдағы үлгілі ұстаз бейнелеу өнерінен бөлек әдебиет пен тарихқа да қызығатын көрінеді. Еңбегі еленген шығармашыл ұстаз 1994 жылы, 2007 жылы Білім және ғылым министрінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Осындай жан-жақты ұстаздар білім беріп, алғыр оқушылар тәрбие алып отырған білім ордасының дәрежесі де асқақ болары сөзсіз. Бұл сөзімізді былтырғы оқу жылында 4 оқушы «Алтын белгіге», 9-сыныптан 11 оқушы «Үздік аттестатқа» бітіруі, аудандық, қалалық, республикалық олимпиадалардан 20 оқушы, ғылыми жобалар сайысының қалалық кезеңінен 6 оқушы, «Зерде» зерттеу жұмысынан қалалық, республикалық деңгейде 8 оқушы мектеп қоржынына жүлделі орындар әкеліп беруі, мектеп бітіруші түлектердің 60 пайызы грант иегері атанғаны айғақтай алады. Өткен оқу жылы мектептің тәрбие бағыты үшін де жемісті, табысты жыл болғанға ұқсайды. Атап айтар болсақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде өткізілген қалалық «Астана – Ұлы дала Елордасы» атты әлеуметтік жобасына 7-сынып оқушылары қатысып, жүлделі ІІ орынды иеленген. Балалар мен жасөспірімдердің зияткерлік және шығармашылық деңгейін ашу, сөз өнері жанрын танымал ету, мерекелік іс-шараларды жүргізетін дарынды балаларды анықтау мақсатымен ұйымдастырылған қалалық «Сөз шебері» жүргізушілер фестивалінде оқушысы Серікбай Әдемі жүлделі І орынды қанжығалаған. Оқушылар сарайының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдау мақсатымен өткізілген «Парасат-2019» қалалық зияткерлік турнирінде де өз білімдерін жоғары дәрежеде көрсетіп, жүлделі І орын алған. №1 өнер мектебінің ұйымдастыруымен өткен «Дала өрнектері» атты қалалық байқауда мектеп оқушыларынан құрылған «Самұрық» би ансамблі І орыннан көрінген. Ақын Мұқағали М.Мақатаевтың туған күніне орай өткен «Мәңгілік жыр – ғұмыр» атты қалалық байқауда оқушылары бас жүлде иеленсе, «Ұшқыр ой» қалалық дебат турнирінде «Марғұлан шәкірттері» командасы І орыннан көрінген. 2019 жылдың 8-10 сәуір аралығында Нұр-Сұлтан қаласының жалпы білім беретін мектептер, гимназия, лицей, техникалық және кәсіптік лицей оқушыларының арасында дәстүрлі түрде өткізілетін «Шаттық-2019» байқауының нәтижесі бойынша «Самұрық» би ансамблі мен вокал жанрында Жәрдембек Досмұхамет алтын медальға, домбырашылар ансамблі күміс медальға, басқа да жанрлар бойынша 3 дипломға ие болған. Оқу орнының бір ерекшелігі жыл сайын «Марғұлан» олимпиадасын өткізеді. Жақсы оқитын оқушылар жылдың аяғында «Марғұлан» сыйлығымен марапатталатын көрінеді.
Одан бөлек, оқу орнында робототехника үйірмесі 2017 жылдың қазан айынан бастап өз жұмысын бастаған. Осы уақыттың ішінде үйірме мүшелері талай асуларды бағындырып үлгерген. Сонымен қатар, мектепте «Саз балшық» үйірмесі ашылып, 30-ға жуық бала тартылған. Қыш құмыра жасау құрылғылары толығымен алынған. Оқушылар қалалық көрмелерге қатысып жүлделі орындар иеленуде. Болашақта халықаралық деңгейде өнім шығаруды жоспарлауда. Арнайы кабинет ашып, «Саздың сан алуан сыры» атты жоба әзірлеуді, үздік қолөнер шеберлері сайысына қатысып, НЗМ қыш құмыра саласы бойынша байланыс орнатуды да жоспарлап отыр. Одан бөлек білім ордасында қазақ даласының ой-шұқырын жалықпай аралап, әрбір жартас, обаны мұқият зерттеген ғұлама ғалымның болған жерлерімен таныстырып, қазақ халқының мәдени мұрасын тарихшы зерттеулерімен байланыстыру мақсатында «Академик Әлкей Марғұлан ізімен» атты өлкетану-туристік экспедициясы жұмыс жасайды. Экспедиция мүшелері Семей, Жидебай, Жезқазған, Ұлытау, Баянауыл, Солтүстік Қазақстан облысы Сырымбат ауданында, Түркістан, Бурабай, Омбы, Ақтоғай, Алматы, Ұзынағаш өңірлерінде болса, биылғы оқу жылында Семей өңірінде Тоқтамыс ауылы, Қырықүңгір тауының етегінде жүргізілген археологиялық қазба жұмысына Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің тарих факультеті ғалымдарымен қатысып келген. Экспедиция мүшелері жер тарихы мен ел тарихына терең бойлау, тарихымызда өшпестей із қалдырған ұлы тұлғалардың ерлік істерін дәріптеп, оны ұрпаққа жеткізу, санасына сіңіру, отансүйгіштікке тәрбиелеу әрбір азаматтың борышы деп біледі. Сол себепті, «Әлкей Марғұлан ізімен» туристік-өлкетану экспедициясы өз жұмысын жүйелі жалғастыруда. ЕҰУ археология факультетімен байланыс жасап, ЕҰУ, Тұран университетімен меморандум жасаған. Алдағы уақытта ҚР Ұлттық музейінің археология бөлімімен, Археологиялық үйірме ашуды мақсат тұтып отыр. Туризмге қажетті жабдықтарға (арқан, жолдорба, қауіпсіздік заттар, бейнекамера) тапсырыс та беріп үлгерген. «Атамекен» этно-мемориалдық кешенімен байланыс орната отырып, ондағы қызметкерлердің жұмысына оқушыларды баулуда. Республикалық деңгейіндегі мектептермен туристік-өлкетану экспедициясы аясында қоғамдастық құрылуда. Соған орай шет мемлекеттермен байланыс орнату, Ресей (Омбы), Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан елдеріне саяхатқа шығуды жоспарлап отыр.
Көзқарасы жаңаша қалыптасқан, өзіндік ой пікірі бар, мақсатқа жету жолдарын таба алатын, білімді жеке тұлға тәрбиелеуді мақсат еткен дара ұстаздары, оның ішінде Мұқаш Досайұлындай өнерге бай, талантты ұстаздары бар білім ордасын болашақта тек үлкен жетістіктер күтіп тұрғаны анық. Ендеше, шығармашылық шабыттарыңыз шарықтай берсін дейміз!
Жұпар Сансызбаева,
«Білім айнасы»,
Нұр-Сұлтан қаласы.