Home » Ашық сабақтар » Алаш қырандарына тағзым

Алаш қырандарына тағзым

(31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жиынының сценарийі)

І жүргізуші:

Қайырлы күн, қымбатты қонақтар, ұстаздар, студенттер! Бүкіл елімізде, оның ішінде колледжімізде дәстүрлі түрде аталып өткізілетін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған митингті ашық деп жариялаймыз.

Мемлекеттік Әнұран ойналады.

ІІ жүргізуші:

Сталиндік репрессияның қара дауылы қазақ даласына да құйындатып, шаңдатып жетті. 37-жылы қазақ халқының маңдайына біткен арыс азаматтарының алғашқы легі “халық жауы” атанып, ұсталып, тұтқындалып түрмеге жабылып, алды атылып та кеткенмен, жаппай ату 38-дің басында ай бойы жүргізілгені белгілі.

1937-38 жылғы “қызыл қырғын” барша елді жайлады. 105 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, 27 мыңнан астамы атылды.

І жүргізуші:

Күнбатыс Алашорда қызмет атқарған Сырым елді мекенінде Алаштың тойы тойланды. Алаш үкіметі екі жылға жуық өмір сүрсе де, қазақ елінің тәуелсіздігін орнату бағытында өлшеусіз үлес қосты.Бүгінде елінің саяси дербестігін аңсап, халық ағарту ісінде еңбек еткен Алаш ардақтылары шығармашылығына көңіл бөліп, зиялы қауым өкілдеріне қошемет көрсету – біздің қасиетті парызымыз.

ІІ жүргізуші:

Ел азаттығының ұраншысы болған ұлттық Алаш партиясы қазақтардың сана-сезімін шыңдау жолында айырықша еңбек етті. ХХ ғасырдың басында ел мұраты үшін мыңнан біреу болып әр жерде көзге түскен асыл ерлер, аяулы ағалар, ұлтымыздың зиялыларын біз бүгінде ерекше мақтанышпен айта аламыз. Ұлт мүддесі, мәдениеті, тәуелсіздігі үшін қызмет еткен бұл азаматтардың өмірі қаншалықты қиын болды.
Бейнефильм: «Репрессия құрбандары»

І жүргізуші:

Халқымызда «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген дана сөз бар. Ой елегіне салып, байқап қарасақ, бұл сөздің астарында адам баласын адамгершілікке шақыратын терең мән-мағына жатыр. 30-жылдары басталған аштық, 1937, 1953 жылғы жазықсыздан-жазықсыз жаппай жазалау оқиғаларынан халықтың көпшілігі зардап шекті. Әсіресе, зиялы қауым, халқымыздың маңдайына біткен марқасқалары ату жазасын арқалап немесе лагерьлерге айдалды. Олардың қатарында халық жауларының әйелдері деген желеумен сотталған апаларымыз да болды. Мұндай қасіретті қазақстандық басқа да ұлттардың өкілдері басынан кешті.

ІІ жүргізуші:  

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын 1 минут үнсіздікпен еске алайық!

Әдеби монтаж (қоғам қайраткерлері слайдтары)

1-студент:

Жаһанша Досмұхамедов – 1885 жылы Сырым ауданы, Бұлдырты ауылында дүниеге келген. Көрнекті мемлекет, ұлт қайраткері, жоғары білімді алғашқы қазақ заңгерлерінің бірі, саясаткер. 1896 жылы Орал әскери-реалдық училищесіне қабылданып, кластан-класқа емтихансыз көшіріліп үздік тәмамдады. 1906-1911 жылдары Санкт-Петербург университетінің заң факультетінде оқып, үздік бітірді.

2-студент:

Халел Досмұхамедов – Қазақстандағы Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз ғалым. 1894 жылы Орал әскери-реалдық училищесінің дайындық класына қабылданып, 1902 жылы үздік аяқтады.1903 жылы Санкт-Петербург императорлық әскери-медициналық академиясына оқуға түседі. 1909 жылы академияны үздік дәрежелі дәрігер атағымен бітіреді. Оба індетіне қарсы күресті.

3-студент:

Ғұбайдолла Бердиев – 1885 жылы Орал облысы, Гурьев уезі, Қарашығанақ ауылында дүниеге келген. Алаш қозғалысының қайраткері, қазақтың жоғары білімді алғашқы мал дәрігерлерінің бірі. 1909 жылы Орал Жалпықазақ съезінде Орал облысынан депутат кандидаттығына ұсынылды. 1917 жылы Уақытша үкіметтің Гурьев уезіндегі комиссары болып тағайындалды. 1918-1919 жылдары Қаратау болыстық земство басқармасын басқарды.

4-студент:

Молданияз Бекімов – 1882 жылы Ілбішін уезі, Жақсыбай ауылында дүниеге келген. Арнаулы білімді алғашқы қазақ офицерлерінің бірі, этнограф, фольклоршы, аудармашы. Алаш қозғалысының қайраткері. 1895-1902 жылдар аралығында Орал әскери реалдық училищесінде оқыды.

5-студент:

Сабыр Сарығожин — әскери қайраткер, генерал-майор. Орал қаласындағы әскери реалдық училищесін үздік бітіріп, Мәскеу жоғары әскери мектебіне жолдама алған. 1918-1919 жылдары Жымпитыдағы Алашорда үкіметінің әскери комиссары болды.

6-студент:

Нұрғали Ипмағамбетов – жоғары білімді алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі, Алаш қозғалысының қайраткері. 1905 жылы Орал әскери реалдық училищесін алтын медальмен бітіріп, Санкт-Петербург әскери медициналық академиясына түсті.

7-студент:

Уалитхан Танашев – Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, заңгер. Қазан университетінің заң факультетін бітірген. 1913-1917 жылдары Қазан қаласында адвокаттықпен айналысады. Орынборда өткен жалпықазақ съезінде Алашорда үкіметінің министрі болып белгіленеді.

8-студент:

Ғабдолхакім Бөкейханов – мемлекет қайраткері, күйші. Ордада төрт кластық мектепті, Оралдағы әскери реалдық училищесін бітірді. 1917 жылы Мәскеудің ауыл шаруашылық академиясында оқыды. 1920 жылы Орынборда алғаш ұлттық үкімет – Қазревкомның мүшесі, Қазақ Орталық Атқару Комитетінің жауапты хатшысы.

9-студент:

Ту тігілді халқымның бүгін бағына,

Жас өрендер, желбіретіп нық ұста!

Ғасырларға жалғастырып елдікті,

Дақ түсірме ата-баба рухына.

Үлгі бізге аталардың ерлігі,

Ұлағаты, өнегесі, еңбегі

Тәуелсіздік туын ұстап жоғары,

Бүгінгі ұрпақ болар елдің ертеңі.

 

10-студент :

Қалың елім, қайран жұртым көбейсін,

Ата-бабам аруақсың, жебейсің

Алты Алаштың көсемдері құрбан боп,

Бәрі-бәрі кетті арманда не дейсің ?!

11-студент:

Ұлан-байтақ жеріңді,

Бөтен ел таптамасын.

Ешқандай жау аттамасын,

Жері аз, халқы көп,

Қара қытай қаптамасын.

Ие болып өз туған жеріңе,

Жер-Ана қызмет етсін еліне.

Жер – қазына, су – алтын, мал – байлық,

Жетер анық, өзіңдікі – өзіңе.

12-студент:

Тәуелсіздік ата-бабам аңсаған,

Жете алмай құрбан болды қанша адам?

Жанша, Халел, Ахмет, Ілиястар

Әр кезде сен деп ерлік жасаған.

Барлығы:

Қайран ерлер құрбан болған халқы үшін,

Мәңгі өшпейді санамызда салт ісің!

І жүргізуші:

Сөз қонақтарға  беріледі.

                       Қонақтарға сөз.

ІІ жүргізуші:

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған митингті жабық деп жариялаймын. Әділетсіздіктің құрбандары болған ата-бабаларымыздың аруағы алдында әрдайым бас иіп өтейік!

  Тасболатова Шынар Ғинаятқызы,
Орал «Сервис» технологиялық колледжінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушысы,
Орал қаласы, БҚО

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.