Білім айнасы газеті N30 мектептің жұмысымен танысу мақсатында қонақ болды. Бас редактор Қуантай Амантайұлы мектеп директоры Азимханова Сәуле Мыңшалқызымен әңгіме құрып, жобаларымен таныстырды. Екі жақты таныстықтан соң директордың «ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары» Рақымберлі Парасат Мағауияқызы бізді мектептің көрнекті орындарымен таныстырды. Атап айтсақ Димаш Құдайберген атына ашылған «көше кітапханасын» айтуға болады. Директордың сөзінше бұл креативті ойды, оқушылардың білімге деген ынтасын ояту үшін ойлап табылған екен. Басқа кітапханадан басты айырмашылығы, кітап оқу үшін арнайы кітапханаға бас сұғудың қажеті жоқ. Үзіліс арасында немесе қолыңыз бос кезде барып, қажетті ақпаратқа қанық боласыз дейді мектеп директоры Сәуле Мыңшалқызы. Бұл жерде кітаптардан өзге оқушылардың әр түрлі марапаттары қойылған екен. Бұл дегеніміз оқушылардың талабын ұштап, қызығушылығын арттыру үшін таптырмас дүние деп отыр мектеп басшылығы. Одан өзге бізді қызықтырған Димаш Құдайбергеновтың атына ашылған аллея болды. Аталмыш аллеяда әр елден келген әншінің жанкүйерлері өз қолдарымен көшет отырғызған. Әңгіме арасында мектеп басшылығы жас жұлдызымыз Ержан Максимнің мектепке келіп, қолтаңба қалдырып, құрдастарымен жүздескенінде тілге тиек ете кетті. 1978 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан мектепте 112 педагог қызмет атқарады. 2000 ға жуық бала білім алатын мектептің бағындырған асуларыда аз емес. Әр түрлі қалалық, республикалық байқауларда жүзден жүйрік шыққан оқушылары да жетерлік. Өнер мен білімді бағалай білетін мектеп басшылығы мен оқушыларының бағындырған белестері алда екеніне сенеміз.
АРНАБЕК Нұрбол
Bilimainasy газеті
Нұр-Сұлтан қаласы