Шаршы тақтаның кішкентай шебері  

Аружан Қаймолдина Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8 – ші сынып оқушысы. Сабақтан қолы бос уақытта шахмат ойнағанды жақсы көреді. Қазір өз қатарластары арасында Аружанға қарсылас табылмай тұр. Кей кездері өзінен жасы үлкендерді ұтып кетуге қабілеті еркін жетеді. Өткен оқу жылында мектебімізге Аягөз қаласынан келіп түскен жас спортшы соңғы екі маусым бойы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ ұйымдастырған желілік туринирде алдыңғы орында ешкімге берер емес. Зияткерлік мектептердің шахматтан 13 –жасқа дейінгілер құрамасының тұрақты мүшесіне айналған шәкіртіміз биылда жеңіс тұғырынан көрінді.

— Ақмола облысының «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында  өткен тоғызқұмалақтан спартакиада мен шахмат турниріне біздің мектептен 6 бала барды. Нәтижелеріміз жаман деп айта алмаймын. Дегенмен соның ішінде  Аружанның жетістігін жеке дара атап өтуіміз керек. Шәкіртіміз 2-ші жыл қатарынан өз құралпыластары арасында желілік турнирдің жеңімпазы атанып отыр. Биыл 9 қарсыласының жетеуін жеңіп, екеуімен тең түсті. Біз Аружанның болашағынан мол үміт күтеміз, — дейді мектеп командасының жетекшісі Айдын Мырзахметов.

Білім ошағымыздың абыройын арттырған мақтанышымыздың жетістігі бұнымен ғана шектелмейді. Әр жылдары Астана, Павлодар, Қостанай қалалары мен «Маралсай» балалар лагерінде өткен түрлі деңгейдегі республикалық, халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған Аружан бүгінде 1 –ші спорттық дәрежелі атағы бар спортшы.

— Менің шахматқа деген қызығушылығымды оятқан белгілі кеңес шахматшысы, халықаралық гроосмейстер Юрий Авербахтың  Михаил Бейлинмен бірлесе жазған «Путешествие в шахматное королевство» атты кітабы. 6 жасымда осы кітапты қолыма алған мені алғашында шаршы тақтаның суреті, фигуралар мүсіні, жүрістердің жазылуы қатты қызықтырды. Соның нәтижесінде шахмат туралы жазылған өзге де кітаптарды оқып, ғаламторды ақтара бастадым. Анам Назым Қабиқызы басқа қалалардағы жаттықтырушылардан ғаламтор арқылы онлайн дәріс алуыма мүмкіндік жасады. Өйткені, біз тұрған қалада шахмат жаттықтырушысы болмады. Анам дер кезінде байқап қолдамағанда, дәл бүгінгідей жетістіктерге жетпес едім деп ойлаймын. Сол үшін ол кісіге мың алғыс айтамын, -дейді шахматшы қыз.

Шахматтан әлемнің 11-ші чемпионы, американдық  Роберт Джеймс Фишер мен әлемнің 16 –шы чемпионы, норвег Магнус Карлсенді үлгі тұтатын Аружанның ендігі мақсаты – жеңісті жолдарын жалғастыра беру. Желілік турнирдің жеңімпазы ретінде ол енді Зияткерлік мектептер құрамасы сапында республикамыздың финалдық ойындарында бақ сынауға дайындалу үстінде.

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.