Home » Жаңалықтар » Оқуға құштар озаттарға бай орда

Оқуға құштар озаттарға бай орда

«Білім айнасы» республикалық газетінің тілшілері мектептердің ішкі өмірімен, қазіргі жайымен танысу мақсатында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№79 мектеп-лицейінде» болды. Алдымен, «Білім айнасы» газетінің «Жеті сауал» атты төл жобасы жайлы ақпарат беру үшін мектеп директоры Мұқышева Құралай Балғабайқызымен жолықты. Кездесу барысында мектеп директоры іскерлігін көрсетсе, мектептің тәрбие және ғылыми істерін жүргізетін орынбасарлары сауалдарға нақты әрі түсінікті жауап беруімен ерекшеленді. Ал, оқушыларды тәрбиелеуде білім ордасы ата-аналармен, оның ішінде әкелермен тығыз қарым-қатынас орнататын көрінеді. Сол себепті, білім ордасында былтыр «Әкеммен кездесу» атты республикалық жоба өткен екен. Жоба аясында бақытты балалар әкелерімен түскен суреттерін бір қабаттың дәлізін көмкере іліпті. Тәрбиені отбасымен бірлесе қолға алған оқу орны, тазалықты қоршаған ортамен, экологиямен байланыстырған. Ұстаздары таза ауаның пайдасы, қоқыстың зияны жайлы әр балаға түрлі тәрбие сағаттарынан бөлек, дәлізде суреттер ілу арқылы да түсіндіру тырысыпты. Оқушыларының бос уақыттарын да жоғары деңгейде ұйымдастырған екен. Би өнерінен бастап, ақыл-ойды дамытатын дойбы, шахмат үйірмелеріне дейін қамтуға тырысыпты. Ал, қол жетімді орында орналасқан бос шахмат залын оқушылар кейде келесі сабаққа дайындалу үшін де қолданады екен. Осындай оқуға құштар, ізденуді ұнататын оқушылары бар білім мекені тек мақтауға лайық.

Жұпар САНСЫЗБАЕВА,
«BILIM AINASY» газеті,
Нұр-Сұлтан қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.