Home » Мақалалар » МАМАНДЫҚТЫ ТАҢДАУ – МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ

МАМАНДЫҚТЫ ТАҢДАУ – МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ

Кенжехан ТойбаевЖалпы құрылыс факультеті, академиялық профессор
Толқын Жүнісов Жалпы құрылыс факультеті, ассоциацияланған профессор
Ғазиза Алдабергенова Жалпы құрылыс факультеті, профессор ассистенті

 

Бүгінгі күнде су, газ, жылу сияқты табиғи ресурстар стратегиялық ресурстар қатарына еніп тұр. Дамыған елдің ұлттық қауіпсіздігі, жалпы экономикасының өркендеуі газ өндірісінің, сумен және жылумен қамтамасыздау, канализация салаларының даму келешегіне тікелей байланысты екені баршаға мәлім болды

Елімізде елді-мекендердің тұрғындарының жайлы өмір сүруін қамтамасыздау және коммуналдық инфрақұрылымдарының жағдайын жақсарту, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, энергоүнемді жылыту технологияларын өндіріске белсенді енгізу, газбен  қамтамасыздау және ауыл тұрғындарына сапалы ауыз су жеткізу мен қатар канализация жүйелерін тарту қолға алынып, соңғы жылдары келесідей Мемлекеттік бағдарламалар бекітілді, олар: Қазақстан Республикасының индустриалды-инновациялық даму, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты модернизациялау, «Ақ бұлақ», Қызылорда – Жезқазған – Теміртау – Қарағанды – Астана магистралды газ құбырын тарту және Астана мен Солтүстік аймақтарды газбен жабдықтау.

Аталған бағдарламалардың орындалуы елді-мекендерде тұрғындардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз етумен қатар коммуналдық инфрақұрылымдарының жағдайын жақсартады, ауылдық елді-мекендерді жылумен, газбен, сапалы ауыз сумен және канализация жүйесімен  қамтамасыз ету қызметтерін атқарады. Қарастырылып отырған мемлекеттік бағдарламалардағы қойылған міндеттерді атқару үшін қазіргі кезде елімізде білікті мамандар дайындау өте өзекті мәселе болып саналады.

Жоғарыда айтылған мәсәлерге байланысты елімізде  2012 жылдан бастап «Инженерлік жүйелер және желілер» деп аталатын жаңа мамандық ашылды. Қазіргі кезде аталған мамандық бойынша инженерлер тапшы, сондықтан ашылуы өте уақтылы және өзекті деп санаймыз. Бұл ауыл мен қала жастарын оқуға талаптандыруға, бір мақсатқа бағыттауға және сапалы кәсіби дайындықпен қамтуға үлкен мүмкіндік береді.

ҚР құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің  деректеріне сүйенсек, жылу құбырларының жалпы ұзындығының 63%   өзгертуді қажет етеді. Газ құбырларының жағдайы да аса қанағаттандырарлық емес. Астана қаласында, Орталық және Солтүстік региондарда қазіргі кезде табиғи газ жүйелері мүлдем жоқ. Сумен қамтамасыздау саласында да көпшілік елді мекендерде су құбырлары қанағаттанарлықсыз жағдайда. Егерде ҚР Құрылыс нормалары және ережелеріне сүйеніп су құбырларының 25 жылдық нормативтік сенімді пайдалану мерзімін ескерсек, онда республикамыздағы жалпы су құбырларының  тек қана 36%-ы жарамды жұмыс істей алады, ал  қалған 64% күрделі жөндеуді немесе толық өзгертуді қажет етеді. Жоғарыда аталған еліміздің халық шаруашылығындағы күрделі мәселелерді шешуде құрылыс, су-газ және экономика саласында қызмет ететін «Инженерлік жүйелер және желілер» мамандығын бітірген инженерлер мемлекетімізге өте қажет.

Аталған мамандық инженерлерді екі оқу бағыты бойынша дайындайды:

  • жылу-газбен қамту және желдету;
  • сумен қамтамасыздау және канализация.

Қазіргі кезде жылугазбен қамту және желдету бағыты бойынша бітірген инженерлер ұлттық компанияларда немесе әртүрлі өнеркәсіп салаларында, соның ішінде көбінесе құрылыс кешендерінде жұмыс атқара алады. Себебі жылу-газбен қамту, желдету мен ауа баптау жүйелерін жобалау, монтаждау және пайдалану елді-мекендер, қалалар мен мегаполистердің инфрақұрылымының біртұтас бөліктеріне жатады.

Ал сумен қамтамасыздау және канализация бағытын бітірген жастарға келсек, олар елді-мекендер мен қалалардың сумен жабдықтау және канализация жүйелерін жобалаумен қатар құрылысын жүргізу және (немесе) пайдалану жұмыстарын да атқара алады.

«Инженерлік жүйелер және желілер» мамандығын бітірген инженерлер елімізде соңғы кезде жеткіліксіз, ал ауылдық елді-мекендер мен аудан орталықтарында тіптен жоқтың қасы. Сондықтан бұл мамандыққа ауыл мектептерінің түлектері мен ауыл  жастарын ынталандыру өте қажет деп санаймыз.

Жоғарыда аталған «Ақ бұлақ» бағдарламасының негізгі міндеттері ол 2020 жылдың соңына дейін сапалы ауыз сумен қамтамасыздауды еліміздің ауылдық елді-мекендерінде  55-60%-ке және қалаларында 100%-ке жеткізуі қажет. Орталықтандырылған канализация  жүйелерінің қызметі де артып ауылдық елді-мекендердің жалпы санының 20%-не жетуі қажет, ал қалаларда бұл көрсеткіш 100%-ке жуықтау керек. Егерде аталған бағдарлама индикаторлары толық орындалса, онда біздің еліміздің елді-мекендері ауыз сумен қамтылуы жағынан ТМД және Шығыс Европа елдерінің қатарынан жетекші орын алатын болады.

Ал Қызылорда – Жезқазған – Теміртау – Қарағанды – Астана магистралды газ құбырын тарту 2019-2020 жылдарда аяқталатын болса, алда Орталық  және Солтүстік региондарды газбен жабдықтау одан ары 2020-2025 жылдарда жалғастырыла береді.

Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы аясында газ тарату желілерін салуды үш кезекте жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бірінші кезекте жалпы ұзындығы 486 километр болатын газ тарату желілерін тоғыз іске қосу кешені бар. Бірінші кезектегі 1-2 іске қосу кешендерін іске асыру мерзімдері — 2019-2020 жылдар, құны — 4,6 миллиард теңге; бірінші кезектегі 3 — 6 іске қосу кешендері — 2019-2020 жылдары іске асырылады, құны — 8,6 миллиард теңге; 7-9 бірінші кезектегі іске қосу кешендері — 2020-2021 жылдары іске асырылады, құны-7,5 миллиард теңге. Екінші кезекті іске асыру мерзімі — 2021-2022 жылдар, құны-9,6 миллиард теңге. Үшінші кезек 2021-2023 жылдары іске асырылмақ, құны — 14,4 миллиард теңге.

Нұр-Сұлтанды  газдандыру атмосфераға ластаушы заттардың шығарылуын жылына 40 мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Соңғы жылдары елімізде осы мамандық бойынша білікті мамандарды қазіргі кезде төрт жоғары оқу орны  дайындап келуде, соның ішінде ең айшықтысы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы (ҚазБСҚА).

ҚазБСҚА  аталған бағыттар бойынша білікті инженерлерді 1980 жылдан бастап дайындап келеді.

ҚазБСҚА-ның түлектері еліміздің көптеген жетекші құрылыс компанияларымен және су-газ тасымалдау мекемелерімен ұзақ мерзімді келісім шарттары бар. ҚазБСҚА Қазақстан құрылысшылар ассоциациясының толық мүшесі, сәулет-құрылыс мамандықтарының базалық жоғары оқу орны, ТМД елдерінің құрылыс мамандығы жоғары оқу орындары Ассоциациясының  мүшесі және т.б.

Қазіргі кезде «Инженерлік жүйелер және желілер» мамандығын бітірген инженерлер жылыту, желдету және ауа баптау жүйелерін, сумен жабдықтау және канализация жүйелерін, жылумен жабдықтауды және газбен жабдықтауды жобалаумен қатар бұл жүйелерді тартумен және тұрмыста тұрақты пайдалануымен  айналысады.

Инженерлік жүйелер мен желілердің элементтерін және құрылымдарын есептеу, техникалық шешімдерді әзірлеу, энергияны үнемдеу, экология және өмір қауіпсіздігі саласындағы заманауи талаптарды ескере отырып, жобалау мен реконструкциялау кезінде құрылыс үшін техникалық сипаттамаларды әзірлеу жұмыстарын да атқара алады.

Аталған мамандықты бітірген түлектер құрылыс индустриясында, мемлекеттік кәсіпорындарда, жеке фирмаларда инженерлер ретінде және Қазақстан Республикасы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мекемелерінде, жобалау және ғылыми-зерттеу институттарында жобалау инженерлері мен зерттеушілері қызметтерін атқара алады.

Алға қойған мақсаттарды орындау үшін  индустриалды-өндірістік секторға  студенттер мен магистранттар дайындауға «Инженерлік жүйелер және желілер» мамандығы бойынша жеткілікті көлемде мемлекеттік білім гранттары бөлінгені заман талабына сай деп санаймыз.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.