Home » Жаңалықтар » Ұлылар тілі – халқымыздың мұрасы

Ұлылар тілі – халқымыздың мұрасы

Солтүстік Қазақстан облысы, облыстық білім басқармасы, «Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығы» КММ ұйымдастыруымен 6 қарашада «Ұлылар мұрасы және заманауи білім» тақырыбында қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің І халықаралық форумы өткізілмекші. Аталмыш форумға дейін секциялар жұмыс жасап, Солтүстік Қазақстанның оқыту мен тәрбиелеудегі басты мәселелерін әлемдік көзқарас негізінде күн сайын талқылап отыр. Осындай келелі жұмыстың атқарылып, талданған тақырыбы «Ұлылар тілі – халқымыздың мұрасы» деген тақырып. Тақырыптың басты мақсаты оқыту жүйесі орыс тілінде оқытылатын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің алдында тұрған міндет — өзге ұлт оқушыларына және педагогтарына мемлекеттік тілді үйрету және оқыту.
Секция жұмысын Баелова Дина Набиқызы жүргізіп отырды. Секция жұмысына Солтүстік Қазақстаннан басқа Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарының тәжірибелі ұстаздарының еңбектерінен үлгі-өнеге көрсетілді. Күн тәртібінде сөз алған баяндамашылардың бірі Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласындағы іргелі мектептің бірі —  Бірінші гимназия директоры Букатова Наталья Юрьевна өзі басқарып отырған мектептің жағдайымен таныстырды. Наталья Юрьевна «Мемлекеттік тілді түсіну: үйрену және оқыту» тақырыбы бойынша баяндама жасап, бірінші гимназияның оқушылары қазақ тілін жетік меңгергенін, олар тек мемлекеттік тіл деп қарамай, қазақ тілінің фразиялогиялық тіркестерін, тіл білімінің салаларын жақсы меңгерген. Әр сабақ сайын жаңа сөздерді өз сөздік қорларына қосып отырады. Оған себеп, мектебімізде беделді он қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдері жұмыс істейді. Олар оқушыларға ғана емес, ұстаздарды да топқа бөліп, қазақ тілін үйретеді, дейді. Қазақ тілінің мұғалімдерінің арқасында мектеп әкімшілігі мемлекеттік тілді жақсы меңгеріп алды, деп қуана айтты, Наталья Юрьевна.
«О, туған ана тілім! Тас бұлақтың тұнығы да сенде, ана сүтінің жұғымы да сенде, райхан гүлдің жұпары да сенде, қыран құстың жанары да сенде, назды сұлудың нәзіктігі де сенде, сахара даланың жазықтығы да сенде…» демекші, «Тіл парасат» сұлулығын паш еткен,  мемлекеттік тілді өзге ұлт оқушыларына үйрете білген, тіл жанашыры, Айгүл Серікқызы «Поэзия әлемі – білім мен рухани тәрбиенің көзі» деген тақырып бойынша өткізген іс-шараларымен таныстырып, көгілдір экранның ар жағында көз ттігіп отырған әріптестеріне іс-тәжірибесімен бөлісті. Өзге ұлт өкілдерін Абайдың тілімен, Мағжанның, Мұғағалидың тілімен сөйлете алды. Басқа ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренудегі құштарлығын, тілге деген жанашырлығын байқайсыз. Осындай ақындар тілімен сөйлейтін ұрпаққа қарап отырып сүйсінесің! Қайран қазағым, өз тіліңнің қадіріне сен жетпегенде, өзгелер жетіп, тіл мерейін асқақтатып отыр. Ұлы ақын Абай  «Өткірдің жүзі, кестенің бізі өрнегін сендей сала алмас» деп таңырқап тағзым еткен тіл. Тілімізге құрмет жасау арқылы біз елімізге құрмет жасаймыз.
Тіл – тазалықтың, пәктіктің, имандылықтың жаршысы. Тіл – тәуелсіздігіміздің қуатты құралы, асыл ой мен парасат белгісі, елдігіміз бен бірлігіміздің туы. Тіл – елдің тарихы. Тіл – қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Қарағанды облысы Саран қаласындағы  №17 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Ахметжанова Эльмира Мейрамовнаның «Рәміздер туралы білім» сайысы да тамаша, тартымдылығымен, түрі бөлек деген болмаса, тілінде айырмашылық жоқ бүлдіршіндердің таза, тұнық сөйлеуі, біздің ұстаздарымыздың аянбай төккен маңдай терінің жемісі, деп білеміз.
Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тілімізді ұмыту- бүкіл ата – бабамызды, бар тарихымызды ұмыту» деген екен, батыр – жазушы Бауыржан Момышұлы. Қазақ тілінің сөйлеу әрекетін, тілдік грамматикасын, зерделеп оқытып, үйретіп, көркем шығарманы оқуға оқушыларды бағыттап,  жүрген ұстазымыздың бірі — Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы № 44 мектеп – гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Темирбаева Құралай Хабиболлақызының 7 сынып оқушыларымен Сайын Мұратбековтің «Жусан исі» шығармасын өтуі, балалардың ыстық орындық әдісі арқылы орындыққа отырып, берілген сұрақтарға мүдірмей жауап беруі мұғалім еңбегінің орасан екенін байқаймыз.
Сүйемін туған тілді — анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім
Шыр етіп жерге түскен минутмнен
Құлағыма сіңірген таныс үнім,– деп, Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай тіліміз бен мәдениетіміз өркендей, өсе берсін!
Ұлылар тілі – халық тарихы, тіл – өркениет пен мәдениет.Ұлылар тілі – асыл қазына, сол қазынаны көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан – ұрпаққа жеткізіп жүрген ұстаздарымыздың ерен еңбегі ешқашан ескерусіз қалмайды. Бабалар жырлаған дана тіліміздің мерейі үстем болсын!

«Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық
технологиялар орталығы» КММ
директоры, Саркен Роза Сәкенқызы,
әдіскерлер: Есімсейітова Ә.Қ., Жүсіпов Б.Ө

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.