Абдыгулова Ардак Казболатовна
Қ.И.Сәтпаев атындағы №7 мектеп-лицей
директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
информатика пәнінің мұғалімі
Біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемдегі білім беру процесі 2020 жылдың наурызынан бастап түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Дәстүрлі білім беру формаларынан қашықтықтан оқытуға көшу коронавирустық пандемия қаупіне байланысты болды. Қашықтан оқыту дегеніміз— мұғалім мен оқушы арасында қандай да қашықтықта интернет ресурстарының сүйемелдеуімен өтілетін оқытудың формасы, яғни интернет желілерінің көмегімен белгілі бір арақашықтықта оқыту. Қашықтан оқыту ұйымдастырудың үш түрлі формасы бар: онлайн (синхрондық) және оффлайн (асинхрондық), және кең таралған үшінші түрі вебинар. Онлайн режимдегі оқыту дегеніміз – интернет ресурстарының көмегімен ағымдағы уақытта белгілі бір қашықтықта мұғалім экранын көру арқылы оқытуды ұйымдастыру формасы. Оффлайн режимдегі оқыту дегеніміз – интернет ресурстарының көмегімен (электрондық пошта) мұғалім мен оқушы арасындағы ақпарат алмасуды қамтасыз етуге мүмкіндік беретін оқытудың формасы. Вебинар дегеніміз – интернет желілерінің көмегімен семинарлар мен тренингтер өткізу формасы. Соңғы төртінші тоқсан сабақтарын оқушылар қашықтан оқыды. Осыған орай, мектеп мұғалімдері жергілікті және аймақтық желіні пайдаланып, шығармашылық жұмыстарын таратып, оқыту үрдісінде әдістеме бойынша тәжірибе алмасты. Онлайн сабақ мұғалімдердің де, оқушылардың да жауапкершілігін арттырып, білім беру талаптарын күшейткені сөзсіз. Шәкірттер қашықтық сабақ барысында бекітілген кесте бойынша оқуды жалғастырды, айырмашылығы – сабақтар қашықтық немесе онлайн режимде жүргізіледі. Біздің білім ордамызда мұғалім мен оқушы арасындағы байланыс ретінде негізінен Classroom, Zoom платформалары және кері байланыс ретінде Whats App, мессенджері де қолданды. Оқушылардың мүмкіндіктерін ескере отырып, осы платформалардан мұғалімдер кідіріссіз онлайн оқыту режимінде сабақ берді. Сабақ барысында оқушылар жаңа тақырыпты тыңдап, талқылап, практикалық тапсырмаларды орындады, пікір алмасып, жауап берді, жазбаша жұмыстарын жіберді. Қашықтан оқыту технологиясы мұғалімнің біліктілігін көтереді, оқушының өз бетімен білім алуын қалыптастырады, ата-аналардың жаңа технологияға деген көзқарасын өзгертеді. Оқушылар қашықтан оқу арқылы өз білімдерін жетілдіре алады және ақпарат жүйлерін пайдалану мүмкіндігі артады. Мысалы керекті әдебиеттер мен оқу кітаптары іздеу, бақылау және тестік тапсырмаларды орындау, лабороториялық жұмыстар, дайын баяндамалар, қашықтан олимпиядаға қатысу оқушының шығармашылық потенциалының дамуына әсер етеді. Қорыта айтқанда, қашықтан оқыту қазіргі заман талабы болса, оны ұйымдастыруда ең бастысы электрондық материалдар, қашықтан оқытудың дидактикалық жасалымы, педагог-үйлестірушілерді дайындау болып табылады. Бұл біліктілігі жоғары, зияткерлік және кәсіби деңгейі дамыған, халықаралық дәрежедегі бәсекеге төзімді қоғам құруға зор көмегін тигізеді. Қашықтан оқыту технологиясының тиімділігі: заман талабына сай ақпараттық-телекоммуникациялық технологиялар мен құралдарды қолдану; сапалы білім алу; уақытты үнемдеу; ыңғайлы уақытта оқу; ата –аналардың балаға көмегі; оқушылардың өзін еркін ұстауы; өз ойын кері байланыс арқылы беруі.