Home » Мақалалар » Ғұлама, данышпан, энциклопедист Әбу Насыр Әл-Фараби

Ғұлама, данышпан, энциклопедист Әбу Насыр Әл-Фараби

Казбекова Динара Джакупжановна,
Жамбыл облысы әкімдігінің
білім басқармасының
«Саңырау және нашар еститін балаларға
арналған  «Мейірім» арнайы түзету КММ

 Ғұлама, данышпан, энциклопедист Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыз әлемнің екінші ұстазы атанған ғалым. Ол 870-950 жылдары Сырдария бойындағы Отырар қаласында туып-өскен. Шын есімі Мұхаммед Ибн Ұзлағ Тархани. Отырар қаласы сол кездері Фараб деп аталғандықтан, ғұлама ғалым өзінің Әбу Насыр Мұхаммед Ибн Мұхаммед Ұзлағ Ибн Тархан есімін туған жеріне байланыстырып, Әл Фараби деп атаған. Яғни, Фарабидің әкесінің есімі Ұзлағ, арғы атасы Тархан болған. Әл Фараби 870 жылы Жібек жолының маңызды орталықтарының бірі болған Отырар қаласының маңында дүниеге келген.
      Ол бала кезінен сол дәуірдегі өркениет пен мәдениеттің ірі орталықтары саналған Бұхара, Самарқан, Мерф, Бағдат, Харран, Рей, Каир, Алеппа, Шап қалаларында болып, үнемі білімін жетілдіріп тұрды. Жасөспірім шағында елге келген керуенмен ілесіп, Бағдатқа барады. Әл-Фараби сауатын түркі тілінде ашып, өзін ақын-күйші, әнші ретінде танытқан. Ғұламаның өлеңдерінен үзінділер де сақталған және күйшілігі туралы деректер де кездеседі. Әл Фараби өмір сүрген заманда бүкіл Орта Азия мен Түркістан Араб халифатының ықпалында болғандықтан, халық қарым-қатынас жасау үшін араб, парсы, түркі тілдерін қатар қолданған. Солар секілді Фараби де бірнеше тілдерді жетік меңгерген.
Ғылым, білім іздеп, жер жерді аралаған ойшыл парсы, түрік, араб тілдерінен бөлек грек, қытай, латын, санскрит және басқа тілдерді үйренеді. Сол заманда дамыған барлық ғылым салалары мен өнер түрлерін жетік меңгеріп, оның дамуына өз үлесін қосады. Осылайша, кейінгі ұрпаққа мол мәдени асыл мұра қалдырды.
Оның заманы Жібек жолы бойындағы қалалардың, оның ішінде Отырардың экономикасы мен мәдениетінің дамыған кезіне тұспа-тұс келді. Әл Фараби Парсы, Ирак, Араб елдеріне жиһангездік сапарлар жасап, тез есейді. Барған жерінде көптеген ғұламалар мен ойшыл-ақындармен, қайраткерлермен танысады. Тарихи деректерде Әл Фараби 70-ке жуық тіл меңгерген деп көрсетіледі.
Әл Фарабидің ғылыми қызметі ортағасырлық араб-мұсылман мәдениетінің гүлдену дәуіріне, яғни біздің дәуіріміздегі 10-ғасырдағы мұсылман реноссансына сәйкес келеді. Қазіргі уақытта Әл Фараби ойларының өзектілігі қайтадан арта түсуде. Оның көзқарасында саясат, дін және бақыттың өзара терең қатынасы көрсетілген. Бүгінде әлем ислам және батыс өркениетінің текетіресу қаупі алдында тұрғанда, ислам мәдениетімен астасатын экстремистік және лаңкестік көңіл-күй үдеп келе жатқан кезде, ұлы философтың мұрасы адамзаттың күллі көзқарасын шешуге көмек бере алады.
Өздігінен білім алып, көп ізденген ойшылдың бүгінгі күнге дейін «Логика, «Метофизика», «Этика», «Саяси және әлеуметтік философия», музыка мен медицинаға арналған жүзден астам трактаттары сақталған. Ол ең алғаш болып музыканы математикалық негізде жүйелеп, оны ғылымның бір бағыты ретінде көрсеткен данышпан. Шығармаларында көне грек оқымыстыларының, әсіресе Аристотельдің еңбектеріне талдау жасады.
Білім-ғылымды үйретумен қатар тәрбиелік мән зор шығармалар жазды. Әл-Фараби сезім мен ойлау, тәрбие мен іс-әрекет жүйесін жетілдіру мәселесіне қайта айналып соғып отырған. Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзінің абзал қасиеттерін тани алмайды. Ұлы ойшыл ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани сауаттылыққа жол ашылады, мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымға қолы жетпейді деп ескертеді. Ғалым дене тәрбиесі мен адамгершілік тәрбиесінің ұқсастығына, оның бір-біріне тигізетін әсеріне ерекше мән берді.
Әл-Фараби «адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Ол кезешекте оның өміріне зиян әкеледі» деп тәрбиеге аса қатты көңіл бөлу керектігін түсіндірді. Ғұламаның ғылыми философиялық еңбектерін байыптап, қайта қарау барысында оның педагогика тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі болғандығын көреміз. Ол Шығыс еліндегі тұңғыш сындарлы педагогикалық жүйе жасаған ағартушы. Әбу Насыр Әл-Фараби өзінің «Риторика», «Поэзия өнері», «Бақытқа жол сілтеу туралы» трактаттарында этикалық- эстетикалық мәселелерге көңіл бөліп, білім дәрежелерін саралап, солардың негізін дәлелдеп берді.
Ол музыка туралы жазған кітабында музыка өнерін әдемілеп жіктеп береді. Ал «Логика» және «Диалектика» атты шығармасында әлемнің ішкі байланысын, дамуы қандай екенін түсіндіріп, әлемге паш етеді.
Әл-Фараби дүниенің мәңгілігін мойындап, танымның болмысқа тәуелділігін растап, ақыл-парасат туралы ілімді саралады. Ол “Ғылымдар тізбегі”, “Бесінші трактат”, “Медицина каноны”, “Қайырымды қала”, “Адам ағзасындағы мүшелер”, “Жануарлар ағзасындағы мүшелердің құрылысы мен қызметі”, “Жануарлар ағзалары”, “Темперамент туралы”, “Риторика”, “Поэзия өнері туралы”, “Бақытқа жол сілтеу”, “Вакуум туралы”, “Теориялық арифметикаға қысқаша кіріспе”, “Болжамдағы геометрияға кіріспе”, “Астрологиялық болжамдарда не дұрыс, не теріс”, “Ғылымдардың шығуы”, “Евклидтің бірінші және бесінші кітаптарының кіріспелеріндегі қиын жерлерге түсініктеме”, “Фусул ал-мадани”, “Философияны үйрену үшін қажетті шарттар жайлы трактат” секілді ғылымның барлық саласына арнап еңбектер жазып, көп мұралар қалдырған кемеңгер философ.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.