Home » Жаңалықтар » «Ұлттық тәрбие — ұлт болашағы»

«Ұлттық тәрбие — ұлт болашағы»

Бала — бақыт. Ал, балалы үйді базарға теңеген ата-бабаларымыз сол бақыттың бастауы тәлім мен тәрбиеде екенін тілге тиек, ұлтқа үлгі, ұрпаққа ұран етіп қалдырған.
«Ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» — демекші, ертеректе ата-әжелеріміз баланы ертегі айтып есейткен. Ал қазір, бала қарайтын қарттарымыз некен саяқ, бар болса да басым көпшілігінің ұлттық салт-дәстүрден ауылының іргесі аулақ, ашщы да болса бұл шындық.
Бүгінгі таңда баланың тәрбиесіне ата-аналардың зер салып жүргені аз, олай дейтініміз, күнделікті тіршіліктің қамымен жүрген әке мен аналарымыздың басым көпшілігі жұмысбасты…
Сондықтан, баланың тәрбиесі толықтай балабақшадағы нәзік жандылардың иығына жүктелген міндет болып тұр.
Бүгін Алматы қаласы Әуезов ауданына қарасты нөмірі 178 бөбекжай-балабақшасында болдық. Бала тәрбиесінде қанжығасына ауыз толтырып айтарлықтай тәжірибе бөктерген, ұлттық тәлім мен тәрбиенің иісін бойына сіңіре білген меңгеруші: Мырзатаева Бибісара Пердешқызының басшылығымен өткен іс-шараның барысын бақылап, тәнті болып қайттық.

Бұл бақшаның есігін айқара ашқаннан бастап, қазақылықтың исі аңқып тұрды. Қазақы қолдан жасаған заттар мен безендірілген бөлмеден: көрпе, бөстек, тұскиіз сырмақ, сандық сияқты қазақы үй жабдықтарымен қоса, ою-өрнекпен көмкерілген ақ дастархан көздің жауын алып, «мен мұндалап тұрды»
Қолдан жасалған заттардан жайылған көрмеден бесік пен сәукеледен бастап, қазақтың ұлттық киім үлгісі, әшекей бұйымдары мен біте қайнасқан ұлттық аспаптары да көздің жауын алды. Баланы дамытуға арналған асықпен апталып жасалған ойын құралдары мен білім қоржындары да көңілден шығып көрмеге сән берді.

«Мектепке дейінгі ұйымдағы бақылау» жөнінде әдіскер: Бейсебаева Құралай Бақибекқызы іс-шараның қонақтарына балабақша бақылауын жоспарлы түрде түсіндіріп, тәжірибе алмасуға келген әріптестерімен бөлісті.
Бұл шараның мақсаты: педагогикалық ұжымды басқару әдісін жүзеге асыру арқылы оқу-тәрбие процесін нақты талдау болды. Бақылаудың негізгі міндеттері мен оны жүзеге асырудың алгоритімін атап көрсетті. Бақылау нәтижесін талдап, салыстырмалы бақылау, жедел бақылау және мониторинг бойынша өзінің әдіскерлік жобасының жоспарын көрсетті.

«Ел боламын десең бесігіңді түзе» — деп бекер айтпаса керек, елдіктің туын жықпайтын, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын ұрпақты тәрбиелеп шығару бұл ерлік. Бала бақша-бала бақса, білімнің шамын жақса ізгілік.
Инновациялық іс-тәжірибе: Біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру аясында «Балабақшада ұлттық құндылықтарды дәріптеу» «Ұлттық тәрбие, ұлт болашағы» атты іс-шара өтті. Мақсаты мен міндеті: Ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре отырып, заманауи білімді меңгерген, салауатты ұрпақ тәрбиелеу. Ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, болашақ ұрпақты патриотизмге, еңбекқорлыққа баулу болды.

Балабақша тәрбиешісі Садикова Анар Әлімханқызының жұмысының нәтижесін біз мектепалды «Алмұрт» тобының бақшадан жиған білімінен байқадық. Аяқ алысынан алар асулары мен шығар шыңдарының, тұрар тұғырларының биіктігін балалардың сөз саптауынан аңғардық. Бұл күнде қазақы тілі таза баламен жылап қауышатынымыз рас. Оны мен меңземесем де сіздердің іштеріңіз біліп, сезіп, көріп жүргендеріңіз анық. Қазақ тілінің айызын қандырып, баланың бойына сіңіру көрінгеннің қолынан келе бермейтін іс. Осы орайда, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Данышпаева Лаура Анашқызының жұмысының нәтижесін қазақша сайраған бұл балабақшаның бүлдіршіндерінен көріп, шынайы қуанышымды қойныма жасыра алмадым, бойымды мақтаныш биледі.
Ашық сабақ барысында өздерін еркін ұстаған балапандар қанатын кеңге жайып, берілген тапсырмалар мен ойындарды мүдірмей орындады. Өздерінің ойын ашық жеткізуге дағдыланған балалардың бойында ұлттық рух пен сенімділік басым түсті. Сабаққа сақадай сай дайындалған тәрбиешінің баламен қарым қатынасы, сыпайы табандылықпен білімді баланың бойына сіңіре білген.
Міне біздің де күткеніміз осы еді, — деп балалардың құлақ құрышын қандыра айтқан әні мен мың бұрала билеген қызғалдақтардың биіне жиналған жұрт шапалақтан шашу шашты.

Қалдық заттардан «Тәжірибе алаңы» — деп баланың қызығушылығын арттырып, дамытатын ғылыммен дәлеленіп зерттелген әдістермен бөліскен педагогтер: Талдыбаева Назерке Байділдақызы,
Қамыспаева Гүлбира Орынбекқызы, Козиева Алмагуль Сматуллақызы, Жеңісбекова Айнабат Жарасбекқызы қарапайым заттардан жасалатын зертханалық жұмыстарды көпшілікке көрсетіп жиналған жұрттың назарын өздеріне аудара білді.

Тимбилдингте балабақша психологы Есимова Самал Сағынтайқызы қонаққа келген әріптестерімен пішіндер бейнесін құруды жүзеге асырып, психологиялық талдау жасады.

«Әу» — демейтін қазақтың жоғы рас. Бесік жырымен бөпесін бөлеген аналарымыздың дауысын жанымызда жаңғыртқан тәрбиешілердің, таудан аққан бұлақтың сыңғырындай сызылта салған әні туған жерімізді еріксіз көз алдымызға елестетіп, жұмыр жүрегімізді елжіретті.

Балаларды ән мен биге баулыған ұстаздар: Ұйсынбаева Бибігүл Адырбайқызы мен Батыршаева Мадина Абілбекқызының сүйемелдеуімен өткен бүгінгі іс-шара жаныма-жан, жауырыныма қанат бітірді десем өтірік емес. Ел боламыз десек сіз болып, біз болып ұлтының ұйытқысына айналатын ұрпақты тәрбиелеуге ат салысуды бастағанымыз абзал. Бүгінгі іс-шарадан алған әсерімді айтып та, жазып та тауыса алар емеспін…
Мендегі тәрбиешілерге деген алғыстың шексіз екенін жеткізуге мына қызыл тілдің де құдіреті жетпейтін шығар.
Алғысқа бөленіп, ескеріп, еленіп жүре беріңіздер аяулы «Тәрбиеші Аналар!»

 

«Білім Айнасы»
Назира Сұлтанмұратқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.