Home » Балабақша » Балабақшаның тарихы тереңде жатыр

Балабақшаның тарихы тереңде жатыр

Алматы қаласы, Медеу аудандық,
№105 бөбекжай-балабақшасымен танысып қайттық.

Балабақшаның тарихы тереңде жатыр.
Қаладағы бірінші №204 (қазіргі №105) қазақ балабақшасы. 1965 жылы
Ленин даңғылында 6 топ болып ашылып, 1976 жылы Зенков көшесіне көшірген. Аталған балабақшада Дінмұхаммед атамыз қонақта болған екен.
Балалар жыл сайын Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев аталарының туған күнінде ол кісінің музейінде қонақта болады. Атаның өмір жолымен жақын танысып, бала жүректеріне жарқын бейнесін түртіп алады.
Сондай-ақ балабақшаның оқу-тәрбие саласына үлес қосқан атақты педагог – Есімбетова Перде Елеусізқызы.


№105 бөбекжай-балабақшасының ұжымы ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Соның негізінде
«Тақия тәлімі» жобасы тәжірибеге енгізілген. Соңғы үш жылдың көлемінде балабақша бүлдіршіндері күнделікті өмірде басынан ұлттық бас киімімізді тастамайды екен.
—Біздің басты міндетіміз бүлдіршіндерімізді ұлттық санаға мән бере отырып, ана тілімізде таза сөйлеуге талпындыру. Ұлттық болмыс қалыптастыру. Ұлттық киім кию мәдениетімізді жас бүлдіршіндер арқылы көрсету, жаңғырту, олардың ұлттық санасын дамыту. Қазақ балабақшаларындағы тәрбие саласына ұлттық нақышта өзгеріс енгізу, — дейді жоба жетекшісі әрі балабақша логопеді Исмагулова Айдана Серікқызы.

Қазақтың ертеден келе жатқан ұлттық дәстүрлерінің бірі-дастарханға бата.
Тәрбиелік мәні жоғары халқымыздың асыл қазынасының бірі батаны да тәрбиеленушілер өн бойына сіңірген. Бүгінде көптеген балабақшаларда қалыптасып келе жатқан дастарханға бата беру, ас қайыру алғаш болып бастауын осы балабақшадан алған екен.

“Тұлпар” мектепке даярлық тобының Наурыз тойына қатысып қайттық. Балабақша тәрбиеленушілері өз өнерлерін ортаға салды. Олар мың бұрала би билеп, әсем әндерін шырқады. Ұлттық ойынымыз теңге ілуді ойнап, күн мен түннің теңелуі туралы көрініс көрсетті.
Бүлдіршіндерге әжелері Наурыз мейрамы мен Наурыз көженің тарихы туралы айтса, аталары ақ батасын берді.
Балаларды тыңғылықты дайындаған тәрбиешілері Сейтхан Гүлімханның еңбегі зор.

Ұлттық киімдерімізді ұлықтап, мәдени құндылықтарымызды кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеп жатқан Есімбетова Гүлнар Алиханқызы мен ұжымына жаңа ізденістер мен шығармашылық табыс тілейміз!

«Bilim Ainasy»,
Алматы қаласынан,
Ақерке Амангелдіқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.