Home » Жаңалықтар » Салт-дәстүр жаңғырған күн

Салт-дәстүр жаңғырған күн

Наурыз — жыл басы, күн мен түннің теңелер шағы, күллі дүние қайта түлеп, тіршілік біткен жанданатын мезгіл, жаңа өмірдің бастауы. Ұлыстың ұлы күніне орай еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылып жатыр. Солардың бірі Алматы қаласы Медеу ауданы Білім басқарамасына қарасты № 115 бөбекжай балабақшасында өтті. «Армысың, Наурызым!» атты мерекелік жиынның шымылдығын мектепалды даярлық «Сұңқар» тобының биі ашты.

— Балабақша — тәлім-тәрбиенің бастау-бұлағы. Әр балаға Наурыз мерекесінің мән-маңызын ұғындырып, құндылығын түсіндіріп, құлағына құйып, бойына сіңіру — басты мақсатымыз. Мерекеге дайындық барысында балалардың ой-өрісі кеңіп, осынау айтулы күн туралы таным-түсінігі қалыптасады. Олардың өнерін тамашалаған ата-аналар да дән риза, — дейді балабақша меңгерушісі Туленбекова Мархаба Кенжеғалиқызы.

Іс-шара барысында балабақша тәрбиеленушілері өнерлерін ортаға салды. Тыңғылықты дайындалған олар топтық би билеп, музыка жетекшісі Елена Абилашимованың сүйемелдеуімен оркестрде өнер көрсетті. Балаларының өнерлеріне риза болған ата-аналар қол соғып қошеметтеп отырды.

Мерекелік шара «Бесікке салу» рәсімімен жалғасты. Тәрбиешілер бесікке салу дәстүрінің қыр-сырын, бесіктің киелілігін тілге тиек етті. Әр жабдығына жеке-жеке тоқталып, шүмек, түбек, аяқ белбеу, қол белбеу, қос көрпе, құстөсек, жастық, жапқыштың қандай болатынын көрсетіп, қалай қолданылатынын да айтып берді. Ұл баланың шүмегін асықты жіліктің асық тұрған басынан ойық ойып әзірлейтінін түсіндіріп, “Тыштырма” ырымын жасады.
Бесік тербетер көп болсын деген ниетпен бесік жыры да шырқалды.
Іс-шара соңында сахна төрінде бір жасар баланың тұсауы кесілді. Тәй-тәй басқан бүлдіршін қасиетті домбыраны таңдады. Мұндайда ырымшыл қазақ баланың өнерге жақын болатынын болжап, дауылпаз ақын не күміс көмей әнші болатынын айтады. Бабадан балаға мирас болып жеткен осынау салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты көрген бүлдіршіндер ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп өсері анық.


«BILIM AINASY»
Жұлдыз Елеукен
Алматы қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.