Home » Мақалалар » Кітап оқуға құштар орта қалыптастыру жолдары  

Кітап оқуға құштар орта қалыптастыру жолдары  

Қасабаева Зухра Назарқызы,
ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы №140 гимназия»
МКК-нің бастауыш сынып мұғалімі

Қазіргі қоғамдағы бала тәрбиесі үлкен шеберлікті қажет етеді. Ақпараттық коммуникациялық технологиялар дамыған заманда бала зейінін  көркем әдебиет, әдеби кітап оқуға шоғырландыру қажырлы еңбекті қажет етеді.  Қолы қалт еткенде    телефонға байланатын балаға одан қызық дүние жоқ секілді көрінеді. Ал оның телефоннан арылып, кітап оқуға құштарлығы артуы үшін біздер, ұстаздар не істей аламыз?  Ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев айтқандай: «Ғалымға азық берер қайнар көзі кітап бетімен, лаборатория аумағымен ғана шектелмейді, өмірді танумен, еңбек адамының жасампаз ісін танумен кең өрісін табады». Осы орайда,  тәжірибеме сүйене жауап берер болсам, ең алдымен оқушылардан арнайы сауалнама алынды. Онда бос уақытын қалай өткізетіні, телефонға қанша уақыт жоғалтатыны, қандай кітап оқығаны, тіпті қандай кітап оқығысы келетіні туралы ақпарат алынды.

Сауалнама нәтижесін ескере отырып, арнайы  жұмыс жоспары құрылды.  «Оқуға құштар мектеп» аясында кітапханашы Тохтабулатова Нұрбике Қожахметқызымен бірлесе отырып, 2-сыныптарға Б.Соқпақбаевтың «Ағаштар неге ашуланады», Ы.Алтынсариннің «Таза бұлақ», Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» шығармасын, 3-сыныптарға С.Мұратбековтің  «Жусан иісі», Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа»,  «Аяжан» шығармаларын, 4-сыныптарға Ж.Аймауытовтың «Қартқожа», Б.Соқпақбаевтың  «Шал мен бала», Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз» туындыларын оқуға бердік. Мәселе, оқушылардың бұл туындыларды оқуға деген  қызғушылығын қалай арттыруға болады? Осы тұрғыда бірлесе жоба жоспар жасадық. Оқыту түрлерін жаңаша бағытта ұйымдастыруды көздедік.

    Кітап оқуға құштар орта қалыптастыру мақсатында, ең алдымен, отбасындағы адамдармен, сосын сыныптастарымен бірлесе кітап оқуға  бағыттадық. Мысалы, анасымен бірге, әкесімен бірге, бауырымен бірге, әжесімен бірге, атасымен бірге, сынып жетекшісімен бірге, сыныптастарымен бірге оқуына қолайлы орта қалыптасырдық.  Бос уақытына қарай  оқырмандар конференциясын ұйымдастырып, оқып-түйгендерін ортаға салды. Гимназияның  «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясындағы жоспарына сай Мәжіліс залында оқыған шығармалары бойынша сахналандырылған қойылым қойды. Кітаптан алған әсерлерін бөлісіп, мақала, өлең жазып, шығармашылық тұрғыда дамыды.   Шараға оқушылармен қоса ата-аналар да қызыға, белсене қатысты. Орыстың ұлы жазушысы М. Горький: «Кітап адамзаттың бақыт пен болашақтың құдіретіне апарар жолдағы жасаған барлық кереметтерінің ішіндегі анағұрлым күрделі де ұлы кереметі болуы мүмкін» деген екен. Мектеп қабырғасында оқып танысқан, жан-жақты талқылаған кітабының болашақ өмір жолында да пайдасы тиері анық. Рухани қазына – кітап жас жеткіншектердің досына айналса  деген мақсатта ұйымдастырылған бұл шара жаппай гимназия бойынша жүзеге асты.  Осы орайда, қазақтың классик жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің:  «Кітап аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады» деген пікірі ойға оралады. Расында да, мектеп қабырғасында кітапқа оқуға құштар шәкірт тәрбиелеу арқылы ел болашағына алаңдамауға болады. Ойы  озық, саналы да білімді, кітап оқуға құштар оқушы қалыптастыруға бағытталған, түрлі тақырыптағы оқырмандар конференциясын өткізу ары қарай да жалғасын таппақ.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.