Қасабаева Зухра Назарқызы,
ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы №140 гимназия»
МКК-нің бастауыш сынып мұғалімі
Қазіргі қоғамдағы бала тәрбиесі үлкен шеберлікті қажет етеді. Ақпараттық коммуникациялық технологиялар дамыған заманда бала зейінін көркем әдебиет, әдеби кітап оқуға шоғырландыру қажырлы еңбекті қажет етеді. Қолы қалт еткенде телефонға байланатын балаға одан қызық дүние жоқ секілді көрінеді. Ал оның телефоннан арылып, кітап оқуға құштарлығы артуы үшін біздер, ұстаздар не істей аламыз? Ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев айтқандай: «Ғалымға азық берер қайнар көзі кітап бетімен, лаборатория аумағымен ғана шектелмейді, өмірді танумен, еңбек адамының жасампаз ісін танумен кең өрісін табады». Осы орайда, тәжірибеме сүйене жауап берер болсам, ең алдымен оқушылардан арнайы сауалнама алынды. Онда бос уақытын қалай өткізетіні, телефонға қанша уақыт жоғалтатыны, қандай кітап оқығаны, тіпті қандай кітап оқығысы келетіні туралы ақпарат алынды.
Сауалнама нәтижесін ескере отырып, арнайы жұмыс жоспары құрылды. «Оқуға құштар мектеп» аясында кітапханашы Тохтабулатова Нұрбике Қожахметқызымен бірлесе отырып, 2-сыныптарға Б.Соқпақбаевтың «Ағаштар неге ашуланады», Ы.Алтынсариннің «Таза бұлақ», Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» шығармасын, 3-сыныптарға С.Мұратбековтің «Жусан иісі», Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Аяжан» шығармаларын, 4-сыныптарға Ж.Аймауытовтың «Қартқожа», Б.Соқпақбаевтың «Шал мен бала», Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз» туындыларын оқуға бердік. Мәселе, оқушылардың бұл туындыларды оқуға деген қызғушылығын қалай арттыруға болады? Осы тұрғыда бірлесе жоба жоспар жасадық. Оқыту түрлерін жаңаша бағытта ұйымдастыруды көздедік.