Алматы қаласы, Әуезов ауданы, КМҚК
№49 бөбекжай-балабақшасы
“Қош келдің, Әз-Наурыз!” — атты тәрбиеленушілер мен ата-аналарының қатысуымен мерекелік ертеңгіліктер өтті.
Наурыз мейрамының шымылдығы мектеп алды (қазақ) «Қарлығаш» тобының «Жыл басына таласқан хайуанаттар» көрінісімен түрілді.
Аталған көрініске топтың ата-аналары бір кісідей ат салысқан екен.
“Өнерлінің өрісі кең”, — дегенді ұран еткен аналарымыз әуелетіп ән шырқап, мың бұрала би де биледі.
“Қарлығаш” тобының ата-аналарының бірі Гулжан Калбековна: «Осы балабақшаға біз бастапқы “Сәби” тобынан бері келе жатырмыз. Бізге балабақша ұнайды. Әр күні, әр мерекеде балаларға көп көңіл бөлінеді. Тәрбиешілеріміз өте жақсы жандар. Балаларымыз тәртіпті, ақылды, елгезек болып өсіп келе жатыр. Қазіргі уақытта балабақша қабырғасында
“Ата-ана-бала-тәрбиеші” одағының жұмысы қарқынды дамып келеді. Балабақша меңгерушісі Нишанова Айжан Альжановна және ұжымына алғысымызды білдіреміз.», — деді.
Көктемнің жарқын мерекесі Ересек қазақ «Бүркіт» тобының «Қазақ халқының ұлттық қол өнері» әлеміне саяхат жасауымен жалғасты.
Қолөнер – халқымыздың қасиетімен ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, тамырын тереңге жайып келе жатқан мұрасы. Мереке барысында
әжелеріміз бен аналар салт-дәстүрлерімізді ұлықтап “шашу” шашты. Сонымен қатар құрақ құрауды, оюлы көрпеше жасаудың жолдарын түсіндірді. Аналарымыздың бірі ұршықпен жүн иіріп, ұршық туралы түсіндіріп, қыздарға ұршық иіруді көрсетті.
Дарын атты балақайдың әкесі ағаштан жасалған заттарымен таныстырды. “Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра” дегендей, қазақтың қара домбырасын балабақша балапандарына сыйға тартты.
«Ұлттық қол өнер» әлемі балалардың жүрегіндегі Отанға, салт-дәстүрлерімізге деген махаббатын маздата түскендей. Бұл көңілге қуаныш сыйлайтыны анық.
Мереке ортаңғы орыс «Ерке» тобының әсем әнімен жалғасын тапты. Балалар және ата-аналардың қатысуымен дәстүрден тыс сурет салу, жапсыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, экологиялық тәрбие беру бағыттары бойынша жұмыс жасалды. Аналарымыз құрт жасауды, гүл отырғызуды үйретті.
Балаларға ата-аналарымен бірге жұмыс жасау жақсы әсерін тигізді. Себебі
бала үшін ата-ана игілік жасаушы,
үлгі-өнеге көрсетуші және ақыл-кеңес айтушы болып танылады.
Қазақта «ас атасы – нан» деген сөз бар, яғни астың, дәмнің үлкені – нан. Бала ақ пен қараны ажыратып танымай тұрып-ақ оған оң қолына нан ұстауды, нанды баспауды, тастамауды үйретеді. Ұлыстың ұлы күні мектеп алды орыс «Жұлдыз» тобы «Как на Наурыз пекут хлеб» атты бөлімімен жалғасты. Аналарымыз нан ашытып, оны илеп, бауырсақ, шелпек түрлі нан өнімдерін дайындады. Басты мақсатымыз: “нанның адам еңбегімен келетінін, оған көп еңбек жұмсалатынын жеткізу, нанды қастерлеуге, еңбек адамын құрметтеуге баулу”, — дейді ата-аналардың бірі.
Мектеп алды қазақ «Балапан» тобы мен ата-аналары қазақтың ұлттық ойындарын дәріптеуге шақырды. Қазақтың ұлттық ойындары – бабаларымыздан қалған асыл қазына.
Балабақшада қазақтың ұлттық ойындарын бүлдіршіндерге ойнату мен үйретудің негізгі мақсаты балалардың дене тәрбиесін дұрыс жолға қоюға, спорттық шеберліктері мен мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ бұл халқымыздың ерлік-жауынгерлік тарихын, ерліктің өшпес үлгісін қалдырған қас батырлардың өмір-өнегесімен таныстыруға, өз жерін, өз елін қорғай алатын елжанды, ұлттық намысы мол жігерлі бүлдіршіндерді тәрбиелеуге жол ашады.
Ұлыстың ұлы күнін жоғары дәрежеде ұйымдастырған. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға ат салысқан. «Отбасы-бала-балабақша» одағын бір толқында ұстап, ел ертеңі үшін аянбай тер төгіп жатқан №49 бөбекжай-балабақшасының меңгеруші — Нишанова Айжан Альжановна мен әдіскер — Байжанова Меруерт Айдулдаевна және тәрбиешілер — Иманбаева Алмагул Ермаханбетовна, Сырмақбаева Айжан Ермекбаевна, Нишанова Карлыгаш Альжановна, Елеуова Татьяна Владимировна, Имангалиева Гульмира Ермеккалиевнаның еңбектерін атамай кетуге болмас.
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Наурыз мейрамы құтты болсын, ағайын!
«Bilim Ainasy»,
Алматы қаласынан,
Ақерке Амангелдіқызы