Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы МКҚК № 14 «Ақбөпе» балабақшасында «ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың зияткерлік дамуы» атты қалалық семинар- практикумында қонақта болдым. Арнайы бағдарлама жасалып, өткізіліп жатқан шараның мақсат-мүддесі жазылып, қандай жұмыстарды тамашалай алатынымыз кестеге түсіріліп, таратылды. Семинар балабақша меңгерушісі Гүлбақыт Оңғарбаевнаның сәлемдесуімен бастау алып, дефектолог-мұғалім Лариса Михайловнаның тәжірибесімен жалғасын тапты. «В.В.Воскобовичтің білім беру ойындары арқылы ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың интеллектуалдық дамуы» аясында ұйымдастырылған оқу- әрекетінің барысында, әртүрлі жастағы инклюзивті білімді қажет ететін балдырғандармен жасалған жұмысы тәнтті етті. Еңбектеген бала мен еңкейген қарияға дейін жадында сайрап тұрған «бауырсақ» ертегісімен қойылым көрсетіп, бүлдіршіндердің есте сақтау, жануарлар атауын айыру, түсті таңдай білу сыңды, бір ғана ертегі арқылы бірнеше қырларын дамыта алды. Үстел үстіндегі геометриялық сызбалармен балалар ертегінің кейіпкерлерін бейнелеп, суретін салды.
Сонымен қатар, ересек балалардан жинақталған бір топ ән-күй мұғалімі Татьяна Владимировнамен «дыбыс зертханасына» саяхат жасады. Негізгі мақсат, әртүрлі дыбыстарды айыру, аспаптардың түрлерін ажырату, неден және қалай жасалынғандығын пайымдау. Күтілген нәтиже оң бағасын берді. Жарыса жауап беріп, балдырғандар белсенділік танытты.
Бағдарлама бойынша, келессі топқа қарай бағыттадық. «Сабын көпіршіктерін» өз қолдарымен жасап, түстерді екі тілде жетік ажыратып отырған алғыр топтың тәрбиешісі Анар Хамитовнаның балапандарының өнерін тамашаладық. Көздері мөлдіреп, жанарлары жылулыққа толы баланы көргенде, өзіңнің де жаның нұрлана түседі екен. Қонақтарға өздері әзірлеген арнайы сыйлықтарын ұсынып, ән шашу тарту етті. Балалар арасында ойындар ойнатылып, сұрақ- жауаппен алмасты.
Әрине, семинар қатысушылары да назардан тыс қалмады. Балабақша тәрбиешісі Оксана Николаевна ойындар ұйымдастырып, би билетіп, тәжірибе алмасу мақсатында таныстықтарының нығаюы үшін үлкен үлес қосты. Дастархан жайылып, көңіл нұрға, асқазан асқа толды. Семинар соңында Гүлбақыт Оңғарбаевна келген қонақтарға алғысын білдірсе, қатысушылар да өз ризашылықтарын жарыса жеткізді.
Жалпы, «Ақбөпе» балабақшасында бүгін де 353 бала тәрбиеленіп отыр. Ал, әртүрлі жастағы 11 балдырғанмен инклюзивті жұмыстар жасалуда. Ұжымда 23 педагог, оның 7-еуі — жоғары, 5- еуі- бірінші, 2-еуі — екінші санатты және 8-ге жуық жас мамандары бар. Әрине, еңбек ақталса кімге де болсын мерей емес пе?! Осы тұста әдіскер Галина Ивановнаның атқарған жұмыстарын ерекше атап өтіп, бүгінгі өткен шара соның айғағы, ұжымның бірлестігі айнымас дәлелі дегім келеді. Жүсіп Баласағұни сөзімен: «Бала нені білсе жастан, ұядан – Өле өлгенше соны таныр қиядан», –демекші, балабақшаның ішкі өмірі әркімге қызық болмақ…
Диана НҰРБЕКҚЫЗЫ
“BILIM AINASY”
Нұр-Сұлтан қаласы