Home » Білім және тұлға » Ұстаздық еткен жалықпас…

Ұстаздық еткен жалықпас…

«Жақсының жақсылығын айт» жобасының бүгінгі кейіпкері Қосшы ауылының N1 орта мектебінің Қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Исина Гүлдариға Есламбекқызы.

Ұстаздар отбасында дүниеге келіп, бала күнінен ұстаздың тәрбиесін көрген кейіпкеріміз осы салаға қызығушылық танытқан. Есейе келе бала арманы, шындыққа айналып, әке жолын қуып Арқалық педагогикалық университетінің қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алады.
Бір қызығы артынан ерген іні-қарындастарыда ата кәсіптен ажырамай, ұстаздық жолды таңдаған. Еңбек жолы сонау Тәуелсіздікпен тұспа-тұс келген педагог, Арқалық қаласы Жангелді ауданы Речной совхозында бастаған. Содан бері міне, табаны күректей 27 жыл өтсе де білікті ұстаз үйреткенімнен үйретерім көп дейді. Бүгінде Қосшы ауылында 22 бойы бел жазбай қызмет етуде.
Осынау саналы ғұмырында оқушыларға білім беріп қана қоймай, үнемі ізденіс үстінде жүретін маманның атан түйеге жүк болар жетістіктері де жоқ емес. Оның ішінде жыл сайынғы өтіп жатқан «педагогикалық понорама» деп аталатын халықаралық конкурста қара үзіп, І дәрежелі дипломмен марапатталса, былтыр «Облыстық понорамалық идеялар» деп аталатын видео сабақ байқауында І орын алған ұстаз өзін жетілдіру үшін кез келген шара яки байқауларға қатысудан тартынбай керісінше аталмыш шараларға бағын сынап, біліктілігін арттыруға дайын екенін жеткізді.
Бүгінде ұлттық бірыңғай тестілеуде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнін таңдаған шәкірттерінің алды мұғалім, журналист болып қызмет істейтінін де тілге тиек ете кетті. Жалпы, шәкірттері аудандық, облыстық Абай, Мұқағали оқуларында жүлдесіз оралған кезі болмаған екен.
«Ширек ғасыр тәжірибеңізге сүйене отырып, ұстаз бойынан табылуы керек әуелгі қасиеттер қандай?» деген сұрағымызға:
— «Сабырлылық, шығармашылық ізденіс, жасап жатқан жұмысыңызға деген махаббат әрі алдыңа келген оқушыға деген мейірім, кез келген ұстаз өзінің жылдар бойы жинаған білімін кейінгі ұрпақтың бойына сіңіру керек», — деп қысқа һәм түсінікті жауап берді.
Ұстаздың мойнына жауапкершілікті үйіп қойған жоқпыз ба деген астарлы сауалымызбен кейіпкеріміз келіспейтінін айтты.
«Кейбір әріптестерім мүмкін жұмысым көп, бала тәрбиесі бар, оның үстіне қағазбастылық бас көтертпейді деп шағымданатын шығар. Мен ондай пікірмен келіспеймін. Қағаз бен қалам — біздің жұмысымыздың ажырамас бір бөлшегі. Оны бөле-жара қарауға болмайды. Бүгінгі білім саласында жүрген мамандар іс қағаздармен қоса технологияның да тілін білуі шарт. Заман талабы сондай. Ұстаздар тек білім беріп қана қоймай, күнделікті білім саласына енетін өзгерістерге дайын әрі бейімді болғаны ләзім» деп пікір білдірді.
Сырт қарағанда қарапайым ғана мектептің өзі бір қайнап жатқан қазан іспеттес. Оны жете түсіну үшін сол білім ордасының қазанында қайнап, ас үйінде жүру керек. Міне біз бүгін сондай бір білім ордасының жүрегіне айналған мұғаліммен әңгіме-дүкен құрып, өнегелі өмірін үлгі етпекке тырыстық.

АРНАБЕК Нұрбол,
«Bilimainasi»,
Нұр-Сұлтан қаласы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.