Home » Жаңалықтар » Ұстазы мықтының ұстанымы мықты

Ұстазы мықтының ұстанымы мықты

Соңғы кезде қоғамымызда білім саласына қатысты көп сын, жаңа оқу мазмұнына байланысты  сан түрлі пікірлер айтылып жүр. Мұғалім мәртебесіне қатысты заң жобасының талқылануы еңбегі елене бермейтін білім қызметкерлерінің тыныс-тіршілігіне үңілген қоғамның қызығушылығын арттыра түсті. Көбіне мұғалім жұмысын үстірт бағалап, «жақсы», «жаман» деп айдар тағатын көпшілік мұғалімнің мектепте де, үйде де үздіксіз жұмыс істейтінін біле бермейді.

Мінекей, отыз жылға жуық уақыт мектепте еңбек етсем де «Оқыта отырып өзіміз оқимыз» — деп Сократ айтқандай, әр сабақта оқушыларыммен бірге қайта оқимын. Химия ғылымының құпия сырларын шәкірттеріммен бірге ашып, бірінде оқушылармен бірге жылу машинасын іске қосатын реакция ойлап табамыз, бірінде бізді қоршаған заттардың қасиеттері неге алуан түрлі екендігін анықтаймыз, химия саласындағы соңғы жаңалықтардың әкелер пайдасы мен залалы туралы дәлелдер іздейміз. Ең күрделі саналатын адам миында өтетін үрдістерді – қуаныш пен ренішті, көңілденіп күлуді, балаша мәз болуды сипаттайтын химиялық реакциялардың сырын  біліп, әлемді, жаратылысты тануға талпынамыз. Қолдан сабын жасау, тұрмыста күнделікті жиі қолданатын кейбір заттардың құрамын анықтауға арналған зертханалық жұмыстарда өзіндік тұжырым жасауға үйренеміз. Кейде қазақ халқының ертедегі түтінмен аластау, тері илеу, қымыз ашыту, сабын жасау, бояу алу жолындағы «химиялық» ізденістері мен әлемдік химияның даму болашағы туралы айтысып жатамыз. Осындай сәттерде бүгінгі оқушыларды оқыту үшін қаншалықты көп білу керек екендігін айқын сезінемін. Олардың сабақтағы ересектерше ой қорытуларына, тұжырымдары мен сөз саптауларына қарап «Бала деген жоқ, басқаша түсінігі, басқаша тәжірибесі, басқа қызығушылығы бар, барлығын басқаша сезініп, басқаша қабылдайтын адамдар бар. Біз оларды білмейтінімізді үнемі есте ұстауымыз керек» деген Януш Корчактың сөзі есіме түседі. Шәкірттерімнің сабақ барысында кейде ойлы, кейде ойнақы, кейде ашулы, кейде қуанышты, кейде мұңды болып сан алуан құбылатын көздеріне қарап «менің бүгінгі сабағымнан өз өмірлерінде пайдалы болатын не алды екен?, бүгін мен оларды неге үйреттім?» деп ойлаймын. Құрылысшы мектеп ғимаратын салғаны үшін жалақы алса, ал мен ұстаз ретінде өз оқушыларымның ой-санасы мен жан дүниесіне не салып жатырмын? Егер менің сабақтарым арқылы шәкірттерім ойлауға, ойлап табуға, анықтауға, дәлелдер іздеуге, өзіндік тұжырым жасауға үйренсе мен «салған ғимараттардың» іргетасының берік болғаны деп ойлаймын.

Жыл өткен сайын мен өзім таңдаған мамандықтың кісіні үздіксіз талдау жасап, үздіксіз оқитын оқушыға айналдыратын күшіне, өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын жандарға ғана есігін айқара ашатын құдіретіне тәнті боламын. Мектепте жұмыс істегелі қуаныш пен бақытқа, үміт пен күмәнға, қобалжу мен толқуға толы үш онжылдықтың соңғы жеті жылы Назарбаев Зияткерлік мектебінде өтіп жатыр. Егер осы жеті жылда менің кәсіби дамуыма елеулі ықпал еткен маңызды оқиғаларды тізбектей атайтын болсам, олар 23 жылда болған жайлардан әлдеқайда көп болар еді. Өйткені жаңа сипаттағы, жаңа мазмұндағы білім ошағының өз ұстаздарына қояр талабы да жаңа. Ондағы оқиғалардың өрбу қарқыны да, техникалық жаңашылдықтардың тәжірибеге ену жылдамдығы да сені алға жетелейді. Әл-Фараби сөзімен айтсақ,бүгінгі Зияткерлік мектеп мұғалімі «Жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек». Осы қасиеттерге ие жаңа мектептің жаңаша ойлайтын жаңашыл ұстазы болу үшін жұмысыма сапалық серпіліс жасап, әр күні «өз мінімді қолға аламын», бойымда бар қасиеттерді шыңдап, жоғына оқып үйреніп, бойыма дарытсам деймін. Іргесі енді қаланған, еліміздің білім жүйесін ілгерілетін жаңа күші бар, Елбасы назарындағы Зияткерлік мектеп мұғалімі болу мен үшін үлкен жауапкершілік, үлкен мақтаныш.

Бұрын – соңды белгілі химиялық әдістерді пайдаланып, кез-келген металды алтынға айналдыра алатын, «философия тасын» табу жолында аянбай еңбек еткен алхимиктер сияқты менде осы жылдарда педагогикалық қолтаңбамды көрсететін өз «тасымды» табуға тырысудамын. Әрбір кезекті сабағыма дайындалу барысында оқушыны таңқалдырып, қызықтыратын, назарын еріксіз аудартатын, сабақтың өзегі болатын басты нәрсені іздеймін.Себебі оқушылардың сабақтағы жоғарғы танымдық белсенділігі тек балалар үшін қызық болған сабақта ғана көрінеді. Балалардың пәнге деген қызығушылығын тудырып, танымдық, шығармашылық белсенділігін арттыру үшін бір сабақтың қаншама түрін ой елегінен өткізесің. Бүгінгі күнгі басты қағида— оқыта отырып баланы дамыту емес, дамыта отырып оқыту болғандықтан сабақтарымда баланы заманына қарай икемдеу жолдарын, өз заманының озық өнегесін санасына сіңіру сырларын іздеймін.

«Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» демекші, егер мен оқушылардың менің пәнімді жақсы көргенін қаласам, өзім оқытатын пәнімді, оқушыларымды жақсы көруім керек. Егер мен оқушының менің сабағымда ерекше ықыласпен жұмыс істегенін қаласам, онымен бірлесе, бірге жұмыс істеуім керек. Егер мен оқушы сабақта өзіндік бастама көтеріп, белсенділік танытсын десем, өзім оған қозғаушы күш болып, өзім ой салуым керек.

Әр оқушыны күш қуаты жеткілікті, мүмкіндігі мол, шын дарынды екеніне сендіру –менің қолымдағы құдіретті күш, өйткені сенім үлкен жеңіске жетелейді.Сонда ғана оқушыларым білімі, оқудағы табандылығы, ойлауы мен адамгершілік қасиеттері жағынан озуға ұмтылады, бәсекеге қабілетті бола алады.

Мұғалім болашаққа жұмыс істейді, оның еңбегінің нәтижесі тек жылдар өте анықталып, азамат болған шәкірттерінен көрінеді.

Келешекке көз жүгіртсем, ойы ұшқыр, сезімі сергек, білімі мен ақылы зор абзал азамат, үлкен адам болған өз шәкірттерімді елестетемін.

Қойны химиялық элементтер қазынасына толы қазақ жерінің байлығын игеретін, экономикасын дамытып, жаңа сатыға көтеретін еліміздің ертеңі – бүгінгі менің шәкірттерім болатынына мен кәміл сенемін.

 

Уралбаева Қарлығаш

Нұр-Сұлтан қаласы

физика-математика бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің

 химия пәнінің мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.