Home » Жаңалықтар » Білім саласындағы жемқорлықпен күресу керек

Білім саласындағы жемқорлықпен күресу керек

Аружан қызым  – 2 сыныптың үздік оқушысы. Бір күні үй жұмысының дұрыстығын тексеріп отырғанымда, оның тосын сұрақ қойып қалғаны бар. «Анашым, мен шипажайда оқығанымда, ағылшын тілінің мұғалімі Шұғылаға туған күні болғаны үшін «5» деген баға қойды. Бұл – адалдыққа жатпайды ғой, бұл – арамдыққа жатады. Бағаны адам өз еңбегімен алуы керек», — дейді. Мен баланың бойындағы адалдық, әділдік туралы пайымына разы болып: «Мүмкін мұғалім ол қызды сабаққа ынталандыру үшін туған күніне сыйлық жасаған болар, кім білсін?!» — дедім. Ол оқушының туған күні, сұлу көзі немесе көңілі үшін жоғары бағалаудың қажеті жоқтығын айтты.

    Иә, сыни ойлау арқылы адалдық пен арамдық, әділдік туралы пікірі ерте қалыптасқан қара қызымның болашақта жемқорлыққа қарсы тұратын жалынды жастың бірі болып өсіп келе жатқанына шын қуандым. Әрі бұл оқиға білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жайлы мақала жазуыма түрткі болды.

Жалпы, жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптасуы үшін олар сыбайлас жемқорлықты елдің дамуын тежейтін аса қауіпті дерт деп тануы тиіс. Бұл үшін әрбір ата-ана бауыр еті баласына құқықтық сауаттылықты үйретіп, еліміздің заңнамаларын білу әр адамның өз іс-әрекетіне, жарқын болашағына сенімділігін күшейтетіндігін түсіндірсе, қоғам ақырындап жемқорлықтан  арылар ма еді?

Бәрін айт та бірін айт, ал туған өлкемнің былтырғы статистикасы бойынша жемқорлықтың алдыңғы шебінде Жамбыл облысының көрінгені көңілге қаяу түсіреді. Сондықтан да жемқорлықпен күресу  облыстағы әрбір тұрғынның міндеті.  Ал, болашақта жемқорлықтың нышанын көрмес үшін жастар арасында білім саласындағы жемқорлықпен күресу керек.

Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының баспасөз қызметінің айтуынша, Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласының мектептерінде 6000-нан аса мұғалім еңбек етеді. Ал, облыс әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаев 2020 жылдың 19 ақпан күні халыққа есеп беру кездесуінде: «Ең үлкен мәселе – ол білімнің сапасы», — деп, білім саласының кем-кетіктерін қаузаған. Осы орайда облыстың білім саласында былық бар ма деген сауал көкейде туындайды. Білім саласындағы жемқорлықтың алдын алу үшін не істеу қажет? Бұл мәселенің анық-қанығын білу мақсатымен Тараз қаласындағы JAMBYL ADALDYQ ALANY жобалық кеңсесіне бас сұқтық. Кеңсе басшысы Назима Дәрменқызы Жувандикова және бірлескен ұжым тарапынан білім саласындағы жемқорлықтың алдын алу мақсатында биыл бірталай іс атқарылған. Оның бірі ең әуелі облыс орталығындағы мектеп мұғалімдерінің мәртебесін көтеру үшін 6000-нан аса ұстаздарға «Жамбыл адалдық алаңы» жобалық офисінің қызметкерлері жеке қоңырау шалып, мектеп ұжымында ақша жиналып жатқан жоқ па деген сауал қойылыпты. Бұл әрине жемқорлықты ауыздықтау үшін оң нәтиже берері аз жұмыс, өйткені еліміздің менталитеті бойынша арыз жазуға қарапайым халық келісе бермейді. Дегенмен, жасырын анкеталық сауалнамалар жемқорлықтың білім саласында  азды-көпті жоқтығын жасырмайды.

Бұл тұста жоғарыда аталған жобалық кеңсенің статистикалық мәліметтерін келтірейік. Мектеп ата-аналар және мұғалімдер арасында жүргізілген сауалнама бойынша «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы аясында Тараз қаласы мектептерінде тұрмыстық сыбайлас жемқорлық деңгейін анықтау мақсатында сауалнама 33 мектепте (№45, 47, 48, 39, 30, 42, 49, 41, 3, 54, 44, 50, 26, 37, 9, 18, 21, 17, 11, 27, 38, 12, 7, 53, 32, 5, 2, 4, 8, 10, 23, 51, 13) наурыз айының 2-нен 13-не дейін өтті. Сауалнамаға жалпы 500 ата-ана, 173 мұғалім қатысты.

Сауалнама барысында келесі сұрақтар қойылды:

Мұғалімдерге:

  1. «Мектеп ішінде ақша жинау фактілері кездеседі ме?»;
  2. «Мұғалімдер арасында неге жиі ақша жиналады?»;
  3. «Осы қызметіңізге қалай орналастыңыз?»;
  4. «Мектеп директоры тарапынан қысым жасалады ма?».

Жалпы сауалнамаға қатысқан 173 мұғалімдерден 140 (81 пайыз) жемқорлық фактілерін кездестірмегенін көрсетсе,   33 мүғалім (19 пайызы)  жемқорлық фактілерінің бар екендігін атап көрсетті.

Сыбайлас жемқорлық фактілерін көрсеткен мүғалімдер №49 мектепте 11 ден 4-і, №41 – 6/2, №3 – 20/2, №44 – 29/4, №50 – 9/5, №18 – 19/5, №21 – 6/3, №7 – 6/2, №53 – 6/2, №32 – 3/1, №2 – 3/1, №13 – 13/2, оның ішінде №№ 3, 50 мектептерде басшының туған күніне ақшалай сыйлық бергенін, №№ 49,41,44,50,18,21,7,13 мектептерде газет-журналдарға мәжбүрлеп жазу тәжірибесі бар екенін,  сауалнаманың үшінші сұрағына 2 мұғалім таныспен жұмысқа кіргенін көрсеткен.

Ата — аналарға:

  1. «Мектепте мұғалімдер немесе әкімшілік тарапынан Сіз сыбайлас жемқорлық көрістеріне тап болдыңыз ба?»;
  2. «Мектепте мерекелік іс-шараларға ата-аналардан ақша жинайды ма?»;
  3. «Мектепте ата-аналардан мектептің немесе сыныптың қажетті құрал-жабдықтарына ақша жиналады ма (жөндеу жұмыстарына, кеңсе тауарларына, жуу және шаруашылық заттарына, спорттық тауарларға және т.б.)?»;
  4. «Егер сіз пара алатын мұғалімдерді (немесе әкімшіліктің біреуін) білсеңіз, параның өлшемін (сыйлығының) көрсетіңіз».

Жалпы сауалнамаға қатысқан 500 ата-аналардан 458 (92 пайыз) жемқорлық фактілерін кездестірмегенін көрсетсе, 42 ата-ана (8 пайызы)  жемқорлық фактілерінің бар екендігін атап көрсетті.

Сыбайлас жемқорлық фактілерін көрсеткен ата-аналар №45 мектепте 48 ден 3-і, №47 – 38/2, №48 – 24/3, №39 – 23/1, №42 – 11/2, №41 – 6/2, №3 – 36/5, №44 – 32/2, №50 – 11/2, №26 – 8/2, №18 – 17/2, №53 – 9/1, №5 – 23/3, №4 – 8/1, №8 – 37/1, №10 – 21/1, №23 – 11/3, №51 – 1/1, №13 – 38/6 оның ішінде № 5 мектепте қорға ақша жинау, №№ 10,23,13 мектептерде жөндеу жұмыстарына, мерекелерге ақша жинау тәжірибесі бар екенін,  ал № 26 мектепте ата-аналар сыйлық алатын 2 мұғалімнің аты-жөнін (Б.Ұ. және С.Ф.) көрсеткен.

      Яғни білім саласындағы былықтың орын алуы туралы ақпаратты дәл осы жасырын статистикалық сауалнама нақытылап тұр. Бұл тұста білім саласындағы жемқорлықтың алдын алу үшін не істеу керектігі жайлы қыр-сырлы пайымдасақ, «Жамбыл адалдық алаңы» жобалық офисінің бірқатар бағыттағы жұмыстарын  жалғастыру керек. Мәселен, балалардың адалдыққа тәрбиелеу үшін эссе жазу, сурет салу және «Үздік сынып» байқауларының ережелері жасалып, конкурстарды өткізу бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп, «Жамбыл адалдық алаңы» жобалық офисі мен департамент бірлескен,  қашықтықтан 4 байқау жарияланды. Атап айтсақ, 1 – 4 сынып оқушылары арасында «Адал және сатылмайтын еңбек бейнесі» атты көркем сурет байқауы,  5-7 сынып оқушылары арасында  «Карикатура» байқауы, 8 – 10 сынып оқушылары арасында  «Парасатты болашақ» атты эссе байқауы. Байқауға 13 – 20 мамыр аралығында жұмыстар қабылданып, 22 – ші мамыр күні жеңімпаздар анықталды.

Білім беру мекемелерінің қашықтан оқытуға көшуіне байланысты  кезекті «Адалдық сағаты» республикалық акциясын онлайн форматында өткізу жоспарланып, ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай, оның тақырыбы «Адалдықты мұра еткен Ұлы Абай»  ретінде айқындалды. Яки, бұл жерде Абай арқылы да әділдікті ту етіп, жан-жақты жұмыс істеген «Жамбыл адалдық алаңы» кеңсесіндегі мамандардың біліктілігі мен еңбекқорлығы, жемқорлықсыз жарқын болашақ үшін жасалған үлкен қадамы деуге болады. Жалпы, білім саласындағы жемқорлықты ауыздықтау үшін ата-ана мен мұғалім, мекеме басшысы, тіпті оқушы бірігіп тиянақты адал еңбек етсе, әлеуметтік қоғам жемқорлық секілді қылмыстар мен құқық бұзушылықтан бойын аулақ ұстайтын еді.

P.S. «Әділдік әкімдіктен күшті» деп Жүсіп Баласағұни айтқандай, әділ сөйлеп, адал жүргендер еліміздің парасатты, жарқын келешегі екендігін ұмытпауымыз тиіс!

Жансая Пернебаева,
«Bilim ainasy»,
Жамбыл облысы,
Тараз қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.