Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Химия және химиялық технология факультетінің студенттері арзан, әрі қолжетімді рН-метр құрылғысын құрастыру және оны жетілдірумен айналысуда. Аналитикалық химия, азық-түлік өндірісі және химиялық өнеркәсіптің әр саласынан бастап ғылыми-зерттеулерге дейін қолданылатын рН-метр, басқаша айтқанда потенциометр құрылғысы – тек сутек ионының концентрациясын өлшеп қана қоймай, өзге де химиялық заттардың концентрациясын анықтауға мүмкіндік беретін әмбебап құрылғы болып табылады. Өндіруші мен қолданылатын технологияға, қосалқы бөлшектерінің ерекшелігіне байланысты рН-метрдің нарықтағы бағасы 400$ -дан 2000$ аралығында ауытқиды. Ал ҚазҰУ 1 курс магистранты Қойшыбекова Айжан мен 3-курс студенті Ақылжан Шынар құрастырып шығарған құрылғының бағасы небәрі 25$ құрайды. Бұндай нәтижеге олар Arduino ашық платформасы негізіндегі микроконтроллерді қолдану арқылы қол жеткізген.
Аталмыш микроконтроллердің басты ерекшелігі оның ашықтығында және Arduino IDE бағдарламасында тегін басқару кодтарын жазу мүмкіндігінде, сол себепті де бұл платформа қолжетімді болып есептеледі. Бұл жоба студенттердің тарапынан бастама алғандықтан олар: микроконтроллерді тапсырыс беріп алу, потенциометрдің құраушы бөліктерін жинау, басқару кодтарын жазу мен құрастырылған рН-метрді калибрлеу және оны белгісіз ерітіндіні зерттеуде қолдануға дейінгі сатыларды аса жоғары ыждағаттылықпен орындап, ерекше құнды қабілеттіліктерді меңгеріп шықты. Олай деп айтуымыздың себебі, олар оң нәтижеге қол жеткізу үшін бірнеше ғылым саласын: электрхимия, аналитикалық химия, программалау т.с.с. тоғыстырып, білім алып жатқан мамандықтарының бағдарламасынан тыс ақпараттарды игерді. Нәтижесінде рН өлшеу дәлдігі 0,002 болатын, қашықтықтан басқарылатын, LCD дисплеймен жабдықталған потенциометр құрылғысын жасап шығарды. Бұл құрылғыны оқу процесінде зертханаларда, ғылыми зерттеулерде және басқада қажеттіліктер үшін қолдануға болады. Сонымен қатар жоба авторлары Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттік бизнес-инкубаторлары аясында «Ең үздік студенттік инновациялық жобалар» байқауында 72 жобаның ішінде жүлделі 2 орынмен және қаржылай сыйақымен марапатталды. Жоба жетекшісі – аналитикалық, коллоидтық химия және сирек элементтер технологиясы кафедрасының аға оқытушысы, PhD Авчукир Хайса. Мұндай жобалардың нәтижесінде студенттер әртүрлі марапаттарға ие болып қана қоймай, зертханада қолданылатын құрылғылардың жұмыс істеу принципін терең түсіне білетін, еліміздің ғылым-білімдегі әлеуетін арттыратын ерекше маман болып қалыптасады. Университет қабырғасында білім алушы студенттердің осындай бастамасын үлгі тұта отырып, болашақта бұдан да күрделі құрылғыларды құрастырып, оны ел игілігіне жарататын білімді де, білікті азаматтар болуына әрқашан тілекшіміз.
ҚазҰУ аналитикалық, коллоидтық химия
және сирек элементтер технологиясы
кафедрасының аға оқытушылары, PhD:
Рахымбай Гүлмира, Авчукир Хайса,
Бахытжан Елдана
кафедра меңгерушісі
қауымдастырылған профессор Аргимбаева Ақмарал