Home » Жаңалықтар » Ұлттық құндылықтарды дәріптеу

Ұлттық құндылықтарды дәріптеу

Алматы қаласы, Алатау ауданы №156 жалпы білім беретін мектепте 2024 жылы 15 наурыз күні «Ата-аналарды білім беру ұйымдарында педагогикалық қолдау орталығы» бағдарламасы негізінде құрастырылған ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу мақсатын жүзеге асыруға арналған тәрбие жоспарларына сәйкес директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Мустафинова Г.С., Оразалиева Э.Н. ұйымдастыруымен «Әкеге қарап ұл өсер» және «Кыз – еркем, анасымен көркем» атты мектепішілік отбасылық әкелер мен аналардың зияткерлік сайысы болып өтті.

Біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында өткізілген іс-шараның басты мақсаты: тәрбиенің қалыптасқан құнды тәжірибесіне сүйене отырып, XXI ғасыр отбасы мүшелерінің бойына рухани-адамгершілік, ата салт-дәстүріндегі тәрбиелік құндылықтарды сіңіру. Осы арқылы бірліктерін, ынтымақтастықтарын нығайту, бір-бірін сыйлау, сенімділік, адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру және отбасындағы әке мен ананың бала тәрбиесіндегі рөлі туралы түсінік беру. Ата-аналардың мектеппен, мұгаліммен, басқа ата-аналармен тұрақты қарым-қатынасын қалыптастыру.

Баланы білімділікке жетілдіруде  отбасының алар орны бөлек. Ал оның ішінде бала үшін әкенің орны бір бөлек. «Әкең барда орындалар арманың», — дегендей, өмірдегі керегіңді алдымен бір Алла, екінші әкең берері анық. «Ана — сая болар бағың болса, әке асқар тауың», — дейді қазақта. Әкені сыйлау, құрметтеу, оның отбасындағы орнын қастерлеп, қадірлеу — кез келген баланың борышы. Әке — асқар шың, бақыттың алтын бағы. Әке — баланың тірегі, лүпілдеген жүрегі, ойындағы санасы, өмірдегі панасы. Әкенің мінез- құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі  — баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін нысанасы.

Ұлт ананың мәдениетінің негізінде қалыптасып, дамиды. Өмірге келген ұрпақ бүгінгі ананың негізінде қалыптасады. Кешегі, бүгінгі, келешекте ана бәрінің өзегі болмақ. Ұлттың жүрегі, тынысы болмақ. Ананың міндеті – руханилық пен адамгершіліктің негізін салу. Ана бала тәрбиесінде ерекше тұлға. Тәрбиенің негізі «ананың әлдиінен» бастау алады. Ана тәрбиесі ұлылық дәнін себеді.

Осы аталғандардың барлығын басшылыққа ала отырып отбасылық сайыстар мен байқауларды мектеп қабырғасында жиі ұйымдастырып тұру керектігін өз кезегінде мектеп директоры Темиргалиева Манар Бидахметовна атап өтті. Мектептің мәжіліс залында өткізілген іс-шараны ұстаздар қауымы, оқушылар мен ата-аналары тамашалады.

Қатысушы әкелер төмендегідей кезеңдер бойынша сайысқа түсті:

  1. «Әке көрген оқ жонар». Бұл бөлімде әке мен бала бірігіп бейне роллик немесе слайд шоу көрсету арқылы өздерін таныстырды.
  2. «Мен сенің өміріңнің жалғасымын». Бұл бөлімде әке мен бала өнер сайысына түсті.
  3. «Білекті бірді жығады — білімді мыңды жығады». Бұл бөлімде қызықты сұрақтарға жауап беріп, ой шыңдарын дәлелдеді.
  4. «Күш — атасын танымас». Әке мен бала бірігіп спорттық сайысқа түсті.
  5. Үй тапсырмасы. Бұл бөлімде үйден жасап келген сәндік бұйымдарын таныстырды.

Қатысушы аналар төмендегідей кезеңдер бойынша сайысқа түсті:

  1. «Сәлем — сөздің анасы» (таныстыру, презентация түрінде)
  2. «Он саусағы майысқан шебер болар ұрпақпыз» (үй тапсырмасы, шығармашылық қолөнер)
  3. Өнер көрсету (би, ән орындау (екеуі бірге)
  4. Тіл өнері (мақал- мәтел сайысы)
  5. Сұлулық сыры (шаш үлгісі, киім үлгісі)

Сайысқа мектебіміздің 2 «А» сыныбының атынан Жұмабек Ирада анасы Орынбай Гүлназизбен, 2 «Б» сыныбынан Бейсибай Кәусар анасы Сарсенбаева Мөлдірмен, 2 «Г» сыныбы атынан Халық Анель анасы Нурмухамбетова Гүлжанмен, 3 «Д» сыныбынан Диханбай Кәусар анасы Таутенова Жансаямен, 3 «Б» сыныбы атынан Құсайын Адина анасы Байкулова Әсеммен, 4 «А» сыныбы атынан Нұрланқызы Ақжан анасы Олжабаева Жазирамен, 5 «А» сынбынан Бисенбай Іңкәр анасы Сәмбетбаева Жұлдызбен  белсене қатысты.

Осы аталған бөлімдер бойынша әр топ өз өнерлерін жан-жақты жоғары деңгейде көрсете білді, сонымен қатар тапқырлықтарын, біліктіліктерін, білімдерін ортаға салып, көрермендерге мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сайыс қорытындысы бойынша қатысушылар «ӨНЕРЛІ ОТБАСЫ», «ҮЛГІЛІ ОТБАСЫ», «ШЕБЕР ОТБАСЫ» номинациялары бойынша және де I, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталды.

Байқауға қатысушыларға әділ бағаларын беріп, қорытынды шығарған әділқазы алқалары, мектебіміздің ардагер ұстаздары — Сейілханова М.С., Ережепова Б.Е., Бигашева Ж.Б. қазақтың ұлттық киім үлгілерін паш етіп, кимешек, сәукеле киіп келу арқылы білім алушыларға ұлттық киім үлгілерін де насихаттады.

Ардагер ұстаздарымыз өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл кеңестерін айтты. Сейілханова М.С. көрермендер мен байқауға қатысушыларға өз орындауында ән шашуын тарту етті. Адамның айнаға қарап өзін түзегені секілді, балалары да ата-анасынан өнеге, ғибрат алып, кішіпейіл, ибалы, инабатты болып өсетініне тоқтала отырып, жиналған қауымға ақ баталарын берді.

Байқауды мектептің ән үйірмесінің жетекшісі Аяпбергенов Болат ағайдың дарынды да өнерлі, әнші балаларының орындауларындағы түрлі әндері және мектебіміздің «Ақнұр», «Айнұр», «Гүл қыздар» бишілер тобының мың бұралған биші қыздарының билері көркемдеп, жандандыра түсті.

Сайысқа қатысқан ата-аналар мектеп ұжымына деген ризашылықтарын білдіріп, бата-тілектерін білдіріп, бала тәрбиесіне баса назар аудару – заман талабы екеніне тоқтала отырып, осындай шаралардың жиі ұйымдастырылуының маңыздылығын да айтып өтті.

Аудандық Білім бөлімі ұсынған «Наурыз» мерекесі қарсаңында әр күнге жоспарланған шаралар негізінде мектебімізде «Жаңа өмір, жаңа жыл, жаңа күнмен  көрісу», «Жақсылық жасауға асығайық»,  «Ұлттық құндылықтарды дәріптеу», т.б. түрлі ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу мақсатын көздеген іс-шаралар әлі де жалғасын табады.

 №156 ЖББ мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Оразалиева Эльмира Нуржановна

2 комментария

  1. Нурсулу Раимова

    Жұлдыз молодец!

  2. Әйкерім

    Жұлдыз, Іңкәр, жарайсыңдар!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.