Елорда төрінде өткен алқалы жиында Оралдағы М.Ықсанов атындағы №36 орта жалпы білім беретін мектеп ұжымының кәсіби шеберлігі жоғары бағаланып, мектеп директоры Азима Ғұбашеваға ҚР Білім және ғылым министрінің алғыс хаты тапсырылды.
Бұл қандай, не үшін берілген марапат дейтін болсақ, оралдық білім ордасына мұндай құрметтің көрсетілуі кездейсоқтық емес. Нұр-Сұлтан қаласында 13-14 тамыз күндері республика бойынша жаңартылған білім мазмұнының оқу-әдістемелік кешендерін апробациядан өткізген пилоттық мектептердің жұмысы қорытындыланған Тамыз кеңесі өтті. Сол басқосуда пилоттық жобаның жұмысын абыроймен атқарған Оралдағы М.Ықсанов атындағы №36 орта жалпы білім беретін мектептің басшысы А.Ғұбашева ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің алғыс хатымен марапатталды.
Аталған мектеп педагогтарының жаңартылған білім мазмұнын апробациялау бойынша пилоттық жобаны ойдағыдай еңсергені туралы бұған дейін де жазған едік. Төрт жыл бойы жаңа жүйемен жасалған жұмыс, ұстаздар мен ата-аналардың жұмыла әрекет еткен еңбегі осылайша ескерусіз қалмады.
– Жаңартылған білім мазмұнын енгізу барысында біздің ұжым табысты жұмыс жасады. Бұл сөзіме ата-аналардың зор қолдауы, оқушы сұранысы мен қажеттілігінің қанағаттандырылуы, мұғалімдердің әлеуеті мен сапасының артуы дәлел. Осы төрт жыл ішінде қоғамның жаңаша білімге деген қызығушылығын арттыруға атсалысқан мекемелерге, ата-аналарға, әріптестеріме алғысым шексіз, – дейді өз қуанышымен бөліскен мектеп директоры Азима Зиннатқызы.
Естеріңізге сала кетсек, 2015-2016 оқу жылында ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес жаңартылған білім мазмұнының оқу-әдістемелік кешендерін апробациядан өткізу жұмыстары басталған болатын. Республика бойынша пилоттық жобаға қамтылған отыз мектептің екеуі – біздің өңірімізден болса, соның бірі – Оралдағы ЖББ М.Ықсанов атындағы №36 мектеп. Сол жылы мектепте ашылған үш сыныптағы эксперименттік жұмыстар биыл өз мәресіне жетті.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«BILIM AINASY», Орал