Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады”- деп Абай атамыз айтқандай, тәрбиешінің де бала өмірінде алатын орны ерекше. Себебі тәрбиеші- балабақшадағы басты тұлға. Ол балабақшаны бақша деп алып, келген бала гул болса, онда ол сол гүлді баптап, күтіп, барлық жәндіктер мен құстардан қорғайтын бағбан. Гүліміз бала болса, бағбанымыз тәрбиеші. Балаға бағыт беріп, дұрыс жол көрсетіп, тәлім-тәрбие беретін, балаға бар жан жылуын сыйлап, құшағына, махаббатына бөлейтін отбасынан кейінгі екінші анасы. Балабақшаға алғаш қадам басып келен бала, ол өзін жаңа ортаға келгенін сезініп, бойында қорқынышы мен үрейі басымырақ болып, жатырқап жылап, үйге қайтуға әрекет жасай бастайды. Ондай баланы бірден өзіне қаратып, оны көндіру оңай емес. Неге? Себебі, топтағы әрбір бала бір ашылмаған сыр, құпия. Топтан шамамен он алты бала болса, әр баланың мінезі әр түрлі болады. Былайша айтқанда он алты мінез, он алты қылық, он алты іс-әрекет. Әр бала бейімделуді әр түрлі қабылдайды. Бір бала балабақшаға келген сәттен бірден үйреніп кетеді, екінші бала баяу, барлық нәрсеге мұқият қарап, бақылайды, әр нәрсені байыппен жасайды. Ал үшінші бала ешкіммен араласпай, бір ойыншықты қолына алып, өз бетімен отырғанды жақсы көреді.
“Оқу инемен құдық қазғандай” демекші, тәрбие де инемен құдық қазғандай десек артық айтпаспыз. Себебі әр баланың көнілінен жол табу оңай емес. Ол бір үлкен ғылым сияқты. Сол ғылымды тереңірек зерттейтін тәрбиешіні-ғалым деп санамасақ болмай ма? Сол үшін де тәрбиеші әр баланың жас ерекшелігіне, мінез – құлұына көңіл бөліп, онымен бірге бала болып, бала болып сойлесіп, бала болып ойнап, бала болып күлу ол үлкен шеберлікті қажет ететін жұмыс.
Абай атамыз айтқандай “жас бала анасынан туғанда екі мінезбен туады, біріншісі-«ішсем, жесем, ұйықтасам, ойнасам» болса, ал екіншісі» «білсем, көрсем, қарасам, ұстасам, ол немене? Ол кім екен?»” деген қызығушылық тұрады. Расында да бала қоршаған ортада да, айналасында болып жатқан барлық нәрселерге назар аударып, сұрақтарына шек болмай жатады. Мұның бәрін білгісі келген балаға тәрбиеші бағыт-бағдар беріп, көмек көрсетіп, тексеру, нұсқау біздің тікелей міндетіміз болып табылады. Бұл жолда үлкен ізденіс пен парасатты қажет етеді. Үлкен жауапкершілікті қолға алып, ертеңгі елім деп еңірейтін, Отанымыз бен еліміздің елеулі азаматы мен азаматшасы болып, өсетін келешек ұрпақты тәрбиелеу жолында аянбай тер төгудеміз.
Шын жүректен қалаған кәсіппен таза тер төгілген еңбек арқылы өмірлік абырой- беделді, қоғам алдындағы құрмет сыйға ие болуға болады. Ал тәрбиеші болу- айтуға ғана оңай шаруа болғанымен, бұл мамандықтың қоғам үшін қаншалықты маңызы барлығын, қаншалықты ауыр жұмыс екенін осы кәсіпті таңдаған, осы жолда аянбай еңбек етіп, тер төгіп жүрген жандар ғана түсіне алады. Ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай «Тәрбие- адам баласын кәміл жасқа толып, өзіне-өзі қожа болғанша, азық беріп өсіру»-деген екен. Демек біз баланың болашағына, тәрбиесіне жауапты жандармыз.
Тәрбиеші болу жай ғана мамандық емес. Ол адам бағдарын жасаушы, келешек ұрпақ сәулетшісі. Тәрбиеші болу менің ол менің бала кездегі арманым еді. Сол арманымды жүзеге асыруда 2012 жылы Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлы техникалық колледжіне «Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие беру» бөліміне оқуға түскен болатынмын. Колледжде төрт жыл білім алып, таңдаған мамандығыммен жақынырақ танысып, тәжірибе алмаса бастадым. Оқуымды 2016 жылы аман-есен аяқтап, мамандығым бойынша жұмыс жасауға кірістім. Содан бері, Ақмола облысы Целиноград ауданы, Қосшы ауылы «Алтын сақа» балабақшасында еңбек етіп жүргеніме үшінші жыл болды. Және осы үш жылда бұл жұмысымнан еш жалыққан емеспін. Себебі, жас бүлдіршіндермен жұмыс жасаған өте қызық. Олардың саған бауыр басқаны, күлімдеп қарағандары, еркеліктері, «апай» деп жарыса жүгіріп, құшақтағандары барлығы да бойымды бір серпілтіп, өміріме қуаныш сыйлайды. Себебі баланы өзіне баурай алуың, қарата алуың, сеніміне кіре алуың, баланың ортаға, балабақшаға бейімделгенінің нәтижесін көру тәрбиеші үшін үлкен бір жетістік. Және балаларыма арнаған әрбір уақытым мен үшін ең бақытты ең қымбат сәт деп айта аламын. Көп жағдайда ата-аналар
«Балам ақылды болса екен», «Балам тез сөйлесе екен», «Балам әріп таныса екен», және тағы басқа ойларын білдіріп жатады. Әрине ата-ананың баласы үшін, баласының болашағы үшін бұлай алаңдауы орынды, алайда тәрбиеші үшін, яғни мен үшін топтағы балаларымның балабақшада өз еркімен жауапкершілті сезіне алуы, таңғы жаттығуды қайталауы, қасықты қолға алып, өз еркімен тамақтана алуы, беті қолын жууы, сүлгісін тануы, киімін шешіп киюі, өз төсегін тануы, ұйымдастырылған оқу іс-әрекетіне белсене қатысуы, ертеңгіліктерде ән айтып, би билеп, сахнада еш қысылмай өз өнерін көрсете алуы мен үшін үлкен бір жетістік. Ал бұдан да жақсы нәтижеге, үлкен жетістіктерге қол жеткізу баланың жас ерекшелігіне сай алдағы уақытта жүзеге асатынына толықтай сенімдімін. Осы жолда мен де аянбай еңбек етіп, балаларымның осындай керемет жетістіктерге қол жеткізуі үшін оларға әр іс-шараларда қолдау көрсететін боламын. Ел басшысы “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты Қазақстан халқына Жолдауында: “ Қазақстан халқы бүкіл әлемде үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі- мемлекеттік тіл, орыс тілі- ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі- жаһандық экономика ойдағыдай кірігу тілі”,- деген болатын. Соған орай біздің де балабақшада қазіргі таңда үш тілде білім алудамыз. Және де қосымша хореограф маманы ретінде әр топтағы балаларға би үйірмесінен сабақ өткізудемін. Жыл сайын балаларымызбен би үйірмесінен Республикалық Халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындар алудамыз. Балалардың осы бір ұжымдық жеңісі біз үшін, балабақша үшін мақтан тұтарлық нәтиже. Балаларымыздың осындай керемет жетістікке жетуі менің ғана емес, сонымен қатар «Алтын сақа» балабақшасының ұжымы мен ата-аналарымыздың қолдауының арқасы деп білемін.
Қорыта келе, адам өзі сүйіп таңдаған мамандығы бойынша жұмыс жасаса, жұмысына бар ынта ықыласымен, үлкен жауапкершілігімен қараса, онда міндетті түрде сол жұмысының жемісін көреді. Айтқым келгені, бұл салада жұмыс жасай отырып, балалар ғана емес, өзім де өміріме керекті тәжірибені ала алдым. Және осы мамамдықты тақдағаныма еш өкінбейтінімді сеніммен айта аламын. Жауапкершілікті талап ететін осы қызмет жолында, бар білімі мен тәжірибемді аямай, адал қызмет етіп, балаларыма дұрыс тәрбие беремін деп айтқым келеді. Балалардың балабақшаға еш алаңсыз келуі, ата-аналардың балаларын бізге сеніммен тапсырулары біз үшін үлкен бір бақыт деп білемін. Сөзімнің соңын «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп Халық даналығымен аяқтағым келеді.
Даурбаева Жұлдыз Еділқызы,
Ақмола облысы, Целиноград ауданы,
Қосшы ауылы «Алтын сақа»
балабақшасы.