Елордамыздағы Халықаралық мектептің оқушылары халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары, Лос-Анджелес «World Champions» алтын медаль, Израиль (Иерусалим) бас жүлде, Түркия телеканалының үздік инструменталды тобы, Еуропа қалаларында қазақтың ұлттық домбыра өнерін дәріптеп жүрген «Бастау» домбырашылар тобымен кездесті, — деп хабарлайды «Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп» «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы филиалының баспасөз хатшысы Сандуғаш Кожина.
Бойына халықтың рухын, ешкімге ұқсамайтын қайталанбас келбетін жинақтаған ұлттық аспабымызды серік еткен домбырашыларымыз Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз кішкентай оқушыларымызбен кездесуге асыға жетті. Ағаларының өнерлеріне тәнті болған балалар да ыстық қошеметтерімен қарсы алып, жылы лебіздерін білдірді.
«Әр қазақтың баласы қолында домбыра алып, кем дегенде бір күй ойнай алса деген арманымыз бар. Халықаралық мектеп оқушыларының домбыраға деген қызығушылықтарын көріп, қуанып отырмыз. Біз де ең алғаш домбыраны қолға алғанымызда алты-жеті жастың шамасында едік. Міне, бүгінде сол домбыраның әрі серігімізге, әрі сырласымызға айналғанына он сегіз жылдың жүзі өтіпті», — дейді домбырашыларымыз.
Кездесуге келген домбырашыларымыз қонақ кәде ретінде «Еуразия» мен «Балбырауын» күйлерін орындап, «Күй шашу» топтамасын тарту етті. Домбыраның қоңыр үніне тамсанған оқушыларымыз домбырашы ағаларына өз өнерлерін көрсетіп, сахна төрінде домбырадан күй төкті. Халықаралық мектеп оқушыларының өнерлерін жақсы бастамаға балаған Темірлан мен Ернат олардың болашақтарынан көп үміт күтуге болатынын атап өтті. Сонымен қатар, балалардың назарына «Бастау» тобының «Әке» деп аталатын мазмұнды шығармасына түсірілген бейнебаян ұсынылды.
Кездесу соңы оқушылардың сұрақ-жауабына негізделген кішігірім сұхбатқа ұласты. Балалар «Бастау» тобының бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктерінің сыры неде екендігін білуге асығып, нағыз домбырашыға тән қасиеттермен бөлісулерін сұрады. Оқушылардың бойындағы ынта-жігерді, ыстық ықыласты байқаған домбырашыларымыз, оларды жаңадан бой көтерген домбыра мектебіне шақырды.
Кездесу соңында балалар домбырашылармен естелік суретке түсіп, қимай қоштасты.