Home » Жаңалықтар » Туған жерде түлектерін ұшырып…

Туған жерде түлектерін ұшырып…

Ұстаздық қызметке араласып, туған жерінің өскелең ұрпағының бойына білім мен тәрбиенің нәрін қатар сеуіп жүрген Райхан Мақсотқызының шәкірттері талай бәйгеде топ жарып, зерделі шәкірттердің қатарын көбейтуде.

Әңгімені әріден қозғасақ, кейіпкеріміз Райхан Еламанова өзінің алғашқы еңбек жолын 1994 жылы мектепте тәлімгер және әдеп пәнінің мұғалімі болып бастаған екен. Оралдағы іргелі оқу орындарының бірі – қазіргі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі Райхан Мақсотқызы Ақжайық ауданына қарасты Кеңсуат ауылындағы, яғни өзінің туған жеріндегі мектепте 1997 жылдан бері күні бүгінге дейін қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушысы болып еңбек етуде. Бұл елді мекен ол үшін ыстық, балалық шағының куәгері секілді.

Райхан ұстаздың бұл сара жолды таңдауы тегін емес. Себебі әкесі, тарих пәнінің мұғалімі  Мақсот Еламанов  17 жыл  Кеңсуат  мектебінің  директоры  болған екен. Ал анасы Рапила Шамғонова  – математика  пәнінің  оқытушысы. Қазіргі  таңда  екеуі  де  зейнеткер.  Отбасындағы Райхан Мақсотқызының соңынан ерген сіңлілері  Фариза мен  Динара  да  – әпкелері білім алған жоғары оқу орнының түлектері. Демек, оларды ұстаздар отбасы деп айтуға толық негіз бар.

Біздің кейіпкеріміз Райхан Еламанова күнделікті сабақ берумен шектеліп қалмай, оқушылардың мектеп қабырғасында тағылымды тәрбие алуына, түрлі білім додаларында өздерін көрсетулеріне ықпал етіп келеді. Соның нәтижесінде оның баптаған шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық пән олимпиадалары мен басқа да байқауларда топ жарып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Әрине, зерделі оқушылар мен ұлағатты ұстаздың жетістіктерін түгелдей тізбелеп шығу мүмкін емес. Райхан Мақсотқызы өзінен білім мен тәрбие алған Г.Орынғазиева, Қ.Мұқанова, А.Санатқызы, М.Сатанов, М.Жақсығали, Ә.Ержанов, А.Төлеуқызы, А.Мұқанова, Ә.Қырымбек, Д.Қуанғали, Б.Сағын сынды жеңімпаз ұл-қыздарды мақтан тұтады. Қадыр оқулары мен Мұқағали оқуларында, шығармашылық сайыстарда, интернет-байқауларда, пән олимпиадаларында жүзден жүйрік шығып жүрген талантты жеткіншектер ұстаздарын жерге қаратқан емес.

Ең соңғы елеулі жетістік – биылғы жылдың  қазан  айында  «Мәңгілік  ел  жастары» қоғамдық  қоры  ұйымдастырған  «Үш  бәйтерек»  онлайн  конкурсында  А.Мұқанова  мен  Қ.Мұқанованың  – бірінші, ал Б.Сағын  мен  А.Төлеуқызының екінші орынды  жеңіп  алуы. Ал қазақ  тілі  мен  әдебиеті  пәндерінен  түрлі  сайыстардың  жеңімпазы  Г.Орынғазиева Шымкент  қласындағы  «Балдәурен-Шымкент»   оқу-сауықтыру лагеріне  жолдама  алып,   «Тіл – достықтың  алтын  көпірі» атты  жас  лингвистердің  кездесу  кешіне жол жүріп кеткен.

Ал Р.Еламанованың өзі – «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының І деңгейлі сертификат   иесі; «Қазақстан  Педагогикалық  Ғылымдар  Академиясы» ҚБ ІІІ  республикалық  тәуелсіз  қоғамдық байқауының «Үздік  ұстаз» республикалық  сайысының ІІ  дәрежелі  диплом  иегері, Ұлттық  Ғылым  Академиясының  мүшесі. Бұдан бөлек түрлі марапаттарға ие болған ұстаз аудандық, облыстық, республикалық байқауларда жүлделі орындардан көрініп, әріптестері мен туған ауылының мерейін үстем етіп жүр. Айталық, ҚР  халқының  тілдер  күні  мен  ел  Тәуелсіздігінің  25  жылдығына   орай сырттай  аудандық  шығармалар  байқауында – І  орын, қазақ  тілі  пәні  бойынша  мұғалімдерге  арналған  республикалық  қашықтық олимпиадасында –   ІІІ  дәрежелі  диплом (2016),  қазақ  тілі  пәнінен мұғалімдерге  арналған Ұлттық  интернет  олимпиадада – І  орын, облыстық   білім  басқармасының  Құрмет  грамотасы (2017), қазақстандық  интернет олимпиадада республика, облыс, аудан қорытындысы бойынша –   ІІІ орын, «Педагог – республикалық  озат  педагогтар»  порталы ұйымдастырған «SMART-педагог» байқауында – ІІ  орын (2018), қазақстандық  интернет олимпиадада республика, облыс, аудан қорытындысы бойынша –   І орын, «Үздік  жетекші  мектеп»  аудандық  байқауында « Үздік   біріккен коучинг» аталымы  бойынша – ІІІ  орын (2019) алуы – соның дәлелі.

Ата мекен қашан да осындай үлгілі перзенттерімен мақтанады. Райхан Мақсотқызы да – солардың бірі екені сөзсіз. – Өзім оқытып, тәрбиелеген ұл-қыздардың жеңісі мен жетістіктерін көргенде, солармен бірге қуанамын. Қуанып тұрып, осы мамандықты жүрек қалауыммен таңдағаным дұрыс болған деген ойға қаламын, – дейді кейіпкеріміз.

Өмірдің бір орында тұрмайтыны секілді білім саласы да жаңарып, жаңғыру үстінде. Райхан мұғалім білім беру үрдісіндегі жаңалықтардан қалыс қалмай, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Аға буын ұстаздардан тәлім алатын ол жас мамандардан да білгенін аянып қалмайды.

 

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

«BILIM AINASY», БҚО

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.