Home » Мақалалар » Ұстаз – ұлағатты есім

Ұстаз – ұлағатты есім

Алматы қаласы, № 156 жалпы білім беретін
мектебінің директордың оқу ісі жөніндегі
орынбасары Сармақова Алмагүл Қуанышқызы

 

 

Қай ғасыр, қай қоғамда да ұстаз ұлағатына ұйымаған жан кем де кем. Өмір атты ұлы жолда жақсы мен жаманды айырып, білім мен ғылымға құлаш ұратын адамзат баласына алғашқы әріпті танытып, биік белестерге қанат қақтыратын ұстаздар еңбегінің өлшеусіз екені хақ.

«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деген екен француз ойшылы Жан Жак Руссо, ендеше, адам баласының ақыл, ой-санасын жетілдіріп, пайым-парасатын дамыту жолында жан аянбай еңбек етіп, білім беретін ұстаздардың мәртебесі қашан да жоғары болмақ.

Ананың ақ сүтінен нәр алып, буыны бекіген ұрпақ ұстаз алдынан тәлім-тәрбие көріп, үлкен өмірге қанат қағады. Қай мамандықты меңгерсе де  ұстаздың алдынан өтеді. Бағыт-бағдарын, білім-білігін сіңіреді. Қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «мұғалім – мектептің жаны» деп бекер айтпаған болар. Ықылым заманнан бері пісіп-жетілген ұстаздық мамандықтың жаһандану дәуірінде де өзінің лайықты бағасын алып, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудегі еңбегі ұшан-теңіз. Жаңашылдыққа, шығармашылыққа ұмтылу, тынымсыз іздену – бүгінгі күннің басты талабы. Сол себепті, ұстазға жүктелер жауапкершілік жүгі артпаса кеміген емес.

Биылғы әлемді алаңдатқан пандемия кезінде де білім беру ісі тоқтап, тоқырап қалған жоқ. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдай режимін жариялап, елдегі карантиндік ахуалға байланысты қашықтықтан оқыту жүйесі жүзеге асырылды. Тосыннан төнген қиындықтың күрмеуін тарқатуға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айрықша назар аударып, бір де бір баланың оқудан қол үзіп қалмауы қадағаланды. Бұл орайда, Өжет ықшам ауданындағы №156 жалпы білім беретін мектептің ұстаздар ұжымы да жұдырықтай жұмыла еңбек етті. Мектептегі 3519 оқушының білім сапасын төмендетпей, оқу бағдарламасынан шет қалмауына айрықша назар аударылды. Ата-аналар мен оқушылардың, ұстаздардың бір-бірімен байланысы нығайтылды. Мектеп басшысы Ахметова Гульнара Мамбетованың басшылығымен жоқ-жітікке көмекқолы созылды.
Қашықтықтан оқыту жүйесіне көшуде оқушылардың осы күннің озық технологиясын еркін меңгерулерінің арқасында пәлендей қиындық тумағанын ашық айтуға болады. Ғаламторды еркін меңгеріп, әлеуметтік желілерде жұмыс істей білуі – оқушылардың жаңа технологияға бір табан жақындай түсуіне, цифрлық Қазақстанның мықты түлегі болуға, сондай-ақ, уақытты бос өткізбей, тиімді пайдалануына үйретті десек еш асыра айтқандық емес.

«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, ұстазға қарап бой түзеп, ойын жетілдіретін жас өскіннің сапалы білім, саналы тәрбие сіңіруіне себепші ұстаздардың ұлы тұлғаға айналуы зор мәртебе. Жылдар санап алдынан өтетін мыңдаған оқушының жүрегін мейірімнің шуағымен, білімнің кәусарымен нәрлендіретін ұстаздар еңбегі шәкірттерінің білім-ғылымдағы жетістігімен, биіктерді бағындыруымен, өнердегі даралануымен бағаланса нұр үстіне нұр болмақ.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.