Home » Менің ұстазым » Жаныңда жүр жақсы адам

Жаныңда жүр жақсы адам

Бүгінгі  Жаныңда жүр жақсы адам жобасының кейіпкері (ЖЖА)  Киелі Түркістан облысы Түркістан қаласы №27 ІТ-мектеп-лицейінде қосымша білім беру педагогы  Мамбетова Гүлназ Бақытқызы

-Армансыз адам қанатсыз құспен тең дейді  құрметті Гүлназ Бақытқызы. Алғашқы сұрақты сіздің бала күнгі арманыңыздан бастасақ…
  Мен Мамбетова Гүлназ Бақытқызы Кентау қаласына қарасты , Ы.Алтынсарин атындағы шағын жинақталған жалпы орта мектебінде білім алып, армандарыма қанат қақтым. Әрине, бала кездегі арман-армандардың ең асқағы деп білемін. Бала жүрегіңмен армандау, соған ұмтылу ең ғанибет сезім!Алғашқы ұстазым Найзабекова Раушан апайдың ұстаздық еңбегі, сырт келбеті, ұстаздық жолы мені өзіне баурап, мен де ұстазым секілді ұлағатты ұстаз боламын деген арманым болды. Қазақ елінде қазақ балаларына білім алсын деген үлкен арманмен алғаш мектеп ашқан ұлы ағартушы Ы.Алтынсарин атындағы мектебінде оқығанымды үлкен мақтаныш көретінмін. Ол да менің асқақ арманыма қанат қақтыратын!

-Қазіргі таңда  сол арманыңызға жеттіңіз бе?

Қазіргі таңда Түркістан қаласы №27 ІТ-мектеп-лицейінде қосымша білім беру педагогы болып қызмет атқарамын. Арманыма толықтай жеттім деп айта алмаймын, себебі, адам армандаудан жалықпау керек. Армандағанда ғана алға үлкен қуанышпен, жігермен, сеніммен қадам баса отырып, нық қадамдар басатынымыз анық. Мен ұстазым сияқты бастауыш сынып мұғалімі болып, етене жұмыс жасамасам да, бала шығармашылығын шыңдауда, дарындылығын дамытып, қиялын ұшқырлауда жұмыстар жасаудамын. Мектебіміздің «Жас журналистеріне»  жарқын болашаққа деген ұмтылысына көмек берудемін.

-Мұғалім мектептің жүрегі дейді ғой, шәкірт үшін қаншалықты жиі соғасыз, қадағалайсыз?

-Мұғалім- бала жанының бағбаны, әрбір бала- ұстаздарға берілген үлкен аманат деп білемін. Сондықтан да, шәкірттерім үшін, олардың болашағы үшін, өмірде өз жолын таба білген зиялы азамат болулары үшін аянбай еңбек етуге дайынмын. Түрлі жарыстарға қатыстырып, баспасөз беттеріне шығармашылықтарын жариялауда, қадағалай отырып, жақсы нәтиже көрсетіп келе жатырмыз. Атап айтсақ, Республикалық «Ақжелең» фестивалінде көркемсөз оқу кезеңі бойынша шәкіртім Қалбай Нұртас бас жүлде, сурет жанры бойынша Қалдыбай Нұрсәт бас жүлде, Р.Сейтметовтың 80 жылдығына арналған байқауда Өтепберген Нұртас ІІ орынды иеленді. Сондай-ақ, «Түркістан ұланы», «Білім айнасы», «Жас ғалым» баспасөздеріне шәкірттерімнің түрлі мақала, өлеңдері, суреттері жарияланды.

— Еңбегіңіз еленбей қалған сәттер болдыма?

Еңбегім еленбей қалды деп айта алмаймын. Қаншалықты еңбек етсең, соның жемісін көретінің анық. Еңбек елену үшін, алдымен үздіксіз еңбек, талап, жігер, ынта, ниет болуы керек. Осы нәрселер үйлесімін тапқанда, еңбектің еленусіз қалуы мүмкін емес.

-Жаңартылған білім мазмұнына деген көз-қарасыңыз қандай?.

Жаңартылған білім мазмұнына қазіргі таңда барлық сыныптар көшті. Жалпы білім саласында жүргендіктен, білім өз нәтижесін беруі үшін, тиімді реформалар қабылданғаны дұрыс деп санаймын. Өзгерістен қорықпау керек, керісінше, ондағы ерекшеліктер мен тиімділіктерді, жақсы нәтижесіне мән беру қажет. Мұғалімдер де, оқушылар да жаңартылған білім мазмұны бойынша сабақтар өтуге үйренген. Күнделікті сабақта дәстүрлі түрде қолдануда.

-Біз болашақта қандай Гүлназды көреміз?

.Алдағы өзгерістер-болашақтың еншісінде. Дегенмен де, армандар тоқтамақ емес. Сол арман жолында еңбектенуден де шаршамақ емеспін. Болашақта да шәкірттерім үшін жаңа баспалдақтар жасаймын!

 

Абай Сәдібекұлы,

Түркістан облысы

Білім айнасы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.