Home » Жаңалықтар » Абай мұраларын ұлықтайық

Абай мұраларын ұлықтайық

Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе,
Адалдықты көздесең,
Жаттап тоқы көңілге, –деп ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, Абай Құнанбайұлы – қазақтың ұлы ақыны, қайталанбас дарын иесі, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы. 2020 жылы ақын, композитор, аудармашы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласы, №23 орта мектебінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» онкүндігі аясында 11 қазан күні    5-8 сыныптар арасында ақын өлеңдерін мәнерлеп оқудан сайыс өтті. Сайысқа қазақ сыныптарымен қатар орыс сыныптары да белсене қатысты. Көркемсөз сайысына отыздан аса оқушы белсене араласты. Сайыс барысында оқушылар Абайдың бірқатар өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Іш-шараның басты мақсаты – ұлы ақын Абайдың мұрасын жас ұрпаққа таныстыру, насихаттау, ақынның шығармаларына қызығушылығын арттыру. Бағалау барысында қатысушылардың оқу мәнеріне, сахнада өзін ұстау мәдениетіне, орфографиялық тұрғыдан таза жеткізуіне мән берілді.  Нәтижесінде ең үздік атанған оқушылар 1, 2, 3 орындармен, қалған қатысушылардың барлығы алғыс хаттармен марапатталды. Көркемсөз сайысында 8 «Ә» сынып оқушысы Аманбаева Диляра мен 6 «Ә» сынып оқушылары Альмаханова Нұрай мен Жекей Диана барлық талаптар бойынша алға шығып, бірінші орын иеленді.Сайыс барысында қатысушылар мен көрермендер ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығына сусындады. Абайдың кітаптары мен өлең жинақтарынан көрме ұйымдастырылды.  Қорыта айтқанда, қазақ елінің мақтанышы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Абай Құнанбайұлының шығармашылығын, мұраларын келесі ұрпаққа таныстыру, дәріптеу – біздің басты максатымыз. Осы мақсатта өткен сайысымызға мектеп оқушылары белсенділікпен қатысты деп есептейміз.

Бибіт Ақыл Қайратқызы,

Нұр-Сұлтан қаласы,

№23 орта мектебі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.