Home » Жаңалықтар » Оралдағы Зияткерлік мектепте күн станциясы іске қосылды

Оралдағы Зияткерлік мектепте күн станциясы іске қосылды

Орал қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде күн станциясы іске қосылды. Салтанатты шараға Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова, ҚР Энергетика министрлігі және «Шелл» компаниясының өкілдері қатысты.

Қаламыздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің аумағына «Шелл» компаниясы қуаты 100 Квт/сағ. фотоэлектрлік күн панельдерімен жабдықталған арнайы тұрақтар орнатты. Фотоэлектрлік станция күн сәулесін фотоэлектрлік модульдер арқылы түрлендіріп, электр энергиясын өндіреді. Олар мектептің жылдық энергия тұтынуының 20%-ын  үнемдейді және артық өндірілген электр энергиясын қалалық желіге жіберуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев өз сөзінде  «Мектептерге – күн энергиясы» жобасы облысымызға «жасыл экономика» үрдісін енгізудегі үлкен қадам екенін жеткізді. Айтуынша, НЗМ базасында осындай жобалардың жүзеге асырылуы оның орта білім жүйесі саласындағы көшбасшы рөлін көрсетеді. Бұдан әрі сөз алған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова аталмыш білім ордаларының он жыл ішіндегі жетістіктерін атап өтіп, іске қосылған жобаның маңызына тоқталды. – Бұл ең алдымен балалардың STEM жобаларымен айналысуы үшін керек. Оқушылар мектеп қабырғасында жүріп жақсы идеяларын үлкен іске жұмылдыра алатындай болуы тиіс. Бүгінде әр күн – өзгеріске толы. Сол себепті балаларды жақсы өмір сүруге, еңбектенуге үйрету – біздің басты міндетіміз, – деді Күләш Ноғатайқызы.

Ал «Шелл Қазақстан» компаниясының Үкіметпен байланыс жөніндегі директоры Зарина Бакенованың айтуынша, «Мектептерге – күн энергиясы» жобасы жаңартылатын энергия көздері саласында жергілікті компаниялардың біліктілігін арттыра отырып, шағын және орта бизнестің әлеуетін дамытады. – «Шелл» компаниясы Қазақстанның энергетикалық жобаларды жүзеге асырудағы стратегиялық әріптесі болып табылады. Біз бес аймақты таңдаған болсақ, соның бірі – Орал қаласы. Бұл – сіздер үшін жақсы мүмкіндік. Жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен серіктестерімізге алғыс білдіреміз, – деді Зарина Абайқызы.

Елеулі жаңалыққа ең алдымен қуанған физика пәнінің мұғалімі Бекешев Умырғали бұл жобаның оқушылардың  жасыл экономика, экология саласындағы шығармашылық идеяларына шабыт береріне сенімді. –  Оқушыларымыздың бұл бағыт бойынша жетістіктері де жоқ емес. Жуырда автобус аялдамаларында энергияны үздіксіз пайдалану жүйесін жасақтаған мектеп түлегі, Назарбаев университетінің 1-курс студенті Азиз Талапов патент алды, –  деді ұстаз.

Айта кетейік, жоба Энергетика министрлігі, «Шелл» компаниясы және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ арасындағы меморандум аясында екінші жыл жүзеге асуда. «Шелл» компаниясынан күн энергиясын Нұр-Сұлтан және Ақтау қалаларындағы  Зияткерлік мектептер алған болатын. Ал 2020 жылы осындай станция Алматы және Атырау қалаларында пайда болады.

Салтанатты шарадан кейін жас зияткерлер меймандарға жасыл энергетика, жасанды интеллект, биотехнология салалары бойынша идеяларын таныстырды. Сонымен қатар бұл күні  алманың коллекциялық және интенсивті сорттары өсетін экобақтың негізі салынды.

Айдана ХАМИДУЛЛИНА,

Орал қаласындағы НЗМ-нің

баспасөз қызметкері

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.