Бикенова Жаннур Мукановна
Қ.И.Сәтбаев атындағы №7 мектеп-лицей
бастауыш сынып мұғалімі
Ойын дегеніміз ұшқын, білімге құштарлық пен еліктеудің маздап жанған оты.
В.М. Сухомлинский
Ата- бабамыз ойынды тек баланы алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай ол халықтың ғасырлар бойы жасаған асыл қазынасы баланың көзқарсаы, мінез-құлқын қалыптастырып, бір жүйеге келтіретін тәрбие құралы деп санаған. Қазақ тілін оқыту барысында тақырыптың білімділік,танымдылық,тәрбиелік мақсаттарына сай дидактикалық,мазмұнды-рөлді, драмалық,ұлттық ойындар пайдаланылды.Баланың патриоттық,отансүйгіштік достық сезімдерін тәрбиелеуде халқымыздың салт-дәстүрімен таныстыруда балалар «саяхат», «менің достарым», «достық» «қонақты қарсы алу», «мерекеде» ойындарын ойнайды.Сабақта ойындарды қолданудың түрлі жолдары бар.Ойын элементтерін пайдалану оқушылардың ой-өрісін, танымдық белсенділігін арттырады, алғырлықты, тапқырлықты дамытады.Ойын сабақтың басында – өткен сабақты еске түсіреді. Сабақтың ортасында – көңіл-күйін сергітеді, ерік-жігерін дамытады, сабаққа ынтасын арттырады. Сабақтың соңында — тақырыпты бекіту, сабақта алған білімдерін жинақтау мақсатын көздейді.
«Сөз табу» ойыны:
Басы – қ, аяғы – а болатын сөздер жазу керек. Әріп саны әр түрлі болуы мүмкін немесе төрт әріптен тұру керек деп айтуға болады. Осы сияқты сөздің бас әрпі мен соңғы әрпін беріп, сөздер жаздыруға болады. Ең көп сөз жазған оқушы жеңеді.
«Жадыңа сақта» ойыны:
Тақтаға немесе плакатқа жазылған 10 -12 сөз оқушылар назарына көрсетіледі.2-3 минут өткеннен кейін тақтадағы сөздер өшіріледі. Оқушылар есінде қалған сөздер атауын дәптерлеріне жазу керек. Сөздерді дұрыс, нақты 10 сөз жазған оқушы жеңеді.
«Жұбын тап» ойыны:
(мақал-мәтел тақырыбында қолданылады)
Әр түрлі қағаздарда мақалдар беріледі. Мақалдың сыңарлары екі қағазда болады. Ойыншы сол мақалдарды белгілі уақыт ішінде жұптастыру керек немесе аралас сөздерден мақал құрастыру керек. Дәл сол сияқты тұрақты тіркес пен оның мағынасын жұптастыруға болады. Дәл, нақты, дұрыс жауап берген ойыншы жеңімпаз атанады.
«Суреттерді сөйлет» ойыны:
Интерактивті тақтадан мазмұнды 2-3 суреттер көрсетіледі. Оқушылар суреттер бойынша топ — топпен 8-10 сөйлем көлемінде мәтін құрастырады. Берілген тақырып бойынша хат, эссе, ой-толғау құрастырып жазуға болады.
Артық сөзді тап: Мағынасы жағынан сәйкес келмейтін артық сөзді тап.
Жылқы, сиыр, қасқыр, қой.
Түлкі, қасқыр, жылқы, жолбарыс.
«Ойлы бала ойынынан белгілі»-деп халық та тегін айтпаған. Демек, осы пікірлерге сүйенсек қазақ тілі оқушылардың білуге деген ынтасы мен мүмкіншіліктерін толық пайдалану, оларды оқу барысында үздіксіз дамытып отыру және сабақ барысында алған білімдерін тәжірибеде қолдану дағдыларын қалыптастыру үшін ойын түрлерін пайдаланудың орны бөлек. Тиімді қолданылған ойын түрлерін мұғалімнің түсіндіріп отырған материалын оқушылардың зор ынтамен тыңдап, біліп меңгеруіне көмектеседі. Өйткені, сынып оқушыларының назары ойынға ауып тұрады. Қызықты ойын түрінен кейін олар сергіп, тапсырманы ықыластана әрі сапалы орындайтын болады. Ойын түрлері қимыл – қозғалысты ойындар бастауыш сыныптарында көбірек пайдалануға болады. Ал дидактикалық ойындар барлық сыныптарда қолданыла береді. Дидактикалық ойындар сабақтың әсерлілігін, тартымдылығын арттырып, оқушының танымдық белсенділігін, ынтасын күшейтеді. Ойын арқылы оқушы өздігінен жұмыс істеуге үйренеді, ойлау қабілеті дамиды, өздігінен қорытынды жасай білуге машықтанады. Кез келген ойын элементі сабақта екі түрлі мақсатқа бағытталады. Оның біріншісі – оқушының сабаққа қызығушылығын, ынтасын арттыру, тілін дамыту, екіншісі – оқушыларды тапқырлыққа баулып, зейініне, ойлау қабілетін арттыру. Өз сөзімді қорыта келгенде ойын баланың көңілін өсіріп, ойын сергітіп қана қоймай, сонымен қатар оның таным түсінігін арттырады. Балалар ойын арқылы бір бірімен тез тіл табысып, жақсы ұғысады, бір бірінен ептілікті, тапқырлықты үйренеді.