Шайхина Айман Саметовна
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің
«№1 өнер мектебі» МКҚК
Домбыра пәнінің мұғалімі
Өткізілетін күні:
Уақыты:
Сабақ халық аспаптар бөлімінің 3-сынып оқушысы Тәңірберген Саидамен өткізіледі.
Сабақтың тақырыбы: Домбыра аспабында ойнаудың әдіс-тәсілдері.
Сабақтың мақсаты:
— Күйлер үйрету арқылы оқушының музыкалық қабілетін дамыту;
— Домбыра аспабында ойнаудың тәсілдерін дурыс меңгерту.
Сабақтың міндеттері:
— Күй жайында шағын мағлұмат беру;
— Күйдегі ерекшелік қағыстарын, ырғағын нығайту;
— Сөйлемдерді құрастыру;
— Мәнерлік әдістерді арттыру;
— Оқушының музыкалық қабілетін одан әрі дамытуға жағдай жасау.
Тәрбиелік мәні: Баланың өнерге деген сүйіспеншілігін арттыру, әдемілікке, патриоттыққа және еңбек суйгіштікке тәрбиелеу.
Сабақ беру әдістемесі:
— арнайы жаттығулар қолдану;
— шығармадан үзінділер орындап көрсету;
— мұғалімнің нұсқауы бойынша күйді орындау.
Көрнекі құралдар:
— Домбыра аспабы;
— Композитор туралы мәліметтер;
— Күйдің нотасы.
— Үнтаспа
Сабақтың барысы:
1.Ұйымдастыру кезеңі. Сәлемдесу. Аспаптың құлақ күйін келтіру.
2.Жаттығулар. Шағын жаттығулар арқылы қолдарды дұрыс жургізіп алу.
Үй тапсырмасын тексеру.
— Орыс халық әні «Светит месяц» (концертмейстермен қосылып орындау);
— Құрманғазы “Алатау”;
— Дәулеткерей “Қыз Ақжелең”.
Жаңа сабақ: (Өзім күйді орындап беремін)
— Бұрын осы күйді естідің бе?
— Көз алдыңа не елестейді?
— Екпіні қандай?
— Тәттімбет «Қосбасар» күйін талдау.
— Тональділігі, өлшемі, музыкалық формасы;
Шығарма 3 бөлімнен тұрады.
Жаңа күйді үйрету. Бұл сабақта күйдің бір бөлімі ғана үйретіледі. Нотаға карап оқушы күйді талдайды. Шертіп ойнау тәсілін үйрету. Мұғалім көрсетеді, оқушы қайталайды.
Қорытынды. Үйге тапсырма беру
Тәттімбет «Қосбасар» күйінің бір бөлімін қатесіз, санап, тоқтамай ойнап келу.
Өткен шығармаларды қайталау. Музыкалық терминдерді жаттау.
Шертіп ойнау тәсілдеріне жаттығу ойнау.
Бағалау
1.Бармақпен ойнау тәсілі (пиццикато) Бұл тәсіл тек төменгі бағытта ғана жалғыз немесе қос ішекте ойналады. Ноталарда мынадай белгілермен белгіленеді: Б.Б.
Қос ішекте қағып ойнау тәсілі. Қос ішекте оң қолдың сұқ саусағымен (бірінші) төмен, ал бармақпен жоғары қағып ойнайды. Бұл — негізгі тәсілдердің бірі. Ол көбіне төкпе күйлерде, орта және тез екпінде фортепианоның сүйемелдеуімен орындалатын шығармаларда қолданылады. Нотада мынадай белгілермен белгіленеді: П — төмен қағыс, Ү — жоғары қағыс.
Шертіп ойнау тәсілі. Оң қолдың бірінші сұқ саусағымен жалғыз немесе қос ішекте ойналатын бұл тәсіл де негізгі тәсілдердің бірі болып саналады. Ол күйлерде (тек шертпе күйлерде ғана), пьесаларда, көбінесе,вариациялық өрнегі бар орта немесе тез екпінде фортепиано сүйемелдеуімен орындалатын шығармаларда қолданылады.
Шертпе күйлердің әр тактілерінің екпінді үлесіне оң қолдың 4-саусағынан (шынашақтан) бастап, бірінші (сұқ) саусаққа дейін бірінен соң бірін тізбектеп, қос ішекте тек төмен ғана шерту керек. Осындай ойнау тәсілі Тәттімбеттің, Сүгірдің, т.б. халық композиторларының күйлерінде қолданылады.
4.Тремоло тәсілі. Тремоло деп оң қолдың тез, біркелкі төмен-жоғары қағыстарымен қайталана беретін (өшіп қалмайтын) дыбысты айтады. Тек тремоло тәсілімен ғана домбырада екпіні жай, сазды (контиленді) музыкалық шығармаларды орындауға болады. Бұл тәсілмен жалғыз ішекте, сондай-ақ, қос ішекте ойнауға болады.
Нота жазуында бұл ойнау тәсілі нота сызығына немесе екі нота сызығының арасына екі көлденең сызық сызу арқылы белгіленеді.
Тәттімбет Қазанғапұлы (1815ж.,қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туып, 1862 жылы қайтыс болған), күйші-композитор, домбырашы, шертпе күй орындаушылық мектебінің негізін қалаушылардың бірі, халық күй өнерінің классигі. Тәттімбет атқа ерте мініп, ел ісіне ерте араласқан адам. Тәттімбет Ресей патшасы Александр II-нің таққа отыру салтанатына қатысқан. Сондай-ақ, Шоқан Уәлиханов,
Григорий Николаевич Потанин, Адольф Янушкеевич сияқты оқымысты-ғалымдармен, Құнанбай, Шорманның Мұсасы, Уәлиханның Шыңғысы сияқты дала шонжарларымен, Жанақ, Шөже, Біржан сал, Жаяу Мұса, Орынбай сияқты әнші-ақындармен, Тоқа, Ықылас, Шашақ сияқты күйшілермен қадірлес-сыйлас болған. Бұл адамдар Тәттімбет көкірегінен күмбірлеп төгілген әсем күйлердің тұсауын кесіп, талғампаз сарапшысы болып отырған.
Тәттімбет күйлері өмірді терең түсінген, ойшыл, қиялшыл жанның сыры мен сезімін аңғартады. Ол негізінен лирикалық композитор. Шығармалары философиялық түйіндерімен астасып жатады, ал музыка тілі көңілге қонымды, тез жатталғанымен орындауға қиын, күрделі болып келеді. Тәттімбет күйлеріндегі лирикадық сарындар, әуен толқындары қазақтың кең даласы мен оның сұлу табиғатын суреттейді. Кеңес дәуірінде Тәттімбет күйлерін Ә.Хасенов, М.Хамзин, У.Бекенов, сондай-ақ М.Тілеуханов, А.Байбосынов, Ж.Нұржауов, т.б. кәсіби күйшілер орындап, насихаттады. Қазақтың күй өнерінде Тәттімбеттің «Саржайлау», «Қосбасар», «Былқылдақ», «Сылқылдақ», «Көкейкесті», «Бес төре» сияқты ондаған күйлері классикалық үлгідегі мұра ретінде ұлттың рухани мақтанышына айналған. Қазақтың музыкалық мәдениетінің дамуына Тәттімбет күйлерінің шапағаты зор.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.”Педогогикалық репертуар” 1-5 сынып К.Мерембаев;
2.”Домбыра уйрену мектебі” Б.Ысқақов,Б.Бүркітов,А.Жайымов;
3.”Құрманғазы” А.Жұбанов;
”Домбыра уйрену мектебі” Л.Хамиди, Б.Гизатов.