Home » Мақалалар »   Жалын құс

  Жалын құс

Серіков Шыңғыс
Маңғыстау облысы
Баянды ауылы
«№3 жалпы білім беру орта мектебі»ККМ-сі
7″А»сынып оқушысы
Қайдақ сорында жылда қоныстанатын қоқиқаздар бүгін ерекше бақытты еді. Көптен күткен балапандары  жұмыртқаларын жарып шығып, ата-анасымен қауышып жатты. Ата-аналар  балапандарына кезектесіп сүт беріп,  айналшықтап жүр. Ия, ия сүт беріп, себебі қоқиқаздар басқа құстардан ерекше еді.  Ата-анасының  тұмсығының тұсынан ағып шығатын сүт тек қана осы керемет құстарда ғана бар.
/Кенет шет жақтан үрей ұшыра айқайлаған дауыс шықты.  Балапандарды жеңіл тамақ көрген түлкілер  шеттен кіріп, бүлдіршіндерді жемек екен. Оны көрген қоқиқаздар қанаттарын жайып, түлкілерге сұс көрсетті, балапандарын қорғап жүр. Осы кезде бір балапанды алып қашқан сұм түлкі шетке қарай қашып кетті.  Ата-анасы балапанын түлкі сияқты жаудан қорғаймын деп, түлкінінің артынан ұшып кетті.  Түлкі балапанды қолға түсіргенімен, жей алмады, себебі үстінен төніп ұшқан қоқиқаздардан тығылатын қуыс іздемесе, ойын іске асыра алмайтынын түсінді. Бір кезде әке қоқиқаз түлкінің үстіне төніп, шабуылдағанда, түлкі  аузындағы балапанды қаттырақ тістеп жіберді ме, балапан қимылсыз қалды, ал мұны көрген ата-ана шарасыз күйде жылап қала берді.
Алайда балапан тірі еді, тек қорыққаннан есінен танып қалған болатын. Түлкі қоқиқаздардан құтылдым деп, енді балапанды жемек болып жатқанда, жақын жерден иттің үрген даусынан селк етті. Ит қоқиқаз емес, түлкінің өзін ұстап алуы мүмкін, сондықтан ессіз жатқан балапанды тастай салып, түлкі қашумен болды.
Алыстан түлкіні көріп үріп келе жатқан Қайсардың  иті еді. Бүгін  Қайсарды әкесі алғашқы рет  түлкі аулауға алып шыққан болатын. Түлкі отырған жерге әкесінен  бұрын жүгіріп жеткен Қайсар мен иті  кілт тоқтап, үнсіз  қалды. Артынан келіп жеткен әкесі желкесі қанап жатқан кішкентай ғана балапанды көріп, не болғанын бірден түсінді. Қап бәлем, түлкі дегеніне жеткен екен ғой деп ойлап, балапанды қолына алды. Екі көзіне жас  үйріліп тұрған Қайсарға қарап, күлімдеп жіберді. Баласы түсінбей аң-таң. Сөйтсе, әкесінің алақанындағы балапан тірі екен, тек жарақат алыпты.
Сол күннен бастап Қайсар балапанға  қамқоршы боламын деп шешті. Оны үйіне алып барып, суға түсіріп, жем берді. Суға түсіп, өзіне келгенімен, балапан берген жемді жемеді. Оны түсінбеген Қайсар әкесіне  келді. «Балам, балапан  өз ата-анасын сағынады, ол әлі тым кішкентай ғой», — деді әкесі. «Ата анасына барса, тамақ жей ме?» — деп сұраған баласы, «әрине»,-деп жауап берді. Сүйкімді балапаннан айрылғысы келмесе де , Қайсар әкесіне : «Әке, мен балапанның ата-анасына барғанын қалаймын, апарайықшы», — деді.
Кішкене сұр балапан, шамасы, үйректің балапаны шығар, онда көлдегі үйректерге апарып қосайық, ата-анасы өздері тауып алар деп топшылаған әкесі Қайсарды ертіп көлге жол тартты. Кеше ғана қоқиқаздар мен үйректерге толы көл үнсіз қалыпты. Түлкі шабуылынан кейін қоқиқаздар  басқа жерге қоныс аударып, үйректер де ұшқалы жатыр екен.
Балапанды үйректердің арасына жіберіп, әкесі мен Қайсар үйге қайтты. Ал балапан өзі танымайтын жерде қалып қойды. Ата-анасын шақырып жылады, бірақ ешкім оған келе қоймады. Шырылдап ата-анасын іздеген  балапанға жаны ашып, ақыры бір үйрек балапанды бауырына басты. «Балақай, жылама, сенің енді отбасың мен бауырларың бар, танысып қой»,- деді. Үйректің балапандары сүйкімді кішкентай балапанды қастарына қосып,  жүзуді, су түбінен тамақ табуды үйретті.
Күндер өтіп, кішкентай сұр балапандар қауырсындары шығып құсқа айналып келе жатты. Тек біздің балапан бір нәрсені түсінер емес. Оның бойы неге ұзын? Тұмсығы неге осынша қисық біткен? Қауырсынының түсі де өзгеше?  Бірге өскен бауырлары бұны неге  бұрынғыдай ойындарына қосып ойнамайды? Неше түрлі ойлар мазалап,  тыныштық берер емес.
Осындай көңілсіз күндердің бірінде балапан аспаннан көлге қарай жалынға оранып ұшып келе жатқан көп құсты көрді. Күнге жақын ұшқаннан қанаттары жанып кеткен ғой, оларға көмек берейін, тез сумен жуайын деген оймен, балапан манағы жалынға оранған құстар қонған жерге асықты. Жүрегі алып ұшып, үлгере алмай қалатын болдым-ау деп барынша асығып келеді. Жақындап келсе, қанаты күйген құс көрінбейді.  Судың ішінде бір аяқтарын көтеріп,  жан-жағына маңғаздана қарап  әдемі  құстар тұр.           Бұл қалай болғанын түсінбеген балапан имене басып қастарына келді. «Кешіріңіз, Сіз күйіп қалмадыңыз ба?» — деп ұяла сұрады. Қасына келген сүйкімді балапанды көріп, бірақ кімнің балапаны екенін танымай тұрып қалған бір құс, «Балақай, сен кімнің  баласысың, танымай тұрғаным. Біздер қоқиқазбыз ғой, аспанда ұшып келе жатқанда қауырсындарымыздың қызыл жағы көрініп, жанып келе жатқанға ұқсайтынымызды білмеуші ме едің?»- деді. «Мен үйрекпін ғой,  менің қанатым жанбайды»,- деген балапанға таңдана қараған қоқиқаз, оны қасына шақырып алып,  «Енді суға қарашы, ұқсамаймыз ба?»- деді. Расында, судағы екеуінің бейнесі қатты ұқсайды, үйрек буырларынан да!  Осы кезде өзгеше балапанның келгендігі туралы, оның өзін «үйрекпін» деп атайтыны туралы хабар қоқиқаздардың баршасына жетіп,  ерекше балапанды көруге барлық қоқиқаздар жиналып қалады. Олардың арасында балапандарынан айырылғалы тұнжырап жүрген ата-анасы да бар. Анасының жүрегі шымырлай ма, қалай, бір түрлі күй кешіп  тұр. Қайдан келгендігін сұрастырып жатқан үлкендерге балапан әңгімесін айтып жатыр.  «Көзімді ашсам, Қайсар деген бала  тауып алыпты, ол жерге қайдан келгенім есімде жоқ, қатты қорыққанымды  ғана білемін. Қайсар мен әкесі мені  артынан көлге әкеліп үйректерге қосты, сол жерде отбасыммен табыстым», -деген  кезде, анасы «Балапаным»,-деп, қалай дауыстап жібергенін байқамай қалды. Қалған қоқиқаздар да  түлкі шауып, алып кеткен балапанның алдарында тұрғанын түсініп, балапанға шулап айта жөнелді. Балапанның есіне барлығы енді түсті, ата-анасы да, сұм түлкі де. Расында, анасын тапқанына сеніңкіремей тұрған балапанға арғы жақтан әкесі де құшағын жая ұмтылды. Қоқиқаздардың басы түгелденіп,  жоғалған балапандарын тауып, шын бақытқа кенелді.

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.